- Advertisement -

Чемпиондар шеруі

168

- Advertisement -

Жамбылдық арулар жарқын жеңістерге қалай қол жеткізді?

Жүрегі нәзік әйел заты қай кезде де бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп тұрғаны ақиқат. Әйтсе де қазақта жаужүрек арулар жетіп артылады. Отан үшін от кешуден еш қаймықпаған Әлия мен Мәншүктің, бертіндегі Ләззат пен Сәбираның ерлігін қазақтың қай жігітінің батырлығынан кем дейсіз? Жүрегі «құлқын» деп емес, «ұлтым» деп соққан қазақ қыздарын мақтамаймыз, олармен мақтанамыз.

Иә, татулық туы көкте желбіреген бүгінгі күннің де өз баһадүрлері бар. Олар алаш туы астында аянып қалмай, төрткүл дүние алдында мерейімізді тасытып, мәртебемізді үстемелеп жүр. Спортшы қыздарымыз алтыннан алқа тағынып, әнұраны­мыз шырқалғанда жанарға ыстық тамшы үйіріле қалатыны да сондықтан болса керек.
Азаттық атты ғажап құт елімізде берік орнағалы қай салада болсын табысымыз молайып, мерейіміз өсе түсті. Төртжылдықтың басты додасы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында қазақ спортшылары атой сала бастады. Олардың қатарында жүректері нәзік болғанмен, жүйкелері темірдей төзімді аруларымыз да жеткілікті. Қарсыласының қабағын бақпай, жанкүйерлердің талабын орындауға талпынып, байрақты бәсекелерде атой салған әулиеаталық арулардың қарасы қалың.
Жамбылдық чемпион қыздар туралы әлдебір жерде әңгіме қозғала қалса, ойымызға алдымен мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз Зүлфия Ғабидуллина оралатыны сөзсіз. Зүлфияны жұртшылық көбінесе Паралимпиялық ойындардың жеңімпазы деп біледі. Десе де жүзу спортының шебері 2007 жылдан бергі аралықта түрлі деңгейдегі айтулы аламандарда жасындай жарқырап, 12 мәрте әлем рекордтарына түзету енгізген болатын. Ел ішіндегі додаларды қоспағанда Зүлфия Рио Паралимпиялық ойындарының тұңғыш чемпионы атанып қана қоймай, Бірікккен Араб Әмірліктерінде өткен дүниежүзілік ойындарда, Ұлыбританияда жалауы желбіреген лицензиялық турнирде топ жарды. Жалпы ол дүниежүзілік ойындарда төрт мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Әлем чемпионаттарында да жасындай жарқырап жүрген жерлесіміз алтын жүлдемен қатар, күміс, қола медальді де мойнына ілді. Талай асуларды алқынбай бағындырған Зүлфия Ғабидуллинаның ендігі мақсаты – Токиода өтетін Паралимпиялық ойындарда екінші рет алтыннан алқа тағыну.
Жамбыл жерінде жұдырығы жойқын боксшы арулар да баршылық. Олардың көшін кәсіпқой бокстағы қазақ қыздарының тұңғышы Фируза Шарипова бастап тұр. Әйгілі менеджер Сергей Завилейский жерлесімізді бір емес, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы етті. Кәсіпқой рингтегі мансабын 2016 жылы бастаған Фируза Астана қаласында өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы бокс кешінде болгар аруы Милена Колеваны ұтып, жеңіл салмақта өзінің шын мықты екенін әйгіледі. Осылайша ол WBU және WIBU тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп, қазақстандық арулар арасынан шыққан кәсіпқой бокстағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде есімін тарихқа алтын әріптермен жазды. Шаршы алаңдағы ширақ қимылдарымен талайларға таңдай қақтырған Фируза мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қайта қаһарына мініп, шеберлігін шыңдай түсті. Бұдан кейін Алматы қаласында бельгиялық Джемилла Гонтарюкпен қолғап түйістіріп, жартылай жеңіл салмақта IBO және WBC (silver) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие болды. Қарсыласын он раунд бойы соққының астына алған Фируза тарихқа түзету енгізіп, алғаш рет екі салмақта өз мықтылы­ғын айқындады. Чемпион қыз Фируза Шарипованың менеджері Сергей Завилейский Таразға сапарында: «Біз Фирузадан чемпион жасай алдық. Енді бизнес империя құрамыз. Айталық, ілгеріде америкалық промоушндар келісімшарт жасасуға 1-3 миллион доллар берсе, енді 15-20 миллион доллар ұсынатын болады», – деген еді. Әйгілі Майк Тайсонның бапкері болған Бадди Мак Гриттің өзі қазақстандық боксшыға қызығушылық танытып жатқаны көп жайттан хабар берсе керек. Тіпті жамбылдық боксшыға әйгілі «Игра престолов» фильміне түсу туралы ұсыныс жасалған да болатын. Түйіп айтқанда, Шарипова шығатын шың әлі алда.
Әуесқой бокс әлемінде де үміт артатын қаракөздеріміз аз емес. Үндістанның Гувахати қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қоржынымызға қос медаль түскен болатын. 81 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Арайлым Бегділда қарсыластарының барлығынан айласын асырып чемпион атанса, 51 килограмм салмақтағы Жансая Әбдірайымова қола жүлдені иеленген-ді. Әлем чемпионатында тәжірибе жинап, шеберліктерін толыстырған Арайлым мен Жансаяның болашағы зор екені анық.
Біршама уақыт бұрын каратэ-до спортының Олимпиада ойын­­дарының бағдар­ламасына енгенінен хабардар болғанбыз. Аталмыш спорт түрінде атой салған Гузалия Гафуровамен қалай мақтансақ та болады. Гузалияның ел біріншілігіндегі жетістіктері өз алдына бір төбе екені белгілі. Қазақстанда қарсылас шыдатпаған Гузалия Азия кубогі мен әлемдік сында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Жерлесіміз бұл жетістігіне тоқмейілсіп, тоқтап қалған жоқ. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында 68 килограмм салмақ дәрежесінде жарыс жолына шығып, алтын жүлдені қоржынымызға салды. Осыдан біршама уақыт бұрын отбасын құрған Гузалия Гафурова бүгінде аяулы ана атанып отыр. Мақаланы жазу барысында біз Гузалияға хабарласып, үлкен спортқа қайта оралу туралы ойын білген едік. «Әрине, спортшы болған соң жарыстарды сағынасың, байрақты бәсекелердің жөні бөлек қой. Оның атмосферасы да ерекше болады. Отағасы Әділет Үсенбаев та осы спортпен шұғылданады. Раяна есімді қызымыз бар. Қаңтар айынан бастап спортқа қайта оралып жатырмын. Алдағы уақытта жанкүйерлерімді жеңістеріммен қуантсам деген ой үстінде жүргенім рас. Бәріне уақыт төреші», – деді ол өз ойымен бөлісіп. Талай аламандарда ел намысын абыроймен қорғаған жерлесіміздің кәсіби мансабын қайта жандандыратынына біз бек сенімдіміз. Әлбетте, 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына дейін қатарға қосылып, төртжылдықтың басты жарысында алтыннан алқа тағынса деп те армандаймыз. Дегенмен Гузалияның өзі айтпақшы, бәріне де уақыт төреші.
Өңірдің ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшы қыздарымыз көп-ақ. Олардың барлығын бір шағын мақалада қамти алмайтынымыз анық. Қалай болғанда да әлемдік сындарда қатарынан оза шауып, жүлде алып жүрген аруларымызбен біз қашанда мақтанамыз. Жүректері елім деп соққан жамбылдық чемпион қыздарға мерекеде береке тілей отырып, алар асулары биік болсын дегіміз келеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support