- Advertisement -

Бір мектептен түлеп ұшқан…

184

- Advertisement -

Мырзекеңнің Ақтөбе елді мекенінің тұрғындарына арнап берген ауызашарында сексеннің сеңгіріне шыққан үш сыныптастың бір-бірін қағытып, орайы келгенде сөзбен түйреп өтіп, жарасымды әзілдесіп отырғанын көргенде қызыққанбыз…

Үш сыныптас деп отырғанымыз – Мырзатай Жолдасбеков, Илья Жақанов және Тоқташ Шахалдарова. Алғашқы екеуінің есімі исі қазаққа жақсы таныс. Ал Тоқаш Сәметқызы – солардың бозбалалық шақтарының куәсі болған қатар-құрбылары.
Сонау 1950 жыл. Мырзекең Ақкөлден барып, Тоқташ сол Шолақтау поселкесінен (қазіргі Қаратау қаласы) қатынап, Карл Маркс атындағы мектепте бірге оқыпты. М. Жолдасбековтің зеректігі, алғырлығы сол кезден-ақ байқалса керек. 1953 жылы жаңадан салынған Сталин орта мектебі (қазіргі Д.Қонаев атындағы орта мектеп) пайдалануға беріледі де Мырзатай да, Тоқташ та соған ауыстырылады. Артынша Сарысудан олардың қатарына Илья Жақанов келіп қосылады.
Сол кездің өзінде Мырзатай көңіл толқытқан сәттерді қағазға түсіріп қалам тербесе, Илья ән шығарып, сурет салады екен. Мектептің қабырға газетін шығарып, екеуінің де көзге түскені де – осы бозбала шағы. Мақаласын Мырзекең жазса, суреттерін салу, безендіру Ильяға жүктеліпті. Химия пәнінің мұғалімі Мәдібек Сейдалиев те, қазақ тілі пәнінің маманы Бибіжар Нұрымова да Талас пен Сарысудан келіп, жолдарын бір арнап түйістірген осы екі талантты оқушының болашағынан зор үміт күткен екен.
– Екеуі де талантты болды. Мұғалімдердің барлығы соларға қарап сүйсінетін. Физикадан Ауданбек Көбесов (кейіннен үлкен ғалым, ғылым докторы болды), орыс тілінен Шынар Сарыбасова сабақ берді. Өзге ұстаздар естен шыға бастапты. Бәрі де марқұм болып кетті. Біздің сыныпта кейіннен ұзақ жыл партия, кеңес ұйымдарында еңбек еткен Көшербек Жұманқұлов, Мақсұтбек Сатымбеков те бірге оқыды. Сыныптастарымыздың осалы жоқ, 17 оқушының ішінде сарысулық Төкен екеумізден басқалары ұлдар еді. 1954 жылы мектеп бітірген соң Мырзатай да, Илья да биік армандарға ұмтылды. Мақсаттарына жетті. Олардың шыққан биігін еліміздің әр азаматы біледі. Олар қызмет бабына байланысты туған елге де жиі келе алмайтын. Сирек болса да кездесіп, амандық сұрасып жүрдік қой.
1954 жылы Мәдібек Сейдалиевке тұрмысқа шықтым. Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищені сырттай бітіріп, 35 жыл Қаратаудағы мектептерде бастауыш сыныптарда сабақ бердім. І санатты мұғаліммін. Мәдекең өмірден ертерек кетті. Екеуміз 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір кенже балам Рашид пен келінім Ләззаттың қолында тұрып жатырмын. 14 немере, 18 шөбере сүйдім. Мырзатайдың, Ильяның сыныптасы деп келіп жатырсыңдар ғой. Сондай жақсылармен мектеп партасында қатар отырған бақытты күндеріміз үшін Жаратқанға шүкіршілік етемін. Қазақтың көп аналары секілді мен де бақытты анамын, бақытты әжемін, – дейді Тоқташ Сәметқызы.

Есет ДОСАЛЫ

Қаратау қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support