- Advertisement -

Ел біріншілігінен екі алтын бұйырды

135

- Advertisement -

Ақтау қаласында еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Аталмыш додаға еліміздің әр қиырынан өз салмақ дәрежесінде атой салып жүрген кілең мықты саңлақтар қатысып, жарыс көркін қыздырып бақты. Жалпы алғанда ел чемпионаты тартысты белдесулерге толы болды.
Екі жүзге жуық сайыпқыран топқа түскен дуы басым додаға біздің облыстан 16 спортшы қатысып, жүлде жолында жанталасты. Әрине, Ақтау төрінде төселген бозкілемде барлық балуандарымыз қатарынан оза шапты дей алмаймыз. Өйткені ел біріншілігіне кез келген спортшы жеңіс тұғырынан көрінуге барады. Ал бәсі биік жарыста қарсыластар аянып қалмасы белгілі. Әйтсе де жамбылдық оғландар Қазақстан чемпионатынан үш жүлдемен оралып отыр.
Білікті бапкер Руслан Сексенбаев жаттықтыратын өңір сайып­қырандарына ел чемпионатында екі алтын жүлде бұйырды. 92 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Юнус Гафуров өзінің нағыз бабында екенін бозкілемде дәлелдей білді. Әр белдесуде қарсыластарының осал тұсын таба білген Юнус алтын жүлдені мойнына іліп, мерейі тасыды. Сондай-ақ 110 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Ислам Тагиров та білгенінен жаңылмай, чемпион атанды. Ал 48 килограмм салмақтағы саңлағымыз Дәулет Әмірхан қола жүлдені қанағат тұтты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support