- Advertisement -

Жуалыда туризмді дамытуға мүмкіндік мол

357

- Advertisement -

Туризмді дамытуға сұранып тұрған өлкенің бірі Жуалы десек, қателеспейміз. Ауасы – таза, суы – бал. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан. Ауданды айнала басын қар шалған Алатау мен қарт Қаратау орап жатыр. Сол таулардың сылдырап аққан сан алуан бұлағы бар. Ауданның бір бөлігі Ақсу-Жабағылы табиғи қорығына кіреді.

Кезінде Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әңгімелеріне арқау болған Ақсай мен Көксай, Теріс өзендері талайды тамсандырғаны анық. Көксай каньоны мен Берікқара шатқалы да келушілерін сұлу мүсіндерімен және ғажайып табиғатымен баурап алады. Осындай бай өлкеде туристік орталықтардың аздығы өкінішті.
Бүгінгі таңда аудан аумағында Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығы мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағы жұмыс істеп тұр. «Тау самалы» 150 орынға арналған. Онда жыл сайын көктемде «Қызғалдақ» фестивалі өтеді. Өткен жылы сауықтыру орнына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынды. Ал «Солнечный берег» демалыс орталығы жыл бойы жұмыс істейді. Демалыс орталығында кафе, 10 орындық қонақ үй, киіз үйлер мен жаздық шағын үйлер бар. Нысанның егесі, жеке кәсіпкер Олег Сарафинов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 107,4 миллион теңге несие алып, демалыс аймағынан су спортын дамытуды жоспарлап отыр. Қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының астынан жаңа сауықтыру орталығы бой көтеріп келеді. Жұмысын жаңа бастаған орталыққа келушілердің қарасы мол. Арасынан шетелдіктерді де көруге болады. Ол да аудандағы туризмнің дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Одан бөлек, ауданда Кеңес одағынан қалған, бүгінде жұмысы тұралап тұрған екі жазғы сауықтыру орталығы бар. Біреуі Қаратау қойнауындағы «Жұрындысай» жазғы сауықтыру орталығы болса, екіншісі – Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері. Бүгінде «Жұрындысай» жазғы сауықтыру орталығын Билікөл ауылдық округіндегі Миразовтар отбасы алып, онда құрылыс нысандарын салуда. Олар жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық жанұялық демалыс орталығын ашпақ. Қазіргі таңда 350 миллион теңге инвестиция салынып отыр. Пайдалануға биыл беріледі деген жоспар бар. Ал Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері әзірге қаңырап бос тұр.
Қолға алынғалы жатқан «Қаралма» және «Көксай» тау шаңғысы кешендері де туристер тартуға үлкен мүмкіндік бермек.
– Біз ауданда туризмді дамытуға мүдделіміз. Өйткені ауданымыз туризмді дамытуға қолайлы жерде орналасқан. Аумағымыздан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі өтеді. Оның үстіне, Тараз бен Шымкент шаһарлары бізге тиіп тұр. Соған қарап шаңғы тебуге, демалуға келушілер аз болмайды деген ойдамыз. Бүгінде біраз жобалар қолға алынды. Мәселен, Көксайда «Қазақ ауылы – Көксай» және «Көксай» тау шаңғысы базасын жасау жоспарланып отыр. Бұл жұмыспен «Baiterek Travel Centre» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Осы жобаны іске асыру үшін инвестор ізестірудеміз. Ал осындағы архитектуралық-суреттеу жобасын жасауға немістің белгілі архитекторы Рудольф Винанде тартылған. Бұл жобалар 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асады, – дейді аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиев.
Табиғат жанашыры, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратовтың да арманы сол, сұлу табиғатқа зиян келтірмей, ел игілігіне пайдалану. Демалыс орындарын салып, туристерді ауданға көптеп тарту. Шаңғы спортын дамыту. «Өйткені біздің аудан осы спорт түрін дамытуға өте қолайлы», – дейді ол. Иә, оның сөзінің жаны бар. Қысы ұзақ. Қарашада қар түсіп (кей жылдарда қазанда), таулы аумақта мамырға дейін жатып алатыны бар. «Бірінші кезекте арнайы желі жасап, аудан және облыс кәсіпкерлеріне тамаша жерлерімізді көрсету керек. Жарнама жасасақ қана кәсіпкерлер бет бұрады. Оны бізге шетелдіктер салып бермейді. Өзімізден шыққан кәсіпкерлер салады. Оларға ең алдымен жағдай жасауға тиіспіз. Жолын салып, жарығын тартып, суын жеткізіп, қолдау көрсету керек. Жеңілдетілген несие беру жолын қарастырсақ, тіпті жақсы. Алдымен этноауыл жасап алған дұрыс. Сонымен бірге кәсіпкерлерге туризмді насихаттайтын штат ашып, насихат жұмысын жүргізсек, қызығушылар көптеп табылады деген сенімдемін», – дейді мәслихат депутаты.
Рас, бірінші кезекте жарнама керек. Бізде ол жағы ақсап тұр. Бірақ биліктің ауданда туризмді дамытуға ден қоюы барша жуалылықтарды қуантып отыр. Басталған іс жарты жолда жоба күйінде қалып қоймай, аяғына дейін барса, игі.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support