- Advertisement -

Кемшілік көп, шешімі қайда?

166

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінің өткен жылғы жұмысының нәтижесі көңіл көншітпейді. Басқа аумақтық филиалдардағы қоғамдық қабылдаулармен салыстырғанда, бұл ауданның көрсеткіштері төмен, жүктемелері аз. Атап айтсақ, былтыр онда 212 өтініш түсіп, «Электрондық қоғамдық қабылдау» жүйесіне тіркелген. Оның небәрі 62-сі немесе 29,2 пайызы ғана оң шешімін тапқан. Осындай олқылықтар партияның Талас аудандық филиалында да бар екен.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы отырысында осы және өзге де бірқатар жайттар қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша бақылау комиссиясының мүшесі, топ жетекшісі Нұржан Тілепов хабарлама жасап, партияның Талас аудандық филиалының ішкіпартиялық жұмысына жүргізілген зерделеудің қорытындысын мәлімдеді. Ол аудандық филиалдың жүйелі жұмыстарын жақсы бағалап, бірқатар кемшіліктердің анықталғанын жоққа шығармады. Айталық, партия аудандық филиалы саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросының күн тәртібіне ішкіпартиялық маңызды мәселелер қойылмаған. Атап айтқанда, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың Талас ауданында орындалуы қаралмаған болып шықты. Сондай-ақ 2017 жылы саяси кеңес бюросының жалпы алты отырысы өткізілсе, 20 наурызда өткен отырыстың хаттамасы жасалмай, тек қана қаулыларын рәсімдеумен шектелген. Өткен алты отырыста да «Нұр Отан» партиясы Жарғысы мен партия мүшесінің Әдеп кодексі талаптарын сақтау және ішкіпартиялық жұмысын нығайту жұмыстары назардан мүлдем тыс қалған.
Жиында комиссия мүшесі бұдан басқа да бірқатар кемшіліктерді жіпке тізгендей баяндады. Өз кезегінде жауап берген Талас аудандық филиалының төрағасы Досмаханбет Әлиев орын алған олқылықтардың себебін түсіндіріп, жұмыстарды жандандыруға барын салатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партия облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова сөз алып, Байзақ аудандық филиалының қабылдау бөлмесінің жұмысы және жергілікті тұрғындардан түскен өтініштерді қарау барысы туралы хабарлады.
– Биылғы олқылықтар өткен жылғы кемшіліктерден басым. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан аралығында партия Байзақ аудандық филиалының «Электрондық қоғамдық қабылдау» жүйесіне 32 өтініш тіркеліп, оның 17-сі немесе 53,3 пайызы оң шешілді деп мәлімет енгізілген. Шын мәнінде, олар шешілмеген, тек түсіндірме берілгендер де шешімін тапқандардың қатарына еніп кеткен. Айталық, несие алу жолдарын сұраған С.Әлібекова, тұрғын үй немесе жер телімін сұраған Г.Бекжанов, Ю.Товбоевтың өтініштері негізсіз электрондық жүйеге шешілген болып тіркелген, – деген Бақыт Отарғалиқызы тек филиалға келген азаматтардың мәселесімен шектелмей, тақырыптық, көшпелі қабылдаулар ұйымдастыру керектігін алға тартты.
Партияның Байзақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова кемшіліктерге көз жұма қарамай, алдағы уақытта аянбай еңбек етуге уәде берді. Жиында қаулылар қабылданып, ұсыныстар айтылды.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support