- Advertisement -

«Қара базардың» құны қанша?

135

- Advertisement -

IMG_5414 IMG_5411«Мөлдір» мейрамханасы маңындағы жұмыс

Бұл тақырыпты жазуды ойланып жүргеніме біраз уақыт болған. Жақсы – тақырып. Бірақ, кейіпкерлері кездесе бермейді, кездессе де сенімен ашылып сөйлесуге келісе қоймайды. Айтпағымыз – жалдамалы жұмысшылар жайлы. Бір жақсысы, олардың тұрақты орны белгілі. Тараз қаласында, 5-шағын аудандағы «Мөлдір» мейрамханасының маңына барсаң, іздеген адамыңа кезіге кетесің.
Жаздың жайдары күндерінің бірінде осы «қара базарға» жұмысшыларды жалға алатын адам ретінде барған едім. Киіміме, папкіме қарады да, олар менен еш күмәнданбады. Кез келгенін әңгімеге тарттым. Қандай жұмыс болса да істеуге дайын тұр. Алақандарын ысқылап, құлшынып тағат табар емес. Бағасына келгенде келісе алмадық. Мен әдейі арзан айтамын. Ал, олар күндік табысы 5 мың теңгеден кем болмауы тиіс дегенді алға тартты. Өзін Сейітхан деп таныстырған, жас шамасы 50-ге жақындап қалған кісі:
«Бауырым, қазір, автобустың жолақысы, азық-түлік пен киімнің де бағалары қымбат. Соған орай біздің де бағамыз көтеріледі. 5 мың теңгеден төменге бұл жерде ешкім ешқайда бармайды. Әуре болмаңыз. 5 мың теңгеге келіскен күнде де апарып, қайтып әкелесіз. Оған қоса түскі асымызды жақсылап бересіз. Жұмыс деген тамақпен, күшпен бітеді» – деді. Оның сөзінің жаны бар, әрине. Мұнда топталып тұрғандардың қарасы көп. Кей топтың басшысы да бар, өз «заңдары» бойынша бірінші сол сөйлеуі керек екен. Одан асып кеткендердің «мәселесі» қаралатын сияқты. Қай топқа барсам да, 5 мың теңгеден кемге баратын жұмысшы таппадым. Екі қолға бір жұмыс күтіп әйелдер де тұр. Олар да кез келген істі жасауға дайын-ақ. Бағасына келіспеген кейіп танытып кетіп қалдым.
Жақында «қара базарға» тағы бардым. Бұл жолы жолым болды десе де болады. Барған сәтімде жаныма үлкен тіркеме тиеген көлік келіп тоқтай қалды. Жүргізуші жігіт осы жерден жүгері теруге адам алуға келгендерін айтты. Көліктен әдемі киінген бір әйел түсті.
«Кешегі жұмысшылардың қолынан түк келмейді екен. Теңгесін толық төлемей қайтарып жібердім. Бүгін басқа адам аламын», – деп шіреніп тұр өзі. Бұл жолы жұмысшыларда да мәніс жоқ сияқты. Күн суытқан сайын мұндағы баға да төмендей береді екен. Бір қымбат көлік тоқтай қалса, жұмысшылардың өздері жапа-тармағай жүгіреді. Одан бағасына, басқасына келісе алмай, улап-шулап жатқан жұрт. Әне тағы бір-ақ қымбат көліктен шірене түсіп «кірпіш қалаушылар керек» деп еді. Оған ешкім шыға қоймады. Бәлкім, ол жұмысты ауырсынған болуы керек.

Нұркен пәтер сатып алыпты

Қайтуға бұрыла беріп ем, Әлхан (атын өзгерттім) кездесе кетті. Ауылдасым еді. Өзі мектеп директорының баласы болып, еш қиындық көрмей өскен. Өмір-ай десеңші, бүгінде ол да «қара базарды» қалқалаған екен.
– Қалалық электр жүйесінде 5 күндік негізгі жұмысым бар. Сенбі, жексенбі күндері осында қосымша нәпақа табуға шығамын. Бұл жердің бағасы көктем, жаз айларында көтеріледі. Отбасын асырау үшін келіп тұрамыз. Жұмыстың қандай түрі болса да істей береміз. Тас қалау, шөп шабу, шөп жинау, отын арту, арық қазу, жүк тасу, қада қазу, қора соғу дейсіз бе, бәріне бара береміз, – деді ауылдасым. Осы кезде жанымызға тағы бір жұмысшы келді. Есімі – Нұркен екен. Ол 22 жылдан бері осы «қара базардың» жалдамалы жұмысшы. Басқа табысы жоқ екен.
«Алғаш келгенде 16 жаста едім. 1995 жылдан осы жердемін. Ол кездегі баға көтеріңкі болатын. Тәулігіне 3-4 жалдамалы жұмысқа үлгеріп, 7-8 мың теңге табатынмын. 2001 жылы Тараздағы шағын аудандардың бірінен 400 мың теңгеге 4 бөлмелі пәтер сатып алдым. Қазір отбасым бар, әлі осы жерден нәсібімді тауып жүрмін. Бұл жерден бір жазда бір машина мініп кететіндер бар», – дейді ол. Былай қарасаң, мұнда топ-тобымен тұрған адамдардан басқа ешкім де жоқ. Уыс-уыс теңге табатын жер деп ойламайсың. Десек те бұл жер қайнаған өмір. Талайлар үшін күн көріс қамы. Әсіресе, пәтер алып, көлікке қол жеткізіп жүрген азаматтардың өмірге ұмтылысына риза болдық.
«Қара базар» маңы талай-талай тағдыр иелерінің ордасы ма дерсің.

Серікжанның әңгімесі

– Менің аты-жөнімді өзгертіп жазшы. Алыс ауылдардың бірінде өмірге келдім. 6 жасымда анамнан айырылдым. Отбасында 10 бауыр өстік. Менен кейін де екі қарындасым болды. Әкеміз қайтып үйленген жоқ. Жастай жетім қалған біздердің қабағымызға қараған болуы керек. Ілініп-салынып жүріп орта мектепті бітірдім. Бар ойым – қарындастарым еді. Алдыңғы аға-әпкелерім бір-бір үй болып кетті. Мектеп бітірісімен кеңшардың қара жұмысына араластым. Өзімнен кейінгі екі қарындасымды оқыттым. Олар жоғары оқу орындарын тәмамдап, жұмысқа тұрып, өмірден өз орындарын тапты. Кейіннен әкеміз де, үлкен ағам мен бір әпкем ауырып өмірден қайтты. Осынша ауыртпалық бауырларға жеңіл тиген жоқ. Мұнан соң ауылда тұрудың да мәнісі қалмады маған.
6-7 жыл бұрын Таразға келдім, пәтер жалдадым. Жұмыс іздеп көріп ем, шықпады. Содан кейін осы жерге келдім. Жалданып жұмыс істеп жүрмін. Бірнеше жыл өтті. Қолымнан келгенінше еңбек етудемін. Аздаған қаражат та жинадым. Бірақ, пәтер алуға жетпей жатыр. 42 жастамын, әлі бойдақ жүрмін. Отбасы құруды ойлап қоямын, әрине. Алдымен 1 бөлмелі болса да, пәтер алсам деген ниетім бар. Ең бастысы, қарындастарым бір-бір үй болып кетті. Солар үшін қуаныштымын. Осы жұмыста жүре берсем, қаражатымды жинай берсем, өмірімді едәуір жақсартуыма мүмкіндігім бар деп ойлаймын, – деді біз Серікжан деп атаған кейіпкеріміз.

Аудандарда да жалдамалы жұмысшылар бар

Қазіргі таңда кім қалай табыс табамын десе өз еркі. Біреу кәсібін ашып, дөңгелетіп отыр. Енді біреу сол кәсіпкерге жалданып жан бағады. Отбасының қамын жасайды. Көшеде жұмыс іздеп тұратындар бірқатар аудандарда да бар екен. Олар тұрақты орнын аудан орталықтарынан таңдайды. Қордай ауданы, Қордай ауылының тұрғыны Дүйсенбек деген кісі мұндай азаматтардың Қордайда бар екенін, орталық базар маңында жиылып тұратынын айтты. Шу ауданының Төле би ауылы мен Шу қаласында да жалдамалы жұмыс бизнесі бар. Олар күндігіне 2-3 мың теңгелік жұмысқа да бара береді екен. Жұмыстың кез келген түрін атқарады. Таңдамайды, талғамайды. Қожайын түскі тамағын ұйымдастырып, ақысын төлесе болғаны. Мұндай «бизнес» Құлан мен Меркі ауылдарында да кездесіп қалады екен.
Біз арнайы маманнан «қара базардағы» жұмысшылар жайлы пікірін сұраған едік.
Забира Медетова, облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
– Әрбір жұмыссыз адам арнайы Заң бойынша Тараз қаласындағы және аудан орталықтарындағы жұмыспен қамту орталығына тіркелуі керек. Сол жердегі мамандар оларға бейіміне қарай жұмыс тауып бере алады немесе өздеріне жұмыссыз ретінде тіркеп қояды. Кез келген сәтте жұмыс шығып қалса, оған жұмыспен қамту орталығында тіркеліп тұрған адам алынуы керек. Жұмыспен қамту орталықтары тіркелушінің мамандығын, қай жұмысқа бейімді екендігін зерделейді. Жұмыс тауып беруге күш салады. Кейбірін біліктілігін арттыратын 6 айлық курстарға жіберіп, оқытады. Басқа да жаңа бағдарламалар бойынша жұмыссыз жүрген азаматтардың біліктілігін арттырып, мамандық алуларына мүмкіндік бар. Кәсіпкерлікпен шұғылданамын деген азаматтарды да осы орталық қолдап, демеп жібереді.
Ал, «қара базарда» кімдер жалданып тұратынын біз нақты білмейміз. Мүмкін, жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер де сол жерге баратын шығар. Ауысыммен жұмыс істейтіндер де сонда барып қосымша табыс табатын болар. Қалай десек те олардың (егер жұмыссыз жүрсе) жұмыспен қамту орталығына тіркеліп қойғандары артық болмайды. Жұмыспен қамту орталығы оларды қашан да қолдайды.

Түйін: Жұмыспен қамтуға байланысты маман осылай кеңес береді. Ал, «қара базарда» жалдамалы жұмысшылардың қарасы азаяр емес. Бәлкім, олар осындай өмір салтына бой үйретіп те алған сияқты. Сондықтан да жұмыспен қамту орталығына тіркелуді кейбірі құнттай бермейтін болса керек. Қалай десек те осы «қара базар» талайға нәсіп болып, көптеген отбасына береке сыйлап тұрғаны да рас. Бірақ, өмірдің мағынасы – «қара базар» емес қой. Осыны мұндағы қилы тағдыр иелері ой елегінен өткізіп қойса дейсің…

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support