- Advertisement -

Айыр қалпақты ағайынның ықыласы

183

- Advertisement -

Таразға Талас облысының делегациясы келді

Қазақ пен қырғыз елдері ежелден туыс, бауырлас ел десек, біздің өңірдің көршілес жатқан Талас облысымен қашанда ынтымағы жарасқан. Биыл қаңтар айында жамбылдық делегация Талас облысына ынтымақтастық-достық сапарымен барып қайтқан болатын. Көктемнің алғашқы күні айыр қалпақты ағайынның бір тобы облысымызға жұмыс сапарымен келді.

Достық-ынтымақтастық пейілмен келген Қырғыз Республикасы Талас облысының делегаттарын «Айша бибі» кеденінен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай бастаған азаматтар қарсы алды. Көршілес елдің бұл сапары біздің мемлекетте Елбасының бастамасымен мерекеленіп жүрген 1 наурыз – Алғыс айту күніне дөп келді. Халқымыздың дәстүріне сай ұлттық тағам ұсынған қыздарымыздың қолынан дәм татқан меймандар ризашылықтарын білдіріп жатты. Мұнан соң айтыскер ақын Ернұр Бейсенов қонақтардың құрметіне арнау айтып, жырдан шашу шашты.
Осылайша зор ықыласпен басталған салтанат «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Достық» үйінде жалғасты. Қадірлі қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қарсы алды. Содан кейін түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық аспаптарымен өнер көрсетті. Мәселен, өзбектің дойра, тар, кәріс ұлтының чанго, қазақтың домбыра, сырнай, қырғыздың қомыз сынды ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен шыққан әсем әуен ырғағы меймандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айырқалпақты ағайын қазақ халқының ұлттық ойындарына, қолөнер шеберлерінің туындыларына тәнті болып, өзге ұлт өкілдері салған суреттерді қызыға тамашалады.

Іссапар «Рахмет саған, туған ел!» атты мерекелік концертпен жалғасты. Шара басында өткен ғасырдың бастапқы кезінде 1,5 миллион өзге ұлт өкілдерінің қазақ даласын паналап келген сәтін бейнелейтін шағын деректі фильм көрсетілді. Кейіннен мектеп оқушылары қонақтарға гүл шоқтарын ықыласпен ұсынды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтау сөз сөйлеп, жұмыс сапарымен аудандарда жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің делегаттарға деген ыстық сәлемін жеткізді. «Біз бөлек бұтақ болсақ та, тамырымыз, тарихымыз бір. Сондықтан сіздермен қашанда іскерлік байланыста болуға әзірміз. Біздің ниетіміз – достық, бірлік. Сапарларыңыз біздің елдегі Алғыс айту күніне дөп келіп тұр. Сіздерге де достық пейілдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді», – деген Ерқанат Нұрбапаұлы Қырғыз делегациясына жыр алыбы – Жамбыл Жабаев бейнеленген кілемшені сыйға тартты. Қонақтар тарапынан Талас облысы губернаторының орынбасары Азият Жарқынәлиева сөз алып, жиналған көпшілікті Алғыс айту мерекесімен, Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күнімен құттықтады. Талас өлкелік телеарнасының директоры Ермек Үмбетов, Талас облыстық музыкалық драма театрының директоры Қуан Естебеков сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Олар жамбылдықтарға «Манас» кітабын сыйға тартты.
Шара барысында облыстық филармонияның әншісі Оңал Азаматова қырғыз әні «Саройымды» шырқағанда, қонақтар ерекше құрмет көрсетті. Ағайынды Сұлужан Әбенова мен Марғұлан Әлпейісов орындаған қырғыздың халық әні «Арман-ай» да жиналғандарды толқытқаны анық. Соңынан сахнаға көтерілген қытай этномәдени бірлестігінің «Эдельвейс» және «Гунча», «Үкілім-ай» балалар би тобының өнерлері де қонақтардың көңілінен шықты. Мектеп оқушылары көрсеткен музыкалық бағдарламаны делегация өкілдері зор ықыласпен тыңдады. Концерттік бағдарлама барша өнерпаздар қосылып орындаған «Астана» патриоттық әнімен мәресіне жетті.
Түс ауа Талас облысынан келген қонақтар Тараз қаласының бірқатар көрікті жерлерін және тарихи орындарды аралап, өңірдің тынысымен танысты.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support