Шудағы «Шағын Қазақстан»

Шудағы «Шағын Қазақстан»
ашық дереккөз
Шудағы «Шағын Қазақстан»

Жаңажол ауылында жиырмадан аса ұлт өкілі тұрады. Үш мыңға жуық тұрғынның, тек үштен бірі ғана қазақтар. Тірлігі түзу, татулығы тіптен ерекше. Қай ұлттың өкілі болса да қазыналы қарттарына құрметпен қарайды. Ал жастар ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтауға тырысады. Жасы да, қариясы да қазақ тілін жетік меңгерген, әдет-ғұрыптарын да жақсы біледі. Сондықтан да, бұл ауылды «Шағын Қазақстан» деп атауға болатындай-ақ. Өйткені бір ғана шағын ауылдың тірлігіне қарап отырып, көп ұлтты Қазақстан мемлекетіндегі бейбіт тіршілікті көргендей боласың. Бұл ауыл жергілікті қазақтардан бөлек, әзірбайжан, қырғыз, украин, латыш, башқұрт, орыс, түрік, қарашай, белорус, татар, авар, иран, өзбек, ұйғыр, ингуш, неміс, дүнген және удмурт ұлттарының құтты мекеніне айналған. Бір қызығы, осындағы бір ғана Тәңірберген Тәжіұлы көшесінің өзінде 12 ұлттың өкілі тұрады екен. Олардың қатарында кезінде тоталитарлық жүйеден көп жапа шеккен халықтың бірі поляк ұлтының өкілдері де бар. Сан қилы тағдыр иелері әлем картасының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес одағын көктей өтіп, қазақ еліне қоныс тепкен. Кең пейіл, жомарт көңіл қазақтардан пана тапқан. Олар бір-бірімен ағайын-туыстай біте қайнасып, ауылдың дамуына барынша өз үлестерін қосып келеді. Бір шаңырақ астында түтін түтетіп отырған түрлі ұлт өкілдерінің осындай біртұтастығына қарап сүйсінесің. Жаңажолда сонау алыстағы Қап тауындағы халықтардың бірі шешен ұлтының да өкілдері тұрады. Олар ауылдың тұрмыс-тіршілігіне дән риза. «Беташар, қыз ұзату, ас беру, айт мерекесі, наурызкөже тарату сынды ұлттық мерекелерде қазақ ұлтының қуанышын үнемі бөлісіп келеміз. Тыныштық бесігі – ауылымыздың қара шаңырағы аман болсын, қазақ халқының кең пейіліне алғысымыз шексіз», – дейді Казбек Расаев есімді шешен ұлтының өкілі. Тұрғындармен әңгімелескенімізде, мұнда бірнеше ұлттан құралған отбасылар да бар екенін білдік. Соның бірі – қазақ азаматына тұрмысқа шыққан Махсуда Палванбаева. «Он бес жыл бұрын Тараз қаласынан отбасымызбен осында көшіп келдік. Өзім өзбек ұлтының өкілі болғаныммен, жолдасым да, күйеу балаларым да қазақ. Отбасымызда қазақ ұлтының барлық жөн-жоралғыларын, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын берік ұстанамыз. Тек қазақ тілінде сөйлесеміз», – деп сыр ақтарды ол. Тәңірберген көшесінде 40 жылдан аса уақыт тұрып келе жатқан Валентина Тастанқұлова есімді орыс ұлтының өкілі жары қазақ болғандықтан, өзін де қазақ санайды. Миразиз Баширов: «Арғы аталарым талыш тайпасынан тараған. Саяси қуғын-сүргін кезінде «Дружба» совхозына қоныс аударылған. Аш-жалаңаш, баспанасыз жатқан күндердің бірінде салт атты бір қазақ келіп жөн сұрап қайтқан екен. Мән-жайды ұққаннан кейін қайта айналып келіп, бір қап картоп беріпті. Уақыт өте келе оларды арбаға салып алып, қазіргі «Қосқұдық» мөлтек ауданына өздерімен бірге көшіріп әкеп, баспанамен қамтыпты. Атам әр уақытта қазақ халқына шексіз ризашылығын білдіріп отыратын», – деп ағынан жарылды. Бірлік бар жерге құт-береке даритыны белгілі ғой. Міне, бүгін біз куә болып отырған осы ауылдағы­лардың бақытты өмірі – соның көрінісі. Жаңажолдықтар өзін де, өзгені де сыйлай біледі, өздері өте тату тұрады.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар