- Advertisement -

ТЕР ТӨГІП ЖЕГЕН НАН ТӘТ ТІ

110

- Advertisement -

Сірә, бабаларымыз текке мал соңына ілеспесе керек. Мал – әрбір қазақтың ежелден күнкөрісі. Атадан балаға мирас болып қалған бұл кәсіпті меңгергендер бір бас малын екеу етуге, екеуін төртеуге, осылайша мыңғыртып мал өргізуге талпынып жүр.
Сол дархан дала төсінде төрт түлікті өсірген малшыны көргенде сүйсінесің, қызығасың. Бірде Көделіге жолымыз түсіп, осындағы малшылардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанбыз. Қай қырдан ассаң да малшылардың үйіне кезігесің. Малдан жер қайысқандай. Осында өріс тапқан жылқы, сиыр, қой-ешкі мыңдап саналады. Жаз бойы жүздері күнге күйген малшылардың көңілдері көтеріңкі. Мүмкін, «малдының беті – жарық, малсыздың жүзі – көн шарық» дегеніміз осындайда айтылса керек.
Келесі қырдан асқанымызда алдымыздан аттылы кісі кездескен. Сонадай жерде бір отар қой өріп барады. Өзін «Баймұрзаев» шаруа қожалығының малшысы Дүйсенбек Баймұрзаев деп таныстырған ол бағымында 300 бастан астам қой, 15 бас жылқы, 5 бас мүйізді ірі қара және 400-ге жуық түйетауық бар екенін айтты. Дүйсекең ойындағысын іркіп қалмайды екен.
– Ырыс – ынтымаққа, береке – бірлікке жетелейді. Өзіміз Сарысу ауданында туып-өскенімізбен, 1985 жылдан бері Сеңгірбай елді мекенінде тұрамыз. Әкеміз Тұрарбек пен анамыз Сара о дүниелік болып кеткенімен, сол кісілердің айтқан өсиеттері арқасында төскейді төлге толтырып келеміз. Шынымды айтсам, о баста бізде тігерге тұяқ болмаған. Ағайынды бес жігіт, яғни, үлкені мен, інілерім Бақтияр, Сенбек, Жаңабек, Манарбек бәріміз ақылдаса келе базар сайын бір бастан қой алып, бір жылдың ішінде қой басын 40-қа жеткіздік. Шүкір, малымыз жыл сайын көбеюде. Қаракемер ауылдық округінен 30 гектар жерді жалға алып, баз, қора соқтық. Қой басы көбейген шақта, азын-аулақ уақ малды сатып, орнына 3 бас бие алдық. Қазір 8 бас биеміз бар. Қымыз, саумал ішіп отырмыз. Әрине, мал бағу оңай емес. Таңсәріден кеш қарайғанға дейін мал соңында жүргеніміз. «Мал – баққанға бітеді» деген. Дегенмен, тер төгіп жеген нанның тәтті болатыны бар емес пе?! Сөз басында айтқандай, бағымымызда 400-ге жуық түйетауық та бар. Қазір кіші інім Манарбек екеуміздің біріміз қой соңында жүрсек, біріміз жылқы, сиырларға қараймыз. Ал Манарбектің келіншегі Ақбота және қолқанатымызға айналған олардың ұл-қыздары Бекжан, Асылжан, Ақмаржан үй жұмыстары мен қанаттыларға бас-көз болып жүргені. Жемшөптің берік қорын жасап алғанбыз. 20 тонна шөп, 10 тоннаға жуық жем әзірленді.
Әкеміз бен анамызға айтар алғысымыз шексіз. Өмір жолымызды таңдауға жол сілтегендері неге тұрады?! Әйтпесе, әрқайсымыз әр жаққа кетер ме едік? Өмірге 5 ұл, 5 қыз әкелген ата-анамызға мәңгілік қарыздармыз, – деген Дүйсекең ұзай түскен қойларының соңынан кете барды.
Біз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» екенін ұғынып қана қоймай, Баймұрзаевтардың берекелі тірлігін өзгелерге үлгі тұтуды да жөн көрдік.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support