- Advertisement -

Шаттыққа бөлеген шырша той

133

- Advertisement -

2P8A6489«Баласағұн» орталық концерт залында өткен облыс әкімінің шыршасы балғындар үшін мәңгілік есте сақталатын ерекше сәт болары анық.
Облыс әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасына өңірдің 9-13 жас аралығындағы 100-ден аса бала шақырту алған. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж 73 отбасының ұл-қызы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 15 жеткіншек, көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан 12 балғын мерекеде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевпен бірге, әсем безендірілген жасыл шыршаны айналып, ән салды.
Мерекелік шараның шымылдығын түрген облыстық мектептен тыс іс-шараларды және олимпиадаларды өткізетін орталықтың «Бозторғай» балғын бишілері қазақ биін биледі. Ортаға жайнаң қағып, би билеп аққалалар шыққан сәтте Жаңа жылдың лебі қатар келгендей сезілді. Мәз-мейрам болған балаларды қардан жасалған кейіпкерлермен ере келген ертегі кейіпкерлері бірден елітіп әкетті.
Ертегілер әлеміне тап келгендей болған балғындардың шырқын қаһарлы айдаһар келіп бұзып, Ақшақарды ұрлап әкетпегенде бәрі осылай ән салып, би билеп жүре берер еді. Дегенмен, ертегіге еліткен жеткіншектер, бұл қиындықтан да шығудың жолын тапты. Олар дереу Ақшақарды іздеуге кірісіп, сиқырлы кітап арқылы «гүлдер әлеміне» сапар шекті, «су аруына» кездесті. Осылайша шым-шытырық оқиғаларға куә болды. Ақшақарды Жаңа жылдың иесі иттер тауып берді. Сөйтіп, көп кешікпей балалардың асыға күткен Аяз атасы да келіп, бәрі шыршаны айнала биледі. Бұл күні мүмкін еместей көрінген нәрсенің бәрі шындыққа айналғандай еді.

Балалармен қосыла би билеп, ән шырқаған өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы жеткіншектерге ізгі тілегін арнады.
– Қадірлі балалар! Алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатымен еліміз өркендеп келеді. Біздің облыстың даму қарқыны жоғары. Ал сендерге артылар жауапкершілік – оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді болу. Ел жастары сапалы білім алып, бәсекелік қабілеті жоғарыласа ғана мемлекетіміздің әрі қарай қарыштап өсуіне үлес қоса алады. Барлықтарыңның оқуда озат, өнер, білім, спортта жеңімпаз болуларыңа тілектеспін. Әр отбасына, әр отбасындағы балаларға бақыт, береке, жақсылық тілеймін, – деген облыс әкімі балғындарға Жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.
Балғындардың тілегін орындап, Жаңа жылдық сыйлық жасау үшін жергілікті бюджет есебінен 4 миллион 639 мың теңге бөлініпті. Бұл қаржыға шыршаға қатысқан әр балаға жылы күртеше, етік, сөмке, тәттілер, жұмсақ ойыншықтар сатып алынған.
Бұл күні Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балалар үшін арнайы мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, «Тараз–Арена» спорт кешенінде эстафеталық жарыстар өткізілді. Облыс әкімінің шыршасына келген жасөспірімдер «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығымен танысып, облыстық драма театрының әртістері дайындаған Жаңа жылдық қойылымды тамашалады. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа саяхат жасады.

Есет Досалы
Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support