- Advertisement -

Тілсіз жау жағадан алмасын

122

- Advertisement -

Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңес жаңа тағайындауларды таныстырумен басталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшылығына Ғалия Боранбаева, денсаулық сақтау басқармасына Марат Жұманқұловтың тағайындалғанын айтты. Ал жиынның күн тәртібіндегі мәселе жаз маусымындағы өзекті тақырып – тілсіз жаудың алдын алу жайына қатысты қаралды. Өрт пен судың қаупімен қанша күрескенмен, өңірде қайғылы оқиғалардың орын алып жатқандығы белгілі. Мәселен, су айдындарында биыл 25 адам суға батып, қайтыс болған. Олардың 14-і – балалар. Бүгінгі күнге дейін далалық алқаптарда 660 гектар жерде 57 жану оқиғасы, 11275 гектар жерде 4 орман өрті және 3 дала өрті орын алған. Орман өрті салдарынан 9 миллион 373 мың теңге, дала өрті салдарынан 8 миллион 370 мың теңге шығын келтіріліпті. Осы орайда, облыс аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды жою жұмыстарының барысы және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов баяндама жасады. Ол ауылдық округтерде 2180 адамнан құралған 171 ерікті өрт сөндіруші құрылымдар ұйымдастырылғанын, облыстық бюджеттен 1 миллион 840 мың теңге қаржы қарастырылып, орманды далалық алқаптарда ғарыш мониторингін жүргізу үшін «ГеоСат»жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім жасалғанын жеткізді. Қазіргі таңда орман және аң шаруашылығы комитетінің «Қазақ авиациялық орман күзету» мекемесінің бір ұшағы және бір тікұшағы арқылы облыс орман қорының 3,2 миллион гектар жері әуеден күзетілуде екен. Облыстағы 1237 шақырым республикалық жолдың 637 шақырымына, 1943 шақырым облыстық мәндегі жолдың 742 шақырымына және 846 шақырым темір жолдың 322 шақырымының бойына ені 4 метрден кем емес өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілген.

Департамент басшысы табиғи өрттің алдын алу мәселесі қатаң бақылауға алынғанын және бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасып жатқанын айтып өтті. Ол шомылу маусымына байланысты Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлі, Қаратау қаласындағы «Жартас» көлі және Жаңатас қаласындағы жағажайлар «Жедел құтқару жасағы» мекемесінің құтқарушыларының қарауында екенін жеткізді. Шомылуға қауіпті орындар анықталып, облыстық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, көпшілік жаппай демалатын орындарда 89 рейд пен патрульдеу ұйымдастырылған. Сондай-ақ Тараз қаласы аумағынан өтетін Талас өзенінің қауіпті аймақтарында департамент қызметкерлері мен жергілікті полиция сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін күнделікті рейд жүргізетін көрінді. Баяндамашы Тараз қаласы мен Жуалы ауданында 29 қоғамдық құтқарушыдан 9 бекет құрылғанын, ал өзге аудандарда бұл жұмыс жоқтың қасы екендігін тілге тиек етті. Шомылуға тыйым салынған орындарда жергілікті атқарушы органдармен судағы қауіпсіздік тақырыбына 82 ескерту белгілері мен 12 билборд орнатылыпты. 

Жиында қаралып отырған тақырып аясында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов та есеп берді. Орман қоры жерлері облыстың жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр. 2017 жылғы өрт қауіпсіздігі кезеңіне орман өртімен күресуге облыстық бюджеттен 48,1 миллион теңге қаржы бөлініпті.Табиғат өртінің жылдам таралуына тосқауыл қою мақсатында орман қоры аумағында өртке қарсы жаңадан 2000 шақырым минералды жолақтар жасалған. Биыл облыстық бюджеттен 100,0 миллион теңге бөлініп, 14 тұрақты радиостанса, 100 дана қолға ұстайтын рация, 14 өрт қою аппараты және 13 метеостанса алыныпты. Басқарма басшысы Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында ерікті өртке қарсы құрылымдар аспалы өрт сөндіргіштермен жабдықталмағанын жеткізді. «Шу, Жамбыл, Меркі, Жуалы, Мойынқұм аудандарында өрт сөндіруге арналған бейімделген техника саны өте аз, шамамен әр ауылда тек қана бір техника бар, бір техника бұзылған жағдайда оны дала өртіне жұмылдыруға мүмкіндік болмайды», – деді Серік Мамыртайұлы. Ол сондай-ақ, 23 маусым күні сағат 10-дар шамасында Қосқұдық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман қорында найзағайдың әсерінен өрт пайда болып, ұлғайып, Мойынқұм мемлекеттік мекемесінің жеріне кіргенін, тілсіз жауды құрықтауға 121 адам, 28 техника қатыстырылғанын айтты. Өрт ертесіне сағат 04.00-де оқшауланып, 26 маусымда сағат 19.00-де толығымен жойылған. Баяндамашы өрттің үлкен көлемге ұлғаюын ауа райының ыстықтығы, желдің қатты тұруы, радиобайланыстың төмен деңгейі және аудан көлемінде техниканың аздығымен байланыстырды.
Бүгінде Мойынқұм, Жуалы және Байзақ аудандарында орын алған өрттің қызметтік тексеру материалдары ішкі істер органдарына жіберіліпті. Орман қорында өртке жол бергені үшін Қосқұдық мемлекеттік мекемесінің директоры Н.Нұрмолдаевқа, Жуалы мемлекеттік мекемесінің директоры А.Мұртазаевқа, Байзақ мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Қ.Жасұзақовқа және Мойынқұм мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы К.Абайға қатаң сөгіс берілген.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аталмыш өрт оқиғасына байланысты Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркеновтен, сонымен қатар Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтан жауап алды. Себебі өрт болған күні қос аудан басшылары жауапкершілікті бір-біріне сілтеген көрінеді. Орын алған оқиғадан кейін, анық-қанығы зерттеліп, өрттің басым бөлігі Мойынқұм жеріне тиесілі екендігі белгілі болыпты. Жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов та аталмыш оқиғаға байланысты жауапқа тартылды. «Барлығы әдемі баяндауды біледі, бірақ оны орындауға келгенде нәтиже басқа. Тірнектеп өсірген қаншама сексеуіл өрттің құрбаны болды. Демек, жедел жұмыс жоқ. Бұндай жағдайда жауаптан басты ала қашпай, іске жұмыла кірісе кету керек. Тіпті Қордай, Меркі аудандарынан да техника тартыңдар деген болатынмын. Ал өрт біткен соң, оны өшіргенің не, өшірмегенің не?!», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаевқа егіс алқаптарын өрттен сақтап, қадағалау тапсырылды. Сондай-ақ, темір жол бойындағы өрттің алдын алу мәселелеріне тоқталды. Бұл ретте тепловоздарға ұшқын сөндіргіш орнату қажеттігі сөз болды. Кәрім Нәсбекұлы 14 жасөспірімнің суға кетуінің себептерін сұрап, облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовадан оқушылардың жазғы демалысына байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрады. Сонымен қатар, өзен, көлдер аумағында рейдті күшейту, ескертпе тақтайлар орнату керектігі айтылды. Қорыта келе, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев орынбасарларына, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне тілсіз жаудың алдын алуға байланысты нақты тапсырмалар берді.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support