- Advertisement -

Үшемнің анасы

129

- Advertisement -

Іңгәлап, өмірге сәби келсе, шаңырақтың шаттығы еселеніп, отбасының іргесі беки түседі емес пе?! Шу ауданындағы перзентханада үшемді дүниеге әкелген Шынар Нұраханова осындай күйде жүр.
Алғашқы болып өмірге келген үшемнің үлкені Әмина мен Айсұлтанның салмағы 1 килограмм 700 грамм болса, ал кішісі Әлия 1 килограмм 600 грамға әзер жеткен. Жеті айында шала туылған шақалақтар облыстық перинаталдық орталықтан бір ай бойы ем қабылдағаннан кейін үйлеріне оралған. Сөйтіп, бұған дейін екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отбасы үшеммен толықты. Ал алты бірдей баланың анасы «Күміс алқа» иегері атанып шыға келді.
Анасының айтуынша, қазіргі кезде сәбилердің денсаулығы тұрақты екен. «Іштегі шарананың үш айлығында аудандық орталық ауруханада ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, үшемді дүниеге әкелетінімді білдім. Мерзімінен бұрын босансам да, балаларымның жағдайы жақсы. Қазір үшеуінің де салмағы екі килограмға жетті», – дейді ол.
Үшемнің атасы мен әжесінің де қуаныштарында шек жоқ. Қазақ деген ырымшыл халық қой. Атасы Әлімжанның да үшемге ырымдап Елбасының қызы мен жиенінің атын қойыпты.
– Қазақ шала туылған баланы тымаққа салып өсірген ғой, ал қазір технология дамыған заман. Немерелерімізді облыстық перинаталдық орталыққа әкетіп, арнайы күтімге алса да, уайымымыз көп болды. Аттарын ырымдап қойғаным да содан. Енді, міне үйге келіп аман-саулықтарына көз жеткізіп, мәре-сәре болып жатқан жайымыз бар. Шынымды айтсам, үшемнің дүниеге келуі біздің әулетте бұрын-соңды болған емес. Сол себепті, біз үшін бұл күтпеген жаңалық. Қазақта «Егіз қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Алланың берген сыйы ғой, – десіп ата-әжесі немерелерінің аман болуын тілеп отыр.
«Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар. Үш баласы бардың бұқарада пұлы бар» деп, қазақ тегін айтпаса керек. Әрине, әр бала өз несібесін ала туады. Десе де, біз сөз қылып отырған отбасы иелерінің жалдамалы пәтерде тұратынын ескерсек, шаңырақ иелеріне отбасын асырау оңайға соқпасы айтпаса да белгілі. Үшемнің әкесі Батырбектің қандай да бір арнаулы немесе жоғары білімді мамандығы жоқ болғандықтан, түрлі жалдамалы жұмыста. 2001 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар алғашында Ақбақай елді мекеніндегі өздерінің жеке үйлерінде тұрып, Батырбек сол жақта көлік жүргізушісі болып жұмыс істепті. Жұмыс тоқтап қалған кезде отбасымен Алматы, Астана қалаларында пәтер жалдап, ыңғайы келген жұмыстан тартынбапты. Өткен жылы туған жеріне қайта көшіп келіпті.
– Былтыр аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына жолығып, жерге кезекке тұрмақ болдым. Олардың бар айтқаны: «Барып бос жер тауып кел!» болды. Ал балаларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы алу үшін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғанымда мекеме қызметкерлері: «Өз атыңа жазылған мекенжай анықтамасын әкеліп бер!» — деп шығарып салды», – дейді Шынар Нұраханова.
Ана болған соң Шынардың уайымы көп. Бұрын үйелменді-сүйелменді үш баласымен көшіп-қонып жүрсе де, аса қатты алаңдамайтын. Бастысы дендерінің сау болғанын тілеп, баспананың жоқтығын ойлап, бас қатырмайтын. Үшем дүниеге келгелі мазасыз болып алған. Енді үшеуін жетелеп, үшемді арқалап көше алмайтынын жақсы түсінеді.
Бала өскен сайын қажеттіліктерінің қатар артатыны айдан анық. Сондықтан да алты баланың ата-анасына көмек қажет-ақ. Басқа өңірлерде, тіпті осы облыстың өзінде жағдайы төмен отбасыларға асарлатып үй салып беріп жатқандар бар. Біздікі өңіріміздің қалталы азаматтары мен жергілікті билік өкілдері алты балалы отбасының баспанамен қамтылуына көмек қолын созып, жәрдем берсе деген ниет қана.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support