- Advertisement -

Жылыту жүйесінен үнем жасауға болмайды

130

- Advertisement -

Қазір Байзақ ауылындағы 300 оқушыға арналған орта мектептің құрылыс жұмыстары қарқын алған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан нысанның жобалық-сметалық құны 749394,0 мың теңгені құраса, бүгінде бөлінген қаржы тиімді игерілуде. Бұл «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы жүргізген рейд барысында анықталды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан құрылыстың сапасы, қаржылық шығындардың мақсатты жұмсалуы облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы фракциясы «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша жұмыс істейтін және облыстық партиялық бақылау комиссияларының бақылауында. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдікәрім Әбдімомыновтың мәлімдеуінше, құрылысқа өткен жылы Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен бөлінген 548,6 мың теңге толық игеріліпті. Биыл аталған нысанға республикалық және облыстық қазынадан барлығы 183,4 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.
Құрылыс жұмыстары біраз уақытқа белгілі бір себептермен тоқтап қалған көрінеді. Тиісті шаралар қолға алынған соң жұмыс осы жылғы наурыз айында қайта қарқын алған. Құрылысқа тартылған сексен адамның дені – жергілікті тұрғындар. Науқан кезінде екі жүздей адам қосымша жұмыстарға тартылады екен. Олардың орташа айлығы 70-80 мың теңгені құрайды. Осыларды тілге тиек еткен мердігер компания – «Корпорация Азия Құрылыс» ЖШС-ның директоры Алмаз Өмірбаев комиссия мүшелеріне құрылысты аралатып, толығырақ таныстырды. Ол өз сөзінде барлық жұмыстарды тамызға дейін аяқтап, байзақтық оқушылар келер оқу жылын жаңа мектепте қарсы алатынын айтып, сендірді.
– Құрылысқа бөлінген қаржы тиімді жұмсалуда. Жұмыстардың жартысынан көбі еңсерілгенін көрдік. Әйтсе де, нысанды уақтылы аяқтау үшін қызу жұмыс толастамау керек деп ойлаймын. Құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауда ұстаймыз. Әзірге бәрі қанағаттанарлық деңгейде. Дегенмен ғимараттың кейбір бөлігіндегі жылыту жүйелерінің қажетті құбырлары мен батареяларының аздығы ойландырады. Кейін бармақ тістеп қалмауды ескерттік. Оны зерделеп, нақтылауды тапсырып, белгілі уақыт бердік. Білім ордасының құрылысы аяқталғанша комиссияның назарында болады. Тағы да тексеріс жүргіземіз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Абай Нұржанов.

Жанғазы АХМЕТ
Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support