Ақылгөй

Ақылгөй
ашық дереккөз
Ақылгөй

қарияларымыз қайда?

Жақында «Жас Алаш» газетінде белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев «Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж болып жүр» деп жазыпты.

Расында, зиялы деп жүрген қазіргі кей қарияларымыз – шенді басшылар алдында жағымпаздана жалпаңдап, шындықты жалтарып, басшыларымызды жерге сыйғызбай күлдіреген көпірме сөзбен өтірік мақтау, көлгірсу, кең далада жел қуған ебелектей ебелектеп, құрдай жорғалап, кезекті ұпай жинап, жақсы көріну немесе баласын, қызын, туысқанын қызметке қойғызу, жақсы жерден пәтер алу және тағы басқа жағдайын жақсартып алуды өмірлік мақсат көретіндей. Бұл – қазіргі қоғамдағы жиренішті пиғыл, тіпті қасірет десек те болады. Оларға көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаханов «туфли жалағыштар» деп ат қойған. Қаламызда, облысымызда, ортамызда болып жатқан жағымсыз істерді олар көрсе де, көрмегендей болып жүретіндері несі? Онысы – жағымды адами қасиетке жата ма? Неге солар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, көріп отырған кемшіліктерін, қарапайым елдің мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын басшылар алдында қадап-қадап, өмірдің шындығын, олардың кемістігін ашық айтпайды?! Кімдерден жасқанады? Астымдағы арғымақ атымды, отырған жылы тағымды алып қояды деп қорқа ма? Енжарлық, бойкүйездік, тоңмойындық, немкеттілік, жалтақтық, берекесіздік, шарасыздық осындайдан тумай ма? Елдің сөзін солар сөйлемегенде, кімдер сөйлеуі тиіс? Халқының санасына нұр құйған, жүрегіне нәр берген, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, елінің жарқын болашағын ойлай жүріп, жұрты үшін отқа түскен, етігімен су кешкен, тіпті жанын пида еткен бұрынғы саналы, ұлтжанды, парасаты мол, рухы биік асыл аталарымызды, бабаларымызды осындай кезде еріксіз еске аласыз... Ертеректе белгілі орыс жазушысы А.П.Чехов: «Бүгінгі орыстар екі нәрсемен күресіп жүр. Бірінші – әйелдерімен, екінші – арақпен», – деп жазыпты. Сол сөзді қазіргі заманның талабына сай былай деп өзгертсек болады: «Қазіргі қазақтар екі нәрсемен күресіп жүр. Біріншісі – ана тілі тұрғанда, оны менсінбей, мойындамай, өз тілін өзегінен теуіп, жерініп, орыс тілінде сөйлейтін қазақтармен, екінші – қоғамымызды жаулап алған жемқорлық пен жағымпаздықпен». Оларға қашан шектеу келетінін, қалай аластап-арылары­мызды бір Алла біледі. Әзірше «түлкі заман» мысымызды басып тұр-ау... Бұл ерте ме, кеш пе – айтылатын дүние. Өмір бір орнында тұрмайды. Заман әлі өзгерер, халықтың үміті орындалар. «Судың да сұрауы бар» деп, қазақ бабамыз бекер айтпаған. Ендеше, бұл өтпелі алма-ғайып дүрбелең дүниенің де, қоғамымыздың басына түсіп отырған қазіргі ауырытпалықтың да түбінде Алладан сұрауы болатынын ұмытпайық. Оған кәміл сеніңіздер. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің биылғы халыққа Жолдауы арқылы жұрт алдына көптеген күрделі мақсаттар мен міндеттер жүктеп отыр. Оны іске асыру біздің, көпшіліктің және Үкімет пен басшылардың қолында. Қолдауды талап етеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да біздерге көп жауапкершілік артып, тың жоспарлар мен ойлар туғызуда. Қазіргі «Туған жер» бағдарламасы да уақтылы көтерілген, көп­ші­ліктің қолдауын қажет ететін жағымды бастама. Ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық код секілді құндылықтарымызды жаңғыртып, өмірімізбен бірге қоғамда орын алып отырған кемшіліктерден арылу басты міндеттеріміздің бірі деп есептеймін. Саналы ғұмырын еліміздің экономикасын, мәдениеті мен өнер­кәсіптерін дамытуға арнап, жұрттың мұң-мұқтажын, тілегі мен ренішін бөліскен ортамыздағы зиялы қарияларымыз бұған не дейді?

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар