- Advertisement -

Жолдың жайы жақсара береді

153

- Advertisement -

Өңір экономикасының дамуы жол жағдайына да тікелей байланысты. Сондықтан облыста жылма-жыл автомобиль жолдары саласына қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Облысымызда қолданыстағы жолдар мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 9608 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдар – 1237, облыстық маңызы бар – 1943, аудандық мәндегі – 1913, елді мекен көшелері – 4 515 шақырым.
Былтыр жол жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бюджет көздерінен 11,2 миллиард теңге бөлінді. Оның 2,8 миллиард теңгесі облыстық, 5,5 миллиард теңгесі аудандық маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелеріне жұмсалды. Ал 2,9 миллиард теңге Тараз көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталды.
Мұнымен қоса, жергілікті маңызы бар және елді мекен көшелеріне 18 шақырым жаңа жол төселді. Оның 6,06 шақырымы – асфальтты, 11,9 шақырымы – шағал жол. Олардың 14,4 шақырымы қайта жаңғыртылса, 2,7 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Ал орта жөндеу жұмыстарымен 385,7 шақырым жол қамтылды.
Сонымен қатар, автожолдардағы 3 көпірге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тағы 3 көпір қайта жаңартылды, 4 құбыр орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, облысымыздың тарихи-мәдени орталықтарының инфрақұрылымын дамыту және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы 476,7 миллион теңгеге «Ақыртас» сарайы мен «Тау самалы» туристік кешеніне алып баратын жалпы алғанда 10,3 шақырым автожол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Тараз қаласындағы Айша бибі көшесіндегі құрылысы аяқталмаған жол көпіріне де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Айша бибі көшесі түгелімен кеңейтілді.

Бүгінде бұл жобаның жалғасы ретінде ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Тараз қаласын Қырғызстан шекарасына оңтүстіктен айналма автожолы» құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 70 пайызды құраған болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 75,5 пайызға, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 77 пайызға жеткізілді.
Жалпы, Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін аталған көрсеткішті 81,5 пайызға жеткізу көзделген.
Ағымдағы жылға келер болсақ, өңірді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл мақсатқа биылғы бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдарға
3,1 миллиард, аудандық мәндегі автожолдар мен көшелерге 4,0 миллиард, Тараз қаласының көшелеріне 2,0 миллиард теңге қаралып отыр.
Ал нақтырақ тоқталсақ, бөлінген қаражаттар есебінен ағымдағы жылы елді мекендерге 24,2 шақырым шағалды жол салу, 271 шақырым автожол мен 113 шақырым көшені орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ
1 көпір құрылысы мен 2 жол өткелін қайта жаңғырту көзделуде.
Автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына биыл 152,5 миллион теңге қаралған. Жалпы, аудандық жергілікті атқарушы органдар және 15 мердігерлік мекемемен жолдардағы қауіпті бөліктер мен асулардағы көктайғаққа қарсы 11156 тонна құм, 1524 тонна тұз, 144 бірлік арнайы жол техникасы дайындалған.
Сондай-ақ қыс мезгілінде облыстық автожолдар ішінде ең күрделі 10 шақырымды құрайтын «Б.Момышұлы – Қошқар ата – Қызтоған» бөлігіне қардан қорғаушы қалқандар орнату жұмыстары жалғаса береді.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
облыс әкімдігінің құрылыс,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасы басшысының орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support