- Advertisement -

Қайырымдылық – халқымызға тән қасиет

130

- Advertisement -

«Қайырымдылық – қазаққа тән қасиет» деген сөздің жаны бар екенін айтады Қаратау қаласындағы кәріс этномәдени орталығының төрайымы Е.Цой. «Біздің ата-бабаларымыз осыдан 80 жыл бұрын Қиыр Шығыстан Орта Азияға күшпен қоныстандырылған екен. Әке-шешем әуелгі кезде Қызылордаға, одан кейін Жамбыл облысына қоныс аударыпты. Мен Қызыләуіт ауылында туып-өстім. Мектепті осында бітірдім. Кейін Қаратау қаласына көшіп келдік. Тұрмыс құрып, бүгіндері үлкен әулетке айналдық. Отбасымда алты ұлттың өкілі бар. Барлығымыз да бізді жатсынбай бауырына басқан қазақ ұлтына алғыс айтудан жалыққан емеспіз. Өзім зейнетке шықсам да, мүгедектер қоғамын басқарамын. Әлжуаз отбасыларына қайырымдылық жасау үшін әлеуметтік дүкен аштым. Сондағы байқағаным, қазақ ұлтының өкілдері өздеріне тән қайырымды қасиеттерінен айнымай, дүкенге киім-кешектер, азық-түліктер әкеліп өткізіп, ылғи да белсенділік танытып жүреді», – деген бірде өткен күннен сыр ақтарып.
Негізінде досқа құшағы ашық қазаққа өзге ұлт өкілдерінің құрметі қашанда сезіліп тұрады ғой. Кезінде тағдырдың теперішін көрген ұлттар мен ұлыстарға пана болған халқымыздың бүгінгі ұрпағы әлі де көптеген мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, қайырымдылық жасап келеді. Солардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаты, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бас директоры Мұратқали Сәрсенов пен «Шолақтау» тау-кен өндеу кешенінің өндіріс жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Құдияр Омаровты атап өтуге болады.
Жақында ғана қаладағы Ғани Мұратбаев көшесі, №3 үйдің тұрғыны Н.Барақбаев өтініш айтып, депутаттардан үйлеріне газ құбырын тартқызып беруге көмектесуді сұранған еді. Көптің тілегін жерге тастамаған азаматтар 125 метр құбыр алып беріп, Қаратау қалалық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Әбдірақым Жұмаділов монтаждау жұмысын жүргізіп, газ құбырын тартып берді. Барлық жұмыс тегін атқарылды. Ал қаладағы С.Сейфуллин орта мектебінің ұжымы (директоры Марина Рысқұлбекова) 180 мың теңгеге газ плитасын сыйлады. Екінші және үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Несіпкүл Барақбаева мен оның күйеуі Нұржан Барақбаев қысылғанда көмек қолын созған қайырымды жандарға дән риза.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Қаратау қаласы,
Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support