- Advertisement -

Бөлтірік шешен құрметіне ескерткіш орнатылса…

200

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек екендігін жеткізген. Сол жақсы қасиеттердің бірі – туған жерге және бабалар рухына деген адалдық. Шу жері – талай тарихтың сырын шерткен қасиетті жер. Керей мен Жәнібек Шу бойына Қазақ хандығының туын тігіп, Мәңгілік Ел болуға белін буған жер – әз Төле би бабаның ақылымен нұрын шашып, талай дүлдүлдердің ізі қалған Ұлы Дала елі. Осы бабалардан мирас болып қалған, қасиетті туған жеріміздің әр тасын, әр бұтасын аялап, бабалар дәстүрін жалғастырып, рухын асқақтату қазіргі ұрпақтың еншісінде деп білемін.
Елбасының «Мәнгілік Ел» идеясы жастарымызды отансүйгіштікке, ұлттық құндылығымызды ұлықтап, патриотизмге тәрбиелеу және сыртқы жат идеологияларға қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру болып табылады. Сол себепті өз батырларымызды, елге еңбегі сіңген тұлғаларымызды мүсін-ескерткіштер арқылы ұлықтап келеміз.
Шу ауданында Төле би бабамызға, ақ сауытты Ақша батырға, Кеңес Одағының Батырлары Сәду Шәкіров, Саттар Естемесов және Балуан Шолақ, Тұрар Рысқұлов сынды даңқты аталарымызға, белгісіз солдат, Ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіштер және «Данқ», «Жастар аллеялары», «Ерке сылқым» күйіне орнатылған ескерткіш ауданымызға әр беріп, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелейтін игі іс болды. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дейді Елбасымыз.
Мен де ауданымыздың жанашыры, өнер адамы ретінде Шу қаласы, яки аудан орталығы Төле би ауылына рухымызды асқақтататын, аттың үстінде отырған, заманауи үлгіде жасалған, композициялық құрылымы ерекше, тарихи тұлғаға арналған ескерткішті көргім келеді. Өйткені еліміздің түкпір-түкпіріндегі аттың үстінде отырған батырларға жасалған ескерткіштер, композициялық құрылымы жағынан бір-бірінен айнымайды, барлығы бір қолдан шыққандай. Тарихи тұлғаны тандау да жауапкершілікті талап ететін жауапты іс. Менің көзқарасым бойынша, аттың үстінде отырған ескерткішке алты алашқа мәлім, халықтың сөзін сөйлеген, ел бірлігін көксеген, рухымызды асқақтататын тарихи тұлға болу керек. Бұл мәртебеге өзі би-шешен әрі батыр, қазақ тарихында халықтық-мемлекеттік тұғырдағы қайраткер тұлға, 1771 жылы Шу жерінде дүниеге келген Бөлтірік Әлменұлы лайықты дер едім. Жолбарыстың терісін сүйреткен Бөлтірік шешеннің ақыл-парасатын, қара қылды қақ жаратын әділдігін, қайсар мінезін паш ететін образы мүсіндік бейнеден табылып, шешендік, нақыл сөздері монументтің қасына гранит тасқа жазылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қали ҚОРАЛАСБАЕВ,
суретші, мүсінші, халықаралық және республикалық қоғамдық
орден және медальдардың иегері

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support