- Advertisement -

Ізденімпаз ұрпаққа тағылымы мол

151

- Advertisement -

Тараз қаласындағы К.Скрябин атындағы музей-үйі қайта ашылды

IMG_1552Музей – тарих айнасы. Сол арқылы бүгінгі ұрпақ бабалар жолымен, кешегі күннің нақты көрінісімен танысып, байырғы дәуірлердің тереңіне бойлай алады. Осы орайда Тараз қаласында К.И.Скрябин музей-үйінің қайта пайдалануға берілуі игілікті іс.
Өткенге шолу жасасақ, 1962 жылы негізі қаланған нысанға ғалымның өзі қолданған заттарын, қолжазбаларын, құжаттары мен фотосуреттерін тапсырған. Содан бері қамқорлықта болған музей- үйі тоқсаныншы жылдардың басында сейсмологиялық қауіп-қатер жағдайына байланысты жабылған.
Академик, гельминтология ғылымының негізін қалаушы К.И.Скрябин музей-үйінің жаңғыртылып, қайта ашылу салтанатына облыс басшылығы, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдарының өкілдері, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының профессорлары, этномәдени ұйымдарының өкілдері, ардагерлер және студенттер қатысты.
Шара ғимарат алдындағы ғалым ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Онда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов музей туралы мәліметтермен бөлісіп, көпшілікті құттықтады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қайта жаңартылып, реэкспозиция жұмыстары жасалып, қайта ашылып отырған бұл музей-үйі облыс тұрғындарының игілігіне айналарына сенемін. Мұнда Константин Скрябин 1907-1911 жылдары тұрып, сол кездегі Әулиеата қаласында мал дәрігері болып жұмыс атқарған. Әлемге танымал болған ғылыми еңбектерімен осы үйде айналысқан. Ендеше бұл нысан алдағы уақытта ізденімпаз жас ұрпақ үшін тағылымды орындарының бірі болады деп ойлаймын, – деді Е.Манжуов.
Сонымен қатар, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Любовь Накорякова өз лебіздерін білдірді. Бұдан соң, келген қонақтар К.И.Скрябин музей-үйін аралап, экспозициялармен танысты. К. Скрябиннің жұмыс бөлмесінде облыстық орыс драма театры әртістері «Әулиеата естеліктері» атты сахналық көрініс қойды. Іс-шара «Русский центр» этномәдени бірлестігінің президенті Елена Горбунова жүрекжарды сөзімен түйінделді. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтарына, студенттер мен оқушыларға арналған К.И.Скрябин музей-үйінің апталығы өткізіліп, тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетілетін болады.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support