- Advertisement -

Қаламгер Рахымжан Отарбаев дүниеден озды

178

- Advertisement -

Есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев 62 жасқа қараған шағында бақилық болды. Оның қаламынан туған «Шер», «Жайық жыры», «Жұлдыздар құлаған жер», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім» «Отверженный мир» сынды прозалық шығармалары талай ұрпақтың әдебиетке деген махаббатын оятқаны сөзсіз. Аталмыш кітаптар – әдебиеттің алтын мұрасы.

Ғасырға азық болатын туындыларды дүниеге әкелген Рахымжан есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріптермен әдіптелетіні сөзсіз. Алты алаштың айтулы жазушысының қаламынан туған 2 томдық таңдамалы шығармалары да оқығанға рухани азық. Сондай-ақ Рахымжан Отарбаев жазған құнды дүниелер Қытайдың «Ұлттар» баспасынан екі тілде екі том болып жарыққа шыққаны мәлім. Ресейдің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген және қырғыз тілінде шыққан кітаптары тек қазақ жұртының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығын тудырған еді. Тіпті кейбір шығармалары араб, түрік, ағылшын тілдерінде жарияланған болатын. Жазушының «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Сырым батыр» секілді өзге де пьесалары еліміздің және шет мемлекеттердің театрларында сахналанып, алаш рухын аспандатқан-ды.
Ол саналы ғұмырында түрлі беделді қызметтерді атқарды. Қандай қызметте жүрсе де, әдебиетке деген адалдығынан айныған емес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әдебиет жайлы ой орамдарын жастарға үнемі айтып отыратын. Жан дүниесі жастармен бірге еді. 1956 жылдың 19 қазанында Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданында дүниеге келіп, алты алаштың мақтанышына айналған әйгілі жазушының әлі де халқына берері көп еді. Амал нешік?! Енді оқырманы оның шығармаларымен ғана тілдесе, сырласа алады. Бақұл бол, алаштың ардақты ұлы!

«Аq jol» газетінің редакциясы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support