- Advertisement -

Қазақстан – испания: сенім мен достықтың салтанаты

85

- Advertisement -

f4bccb155b02587e06f0++1c1667064378Қазақстан Президенті Испанияның Католиктік Изабелла орденімен марапатталды.
Мемлекет басшысына Испания Королі VI Фелипенің атынан Католиктік Изабелла орденін Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор табыс етті.
«Аса мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, жоғары корольдік құрмет ретінде, Сізді Католиктік Изабелла орденімен марапаттаймын», – делінген Корольдің жарлығында.
Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге және Ана Пасторға жоғары марапаты үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Испания арасында сенімді әрі достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
– Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания Корольдігімен байланыс орнатып, өзара сенімді екіжақты қарым-қатынастарға қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде Испания Қазақстанға өз қолдауын көрсетіп келеді. Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға ресми сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Бұл біз үшін зор мәртебе, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саясатта және экономиканың түрлі секторларында Испаниямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Рәсім соңында Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге шынайы ризашылығы мен жылы лебізін жеткізуді сұрады және Испания халқының игілігі үшін атқарып жатқан қызметіне табыс тіледі.

* * *

Нұрсұлтан Назарбаев Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастормен кездесті.
Қазақстан Президенті елімізге сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Испания павильонының ашылуына қатысқаны үшін А.Пасторға алғыс айтты.
– Көрмеміздің ашылу салтанатына 17 шет мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен бірге, Испания Королі VI Фелипе де қатысқан болатын. Біз осы іс-шара аясында жүздестік. Аса мәртебелі Испания Королі Қазақстанға қызығушылық танытып, бірқатар іскерлік кездесу өткізді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз арасында екіжақты достық қарым-қатынас орнағанын, экономика мен саясаттағы байланыстарымыз жемісті дамып келе жатқанын айтып, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екеніне тоқталды.
– Қазақстанға сапары кезінде Аса мәртебелі Испания Королімен бірге Испанияның іскер топтар өкілдері мен үкімет мүшелері келді. Олар Қазақстандағы әріптестерімен жемісті келіссөздер өткізді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Испания Королі VІ Фелипе мен үкіметіне жоғары марапаты үшін жылы лебізін жолдап, Король І Хуан Карлос пен оның жұбайы София Патшайымға амандық және табыс тіледі.
Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы мемлекеттеріміз арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтып, Испания делегациясына дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
– Мен Сіздің еліңізді дамыту мен өркендету жолындағы қызметіңіз, күш-жігеріңіз туралы алғаш рет Испания Королі І Хуан Карлостан естідім. Дәл сол кезде Испания Королі І Хуан Карлос Қазақстандағы әріптестерімізбен іскерлік байланыстар орнату қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде Қазақстан Сіздің арқаңызда зор табысқа қол жеткізіп отыр, – деді А.Пастор.
Бұдан бөлек, Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Қазақстан Президентіне Испания Королі отбасының шынайы лебізін жеткізді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support