- Advertisement -

Базаркүлдің бал татыған қымызы

138

- Advertisement -

Кейде осынау ұлттық сусынымыздың «Сары қымыз – ауруға дәрі қымыз» деп мақтауын асырып жатамыз. Алайда жұрт оның шын мәнінде де шипалы екендігін енді ұғына бастағандай. Әсіресе бие сүтін жаңа сауған саумал күйінде ем үшін пайдалану жаппай үрдіске де ене бастады. Ал қымыз өндірумен 20 жылдан бері үзбей айналысып келе жатқан кәсіпкер Дінмұхамед Қабылхановтың бұл істе жинаған тәжірибесі мол-ақ. Келушілерге бие сүтін көзбе-көз сауып үлестіруде Тараз қаласындағы кәсіпкерлердің көшінің басында келеді. Қымызшылар бір сапар кеседен саумал ішіп, «оразасын» ашу үшін таңнан тұрып осы үйді бетке алады. Таңғы 7.00-ден кешкі сағат 23.00-ге дейін кезек еш үзілмейді. Бие сүтінің кесесі 200 теңге ғана. Отағасы келушілерге оны емдік мақсатта пайдаланудың тәртібін түсіндіруден де жалыққан емес. Шынында да мұнда бие сүті талай жанның бойына шипа дарытқанына көз жеткізу қиын емес. Осы үшін алғыстарын білдірушілер де көп-ақ.

Бүгінгі таңда бұл үйдің ауласында тоғыз бие екі сағат сайын тәулігіне бес-алты мәртеден сауылады. Олардың әрқайсысы бір иігенде 1,5 литрден сүт береді екен. Ал күнделікті келушілер саны 100-дің үстінде. Оларға қызмет көрсетіп үлгеру де оңай емес. Содан да бұл жұмыстарды Дінмұхамед пен оның зайыбы Базаркүл бастап, ұлдары Аслан мен келіндері Әйгерім болып жұмыла атқаруларына да тура келеді. Отбасылық бизнес осыменен шектелсе бір сәрі. Мұнда «Шөлдала» алқабындағы жекеменшік мал бордақылау кешенінде ұсталып, сауылатын қырық шақты биенің қымызы да күнбе-күн жеткізіледі. Шұбат та бар. Екі-үш күнде бір бордақыланған жылқы сойылып тұрады. Осы істің бәрін Қабылхановтар әулеті өз күштерімен және екі-үш отбасы көмегімен жүзеге асыруда.
Жалпы, Д. Қабылхановтың өзі Т. Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылының тумасы екен. Сол ауданда тоқсаныншы жылдары алғаш қымыз саудасын қыздырғандардың бірі. «Ол кезде қожалық құрған жоқ едік. Бұл істі басында 3-4, кейін 5-6 бие сауып, өнімін күбімен аудан орталығындағы базарға апарып сатудан бастадық. Соның өзіне ұялшақтайтынмын. Нарық талабына біртіндеп бейімделдік қой. Қазақы киіз үй тігіп, қымыз өткеруді жолға қойдық. Бертінде Ұлы Жібек жолы бойынан дәмхана ғимаратын салғанбыз. Ал «Аслан» шаруа қожалығын 2002 жылы аштық. Т. Рысқұлов ауданындағы фазендамызда әлі де уақ мал өсіріледі. Таразға көшіп келгенімізге төртінші жылдың жүзі толып отыр. Қазіргі заманғы талапқа сай өзімізді жарнамалаудың арқасында біраз келушілер жинадық. Бүгінде өнімімізге сұраныс күннен-күнге арту үстінде. Жағдайымыз жаман емес. Отбасылық бизнесімізді бәріміз жабыла жүзеге асырамыз. Өйтпесек, іс бітпейді. Адал бейнетімізге нәсіп берді. Осыған шүкіршілік етеміз», – дейді Базаркүл Қабылханова.
Дінмұхамедтің өзі – жасынан еңбекте ысылып, шираған шаруақор, малсақ жан. Ұлы Аслан да әке жолымен жүріп келеді. Айтпақшы, оның жас та болса қазақ боксының дамуына қосқан үлесі қомақты екенін екінің бірі біле де бермейді. Шаршы алаңда жасындай жарқылдап, талай топ жарғаны, жастар арасында екі дүркін ел біріншілігінің чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанғаны, бәлкім, құйттайынан ішіп үйренген қымыздың күші, құдіретінен бе екен. Аслан жарақатына байланысты спортпен қоштасқан екен. Бұл күнде ата-анасы бастаған қымыз бизнесін қыздыруға кірісіпті. Бүгінде оның келіншегі Әйгерім Әбжаппарова екеуінің Әби, Ералы, Нұралы атты ұлдары ата-әжесінің көзқуанышына да айналып отыр. Ал осы үйдегі үлкен қыз Ақбота Дінмұхамедқызы Алматыдағы аграрлық университеттің магистратурасын үздік дипломмен бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Бірнеше мәрте шетелдерде болған. Оның магистратураны бітірердегі дипломдық жұмысы қымыздың пайдасы мен ерекшеліктеріне арналуы да көп жайды аңғартса керек. Отбасындағы кенже қыз мектепте оқиды. Сабаққа алғырлығы, зерделілігі оның атын да алысқа танытар, бәлкім. Қымызы үзілмейтін, дастарқаны жиылмайтын, пейілі кең отбасының ұл-қыздары да саламатты өмір салтымен өсіп, өзгеше қалыптасатынының бір мысалы, міне, осындай.
Бәрінен де бедел, абыройды адал еңбекпен жиғанға не жетсін?! Базаркүл баптаған қымыздың бал татитыны да содан болар, сірә.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support