- Advertisement -

Мал тұқымын асылдандыру – басты мақсат

238

- Advertisement -

Еліміздің ұзақ мерзімді дамуының бағыт-бағдары айқындалған «Қазақстан – 2050» стратегиясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, таяу жылдары ет экспорттауды 60 мың тоннаға жеткізу секілді міндеттер алға қойылғаны белгілі. Бұл маңызды міндеттерді іске асыру көп жағдайда асыл тұқымды мал басын көбейтумен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жоғары бағалы ет өндіруші бұқаларды өсіріп, өткерумен айналысатын шаруашылықтар жұмысына байланысты болмақ.

Жуырда, міне, осы мәселеге байланысты қазақтың ақбас тұқымды сиыры республикалық палатасының өкілдері ауданымызға келіп, облысаралық семинар-кеңес өткізді. Оған Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың басшылары мен өкілдері қатысты. Семинар мүйізді ірі қара малының асыл тұқымдарын сақтау және көбейту жұмыстарын ұйымдастыруға, оларды сәйкестендіру тақырыбына арналды.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқтала келе, сөзді Қазақтың ақбас тұқымды сиыры республикалық палатасы директорының орынбасары Қанат Ыдырысовқа берді.
Қанат Жаңабекұлының айтуына қарағанда, еліміз бойынша қазақтың ақбас тұқымды сиыры өткен ғасырдың 90-жылдары 1 миллионнан асқан болса, одан бергі жиырма жыл ішінде 86 мыңға дейін азайған. Қазіргі таңда республикамызда ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының 10 тұқымы өсірілуде. Ақбас сиыр олардың ішіндегі ең көп тарағаны. Еліміздің табиғи-климаттық жағдайларына ең жақсы бейімделген тұқым да осы.
Бүгінде республика бойынша 1 305 шаруашылық малдың осы түрін өсірумен шұғылданады, олардағы жалпы мал басы саны 176 мыңды құрап отыр. Олар бұрынғы асыл тұқымды мал өсіруші зауыттар мен жаңадан құрылған шаруашылықтар.
Қазір республикалық палатаның алты өңірде өкілдіктері жұмыс істейді. Палата шаруашылықтардағы мал тұқымын асылдандыру барысын бақылау мақсатында технологиялық тексерулер де жүргізеді. Селекциялау жұмыстары малдың шығу тегі анықталмай жүргізілмеуі тиіс. Осының салдарынан қазақтың ақбас сиыры тұқымының сапасы төмендеген. Одан бөлек, сапалық бағалаудан өткен бұқалар жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлердегі мал тұқымдарын асылдандыру орталықтарына бұқашықтар алынып, тұқымдары сапалық бағалаудан өткізілуде. Осы әдіспен соңғы екі-үш жылда 2 мыңнан астам бұқашық сынақтан өтпек. Мұнда бұқашықтар ұрпақтарының қасиеттеріне қарай бағаланатын болады. Егер асыл тұқымды малдың төлі оңды нәтижелер көрсететін болса, ұрпағының сапасы бойынша бағаланған бұқа мәртебесін алады. Содан кейін оларды мақұлдап, «өндіріске» қоюға болады.
Басқосуда, республикалық палатаның селекциялық жұмыс жөніндегі менеджері Александр Семенов шаруашылық басшыларының назарын мал басын сәйкестендіруге, етті тұқымды өндіруші-бұқаларды бағалау әдістерін жетілдіруге аударды. Ал Қанат Ыдырысов палата атынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданып, асыл тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және сапасы бойынша бағалауды тексеруді ұйымдастыру стансаларын аймақтық құрылым түрінде өңірлерде бір жерден ашып, оларға қолдау көрсету сұралғанын жеткізді. Мұндай стансалардың көбеюі еліміздегі ет экспортының әлеуетін көтеріп, экономиканың дамуына серпін бермек.
Жиын одан әрі сұрақ-жауап түрінде жалғасып, ұйымдастырушылар шаруалардың қойған сауалдарына жан-жақты жауап қайтарды.
Семинардың тәжірибелік бөлігі Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасында жалғасты. Мұнда жиынға қатысушылар серіктестіктегі өндіріс үдерісімен, асыл тұқымды мал күтімімен, селекциялау жұмыстарының барысымен танысты.

Абылайхан СӘРСЕН,
журналист

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support