- Advertisement -

Баукеңді алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса…

196

- Advertisement -

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кітабындағы ой-толғауларын парақтап отырып, «Баукең солақай емес» деген шағын жазбаны көзім шалды. Шерағаң бүй дейді: «Тараздағы драма театрдың жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.

Бұл өте иманды іс болды.
Тұла бойы сидиған еңселі ескерткіш.
Баукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр депті.
Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Баукеңнің қылышы оң қолы жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..
Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш. Әттең бір кем дүние».
Кезінде драма театрдың жанына орнатылған Баукеңнің ескерткіші туралы талай сын айтылды. Дегенмен Шерағаң бір-ақ ауыз сөзбен нүктесін қойды. Әрі-беріден кейін батырдың ескерткішінің орнатылған жерінің өзі дұрыс емес. Ана жылы жүз жылдық мерейтойына орай Баукең рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға келген қалың жұрттан бірер сағат көлік қозғалысының тоқтағанын көрдік. Халық барда батыр Баукеңнің тас мүсініне табынушылар да, рухына тағзым етушілер де ешқашан толастамайды.
Кезінде баласы Бақытжан Бауыржанұлы, келіні Зейнеп Ахметова бар, Мекемтас Мырзахметов, Шерхан Мұртаза, бауыры Бекет Момынқұл және басқа да елге белгілі азаматтар қаладан ескерткіш орнатуға лайық бірнеше жерді ұсынғанымен, айтқанынан қайтпайтын әлдебір шенеунік қасқайып қарсы тұрыпты деседі жұрт. «Ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр» деген де сол «бастық» екен. Батырдың әруағынан қорықпағаны ғой…
Іштегі қыжыл қыж-қыж қайнап жүргенде үміт сәулесі жарқ етті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандардың тыныс-тіршілігімен танысуды Жуалы ауданынан бастап, аты аңызға айналған батырдың жерлестерімен кездескенде Баукеңнің ескерткішін өзінің атымен аталатын саябаққа көшіру туралы ұсынысын жеткізеді. Ненің де парқы мен бағасын білетін жуалылық ардагерлер облыс әкімінің ұсынысына бірден қолдау білдірді. Көп ұзамай сең қозғалып, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жабдықтау үшін жергілікті қазынадан тиісті қаржы бөлініп, жұмыс басталып та кетті.
Сонымен сәтін салса, қазақтың хас батырының ескерткіші өзінің есімін иеленген саябаққа орнатылады. Шерағаң айтқандай, жаңа мекенінде Баукең батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса ғой. Жылқы баласы – киелі жануар. Мына Ұлы Дала елін ата-бабаларымыз аттың жалында жүріп қорғаса, Бауыржан Момышұлы да Мәскеу түбінде «Лысанка» есімді атымен дұшпанға атой салды.

Амангелді ӘБІЛ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support