- Advertisement -

Заңдық көмек сапалы көрсетілуі тиіс

119

- Advertisement -

Облыстық сотта «Азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізудегі өкілдік қызметтердің мәні» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық соттың азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық соттың, аудандық және оларға теңестірілген соттардың судьялары мен төрағалары, адвокаттар алқасы, әділет департаменті, прокуратура, кәсіпкерлік палатасы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шараның мақсаты – азаматтық, әкімшілік іс жүргізудегі өкілдік қызметтерді жетілдіру, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңды талқылау. Облыстық соттың оқу орталығының үйлестіруші судьясы Гүлнара Асылбек жиынның модераторы болды. Алғаш болып сөз алған Жомарт Рүстембеков бүгінде ұлттық сот төрелігі жаңа құқықтық жағдайда жүзеге асырылатындығын, халықаралық стандарттарға сәйкестігін, азаматтық процесте тараптардың бәсекелестік қағидаты қамтамасыз етілетіндігін, істерді қарау мерзімі қысқартылғандығын, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың рөлі күшейтілгендігін, электрондық сот ісін жүргізу жобасы іске қосылғандығын айтты. Сонымен қатар, заң қызметтерінің көрсетілу сапасы жақсартуды талап ететіндігін, өкілділік институтты реформалау қажеттігіне тоқталды. Облыстық соттың судьясы Ғалым Құлекеев қазақстандық нарыққа заңды қызметтерді түрлі топтар ұсынатындығын (адвокаттар, нотариустар, жеке заңгерлер), осы орайда заң көмегін көрсетудің бірыңғай ең төменгі стандарттары анықталмағандығын, бұл оның сапасына әсер ететіндігін атап өтті. Сондықтан осы саладағы уәкілетті органның рөлін күшейту көзделген. Атап айтқанда, Әділет министрлігі құқықтық көмек көрсетудің критерийлері мен стандарттарын үйлестіріп, заң қызметін көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарайтын болады. Ал облыстық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Рахымжан Мұсақұлов заңдық көмек көрсетуді жетілдірудің халыққа қолжетімді болатындығына баса назар аударды.
Азаматтардың құқықтарын қорғаудағы адвокатураның рөлі туралы Әділет департаментінің бас маманы Манас Қожамжаров айтты. Ол заңдық көмекті сапасыз көрсету, жосықсыз адвокаттар, жеке кәсіппен айналысатын заңгерлердің іс-әрекеттерінен азаматтардың қорғалу тетігінің жоқтығы, білікті адвокаттардың тапшылығы, адвокаттар алқасының қызметінде ашықтықтың болмауы сынды мәселелерді көтерді. Жиын соңында тиісті ұсынымдар жасалды.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support