- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

132

- Advertisement -

«Дели – Алматы – Дели» тікелей әуе рейсі ашылады

Қыркүйек айынан бастап Алматы мен Дели арасында тікелей әуе рейстері ашылады. Мәдениет және спорт министрлігінің және Kazakh Tourism қатысуымен IndiGo ірі үнді авиакомпаниясы «Дели–Алматы–Дели» тікелей рейсін іске қосады. Осы бағыт бойынша рейстер қыркүйек айының соңынан бастап аптасына үш рет орындалады.

Аталған рейс Үндістандағы 75-тен астам бағытқа, сондай-ақ Азияның ірі қалаларына рейстерді орындайтын авиакомпания үшін 32-ші халықаралық тікелей байланыс саналады. Сондай-ақ, авиакомпанияның Еуропа мен Солтүстік Америкада өзінің серіктестік кодтары арқылы үлкен желісі бар. Биыл IndiGo компаниясы Skytrax ұсынған «Үндістан мен Оңтүстік Азиядағы үздік бюджеттік авиакомпания» сыйлығының қатарынан 13-ші рет иегері атанды.

– Шетелдік авиакомпаниялармен жаңа тікелей рейстерді іске қосу бойынша келіссөз үнемі жүргізіліп тұрады. Атап айтқанда, соңғы уақытта Катар, Мысыр және Қытайға ұшу жиілігі артты. Шетелдік компаниялар Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мысалы, осы жазда Оманның Salam Air авиакомпаниясы «Алматы – Маскат» бағыты бойынша аптасына 2 рет жиілікпен рейсті іске қосты», – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

 

Парижде триатлоннан жарыс тоқтатылды

Олимпиаданың басталуына бір жыл қалғанда Франция астанасында триатлонның жүзу кезеңі өтпейтіні белгілі болды. Әзірге билік өкілдері жүзушілердің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды.

Париж Олимпиадасына бір жыл қалғанда Сенадағы су сапасы әлі де өзекті мәселе болып тұр. Бірнеше күн бұрын ғана спортшылар триатлоннан тест жарыстарының жеке кезеңі аясында өзенге Александра ІІІ көпірінен түскен болатын. Бірақ, жексенбі күні бактерия көлемі көп екені, су жүзуге жарамсыз екені анықталып, жүзуден аралас эстафета өткен жоқ. Триатлон дуатлонмен, яғни жүгіру және веложарыс кезеңдерін кезектестірумен алмасты.

 

Жақында пара-триатлоншыларда да осындай жағдай болды.

«Біз әлі де су сапасы неден нашарлағанын түсіне алмай жатырмыз. Судың екі сынамасы сапаның нашар екенін, яғни нормадан ауытқығанын көрсетті. Қазір біз қайдан ластанып жатқанын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатырмыз», – деді 2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге жауапты Париж мэрінің орынбасары.

Су сапасына күмән туындаған соң тамыздың басында Сенада өтетін жарыстар тоқтатылған. Сол кезде ұйымдастырушылар нөсер жауын салдарынан ішек таяқшасы бактериялары концентрациясы өсіп, су ластанды деп мәлімдеген болатын. Бұл жолы себеп анықталмады.

Париж билігі ашық судағы жарыстарға әлі де бәс тігіп отыр. «Париж-2024» ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстангенің сөзінше, «Б жоспары жоқ». Сена өзенін париждіктер шомыла алатындай қауіпсіз етуге билік бірінші жыл уәде етіп отырған жоқ. Астана мэриясы таза өзен Олимпиададан қалған мұра болады деп үміттенеді.

 

Түркияда тағы жер сілкінді

Түркияның Кахраманмараш провинциясының Гексун ауданында тағы 4,2 балдық жер сілкінісі болғанын «Анадолы» агенттігі жариялаған.

Табиғат апаттары және төтенше жағдайлармен күрес басқармасының (AFAD) дерегінше, ошағы Кахраманмараш провинциясының Гексун ауданында орналасқан күші 4,2 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала 22,17 шақырым тереңде болған.

Өткен ақпан айында Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан асатын екі зілзала бүкіл әлем елдерін дүр сілкіндірген еді. Жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 50 мың адамнан асып, зілзала көршілес елдер – Сирия, Ливан, Солтүстік Кипр, грекиялық Кипр мен Иранда да сезілген болатын.

 

Әзербайжанда Каспийдің мұнаймен ластану фактісі анықталды

Әзербайжан мемлекеттік экологиялық қауіпсіздік қызметінің және Каспий кешенді экологиялық мониторинг басқармасының қызметкерлері Хазар ауданы Шувалан кентіндегі теңіздің мұнаймен ластануына байланысты шағымды зерттеді. Агенттіктің дерегіне сүйенсек, бұл мәліметті мемлекеттік экологиялық қауіпсіздік қызметі берген.

Оның ресми өкілі Бахруз Мұхаммедов шағым бойынша іс жүргізу барысында жағалау сызығынан 200 метр қашықтықта, сондай-ақ теңіз бетінде жартасты жерлерде мұнай дақтары анықталғанын хабарлады.

«Ластанған аумақта теңіз суының тиісті үлгілері мен құрлықтан үлгілер алынды. Қазіргі уақытта зерттеулер жалғасуда», – делінген хабарламада.

 

Солтүстік Корея Жапонияға барлау спутнигін ұшырмақ

Солтүстік Корея Жапонияға 24-31 тамыз аралығында барлау спутнигін ұшыру ниеті барын жеткізді. Әскери барлау спутнигі Сары және Шығыс Қытай теңіздері бағытында ұшырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі UPI басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапония, Америка Құрама Штаттары және Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяға спутник ұшырмауды қатаң түрде ескертті. Ал, Токио қорғаныс министрлігі қауіптің алдын алу үшін біршама шараларды қарастырып жатыр.

«Солтүстік Кореяның бірнеше рет баллистикалық зымыран ұшыруы Жапонияның, аймақтың және халықаралық қауымдастықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне кесірін тигізеді», – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы.

Дайындаған Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support