- Advertisement -

Көктем. «Көделі». Көгенбасы

172

- Advertisement -

Бағзы кездері алғаш туған төл «көгенбасы» аталып, ерекше қадірленіпті. Мал баққан жұрт тіпті оның терісін, жүнін де киелі деп санаған екен. Қазақ дәстүрінде көгенбасы болған төлді садақаға ғана сояды. Оған да мүмкіндігі болмаса, мал иесі оның сілекейін алып, басқа малға жағып, сол малды соятын да дәстүр болған. «Көделідегі» көгенбасы бастап биыл туған құйттай қошақандардың қарасы көбейе түскені көңіл қуантты. Монтиған жас төлдердің бұйығып, енелері бауырына үйіріліп, шықпай жүргені де қызық көрінеді. Көгенбасы атанған қошақанды қолымызға ұстап, жапырласа суретке де түстік.
Бүгінгі күнге дейін Марат Жақсылықов­тың иелігіндегі уақ малдың 100-ге жуығы төлдеп үлгеріпті. Оның 10-ы егіз екен. «Құлбатыр» шаруа қожалығын Қаракемер ауылдық округі аумағында 2004 жылы ашып, өз жұмыстарын алғаш кеңшардан еншілеріне тиген 200-дей уақ малмен бастаған Жақсылықовтар әулеті мал басын өз төлі есебінен еселеп көбейтуде. Қазіргі таңда иеліктерінде 800 саулық, 500 тоқты бар. Жылқы саны 60-қа жеткен. «Қысы-жазы осында отырамыз. Жайылымдық оты сұйыла бастаса, дереу қоныс ауыстырамыз. Осы аумақта үш бірдей баз салғанбыз. Жиырма мың түк шөппен, бес тоннадай жеммен қыстан қысылмай шықтық. Әлі екі-үш айға жетерліктей жемшөп қоры сақтаулы. Әйтеуір, қойымыздың қоңы тайған жоқ. Оларды төлдетуді «Көделі» көктеуінде бастадық. Бәрі де өзіміз болжамдаған мерзімге сәйкес келіп тұр. Қауырт науқанға орай бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бауырларым Байғара, Сырым, Таңаттар да майда және ірі сақпанға бас-көз болып, қолғабыстарын тигізуде», – дейді Марат.
Қырық бестегі қайың безіндей қайратты азаматтың малсақтығы, шаруақорлығы ерен енді. Мал да баққанға бітеді ғой. Үкіметтен бір тиын да несие алмай, мал өсіріп, оны өз төлі есебінен көбейтіп, осынша басқа жеткізуі – соның бір айғағындай. Қыстау басынан дүмбірлетіп зәулім үй де тұрғызыпты. Қора-жайы да жайлы. Түздегі малшының үйдегісі сайлы екені көзге ұрып-ақ тұр. Бір сөзінде «Қала жақын. Жемді де, шөпті де қотара сатып алуымызға қолайлы» деп қалды ол. Осы орайда, көпжылдық шөп егіп, жемшөп қорын өз күштерімен дайындау да ойында бар екен.
Бұл бастаманы осы сапарымыз барысында өзімізбен бірге барған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиев та қолдайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, ауданда 33 мың гектар суармалы жер бар. Шаруашылықтардың қай-қайсысы да осы алқаптарға көпжылдық шөп, ал тәлімі жерлерге ақ егіс егіп, сырттың көмегінсіз жемшөппен өз-өздерін жеткілікті қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ие.
Ең бастысы – биыл аудандағы мал отарлары «Көделіде», сондай-ақ құм өңіріндегі шұраттарда ойдағыдай қыстатылып, қыстан қысылмай шыққандығы. Ал Марат Құлбатырұлы көктемгі қой төлдетуді тиісті деңгейде ұйымдастыруда әріптестеріне үлгі болып отыр. Ол биыл өз отарында төл төгіні боларына нық сенімді. Алғашқы нәтижелер де үмітті үстей түсуде.

Бет қатталып жатқанда: облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтан сұрап білгеніміздей, өңірімізде биыл мал төлдету науқанына барлық санаттағы шаруашылықтар бойынша 1,1 миллион бас саулық түсіп отыр. Бүгінгі күнге дейін олардың 15 пайыздан астамы төлдеп, барлығы 178 347 қозы отарларға қосылған. Алыс мал жайылымы телімдері қосымша жұмыс күшімен, қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етіліпті. Науқан мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады деп межеленуде.

Баймұханбет Тоқтаров

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support