- Advertisement -

Жақсылармен өткізген жарқын сәттер

199

- Advertisement -

«МАҚҰЛБЕК РЫСДӘУЛЕТТІ АЛДАП КЕТКЕНДЕЙ БОЛДЫМ»

Әр басылымның өз орны бар десек те, тасқа басылған жүз жылдық тарихы бар «Aq jol» газетінде еңбек ету, тіпті «Aq jol» газетінің жаңа нөмірін қолына алып оқу бір ғанибет деп ойлаймын. Мен де облыстың бас газеті туралы есімді білгелі естіп келемін. Екінші сыныптан бастап оқырманымын. Бір сөзбен айтқанда, Баттал Жаңабайұлы басқаратын «Еңбек туы» кезінен білемін. Кейіннен Баттал ағамызбен танысып жүздестік. Ол кісінің бүгінгі күні ортамызда жүргені де үлкен бақыт.

Бұл газетке Арғынбай Бекбосын бас редактор болған кездер жадымда жақсы сақталған. «Еңбек туын» «Aq jol» деп ауыстыру да сол кісінің басшылығы кезінде орын алды. Газет батылданып, өткір мәселелер көтерді. «Aq jol»-дың қазақтың дана ақсақалы Дінмұхамед Қонаевқа және аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа араша түсуі осы тұста орын алды.

Белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев та «Aq jol» газетін он жыл басқарды. Ол кезең газет шығару түгілі халықтың күнкөрісі қиындаған, алты айлап айлық, зейнетақы берілмеген жылдар еді ғой. Сондай қиын шақта ол кісі «Aq jol» газетін тоқтатпай шығарып жатты. Кейіннен Арғынбай ағамен де, Әлдихан ағамен де танысып, өнегелі сөздерін естідік, тәрбие алдық.Тіпті Әлдекеңмен облыстық «Ar-Ai» жастар газетінде 7-8 жыл бірге еңбек еттік. Менің басымда да осындай сәттіліктер болды.

Тағы бір жылы естелікті Мақұлбек Рысдәулет ағаға арнағым келеді. Айтпақшы, 2005 жылдың қаңтар айында «Мені газетке жұмысқа алыңыз» деп бас редактор Махаңа кіріп барғаным бар. Ол кезде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында сырттай оқимын, ауылымдағы орта мектепте әдебиет үйірмесінің жетекшісі едім. Сондағы ол кісінің ақылды шешімін әлі де ұмыта алмай, еске алып жүремін. «Тілшілік жұмысқа жарты бірлік штатпен алатын едім. Ол қаржыға бұл қалада өмір сүре алмайсың. Толық штатқа алуға орын болмай тұрғаны», деді.

«Мені қинай беріңіздерші!..»

Содан «Aq jol» газетіне ауысу бақыты маған 2015 жылдың 11 маусымы күні бұйырды. Сол кездегі директор-бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлы шақырып алып: «Бірден жұмысқа аламын істеймін десең. Көрейін, кейін деген сөзді естігім келмейді», деді «Жарайды» деп келісіп, жұмысқа кірістік те кеттік қой. Мәдениет және спорт бөліміне қабылдандым. Бөлім басшысы Табиғат Абаилдаев, тағы бір тілші Жанғазы Ахмет үшеуміз аталған бөлімнің атандай жүгін лайықты көтердік деп ойлаймын.

Көп ұзамай Рамазан айы басталды. Редакцияда біразымыз ораза ұстадық. Күн деген күйіп тұр, аузымыз берік. Аудандарға іссапарға кетеміз. Аузы ашық жұрт түскі ас ішіп жүргенде, біз көлікте отырамыз, сол елді күтіп. Осы жағдай бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлының құлағына жеткен екен? Көсекең бірінші орынбасары Ақылжан Мамытты шақырып алып: «Анау Есеттің де аузы берік екен. Шыжыған ыстықта аудандарға жібермей қоя тұрыңдаршы» деп тапсырып жанашырлық танытыпты. Ақылжан ағай мені шақырып алып осы жағдайды айтқанда, редакция басшылары мүлдем жұмсамай қоя ма деп шошып кеткен мен: «Ақылжан ағай, ештеңе жоқ, мені қинай беріңіздерші!» деп қойып қалғанмын ғой.

«Әй, құрдас, сені Қордайдың қыздары іздеп жүр…»

«Aq jol» газетіне ауысқан алғашқы апталарым. Бір ұжымнан екінші ұжымға ауысу, ортаға үйрену жеңіл нәрсе емес. Кішкене көңіл-күй болмай, алаңдап жүрген кез. Бұл жақта газет аптасына үш рет шығады. Кезекті газет шығып қарбаласып жатқан сәттің бірінде ішкі телефоным шырылдап қоя берді. Сыңғырлаған қыздың даусы. «Әй, құрдас, не бүлдіріп жүрсің сен? Сені Қордайдың қыздары іздеп жүр ғой. Не бүлдіргенсің?» дегені. Қапелімде аузыма сөз түспей: «А-а-а, қандай қыздар? Шудың қыздары шығар. Жақында Шуға барып едім» деймін сасқалақтап. Кімнің қоңырау шалып тұрғанын да айыра алар емеспін.

Жастар газетінде жүргенде соңғы рет Шуға іссапармен барған едім. Анау дауыс телефонда бастырмалатып қоятын емес: «Шудың қыздары ма, сені сұрап, жанымызды қоятын емес. Қоңырлатып қай жақта ән салып жүрсің?» деп алқымдап, жанымды алып барады. «Қоңырлатып…» деген сөзден соң ғана әлгі дауысты таныдым. Бұл қоңырау шалып тұрған «Aq jol»-дың компьютерлік бөлімінің меңгерушісі Жанна Бейсенқұлова құрдасым еді. Сол шығып жатқан кезекті нөмірге Қордай ауданы өнерпаздарының Тараз қаласында Тұңғыш Президент атындағы саябақта қойған концертінен ақпараттық негіздегі мақала беріп, «Қордайлықтар ән салды қоңырлатып…» деп тақырып қойған едім.

Менен кейін бірнеше бастық қараса да, тақырыбым өзгермей, бас беттеуші Жанна Ақбергенқызының алдынан бір-ақ шығыпты. Жанна енді шарқ ұрып соның суретін сұратып жатыр екен. Сол сурет сұрағанының өзі әзілмен еді. Сол сәтте көңілім алаңдап жүргенде құрдаспен әзілдесіп бір жасап қалсам, кезекті мақаламның шығатынына және қуанған едім.

« Әкем ауырып жатыр …»

Содан зымырап уақыт өте берді. Жұмысқа кірерде бас редактор «Бұл аптасына үш рет шығатын жауапты газет. Айтысым еді, жарысым еді деп көп сұрана бермейсің» деп уәдемді алып алған. Сондықтан бас редактордан беталды сұрана бермейміз. Өзі шақыртпаса, кабинетіне кіріп баруға да батылымыз жете бермейді. Сондай күндердің бірінде Жамбыл ауданында облыстық жас ақындар айтысы өтетін болып, мені құрметтеп қазылар алқасының құрамына қосып қойыпты.

Барайын десем сұрану қиын, бармайын десем, күтіп отырған ел-жұрттан ұят. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жол табуым керек болды. Ол кезде экономика бөлімінде істеуші едім. Бөлім бастығым – Баймаханбет Ахмет. Не болса да, сол кісіден екі сағатқа деп сұрануым қажет болды. Не сылтау айтамын, айтысқа барам десем ол кісінің де жібере қоймайтыны анық. Сонымен, бір амал таптым. Баймаханбет бастығымның кабинетіне кіріп барып: « Ағай, әкем ауырып қалып, дәрігерлерге көрсететін едім. Екі сағатқа жібересіз бе?» демеймін бе. Өтірік айтып тұрғанымды қайдан білсін, бөлім бастығым елжіреп кетті. «Ойбу, қария ауырып қалды ма, бара бер. Түске дейін боссың. Жақсылап емдет. Ақсақал әкесіне алаңдаған баладан айналмайсың ба?» деп мақтауымды да асырып жіберді. Бетім өрттей қызарып (ұялған түрім де) бөлім меңгерушімнің кабинетінен шықтым да, Аса қайдасың деп тартып отырдым. Жастар айтысына қазы болып отырмын.

Менің өзге қазылармен бірге қалшиып отырған сәтімді бейтаныс жігіттер шыртылдатып түсіріп жүрген. Жастар орталығының бір пысық қызы «Жамбыл ауданында айтыс өтіп жатыр» деп «Фейсбук» әлеуметтік желісіне таратып жібереді. Суреттерді салуды да ұмытпайды. Ішінде менің қазы болып қалшиып отырған суретім де бар. Оны бас редакторым да, бөлім меңгерушім де міндетті түрде көреді ғой. Сонымен не керек, түс қайта бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлының алдында басым салбырап отырдым. Өтірік айтқаным үшін Баймаханбет Ахмет те басымнан сипаған жоқ. Айтыс үшін осылайша сап-сау жүрген әкемді «ауыртып» қойғаным бар.

«Зам редакторға да бата алмаймыз ғой…»

«Aq jol» газетіне жаңа ауысқан қызыққа толы жылдар ғой. Бөлім меңгеруші Табиғат Абаилдаев әлеуметтік желімен көп жұмыс істейтін, көзі ашық азамат. «Он жас ол да құрдас» дей ме, менен он жас кішілігі болса да, қалжыңдаса беретіні бар. Мәдениет бөлімінің тілшісі болғандығымнан мен жазған материалды бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова үстінен қарап шығады, қатесі болса жөндейді. Бір сөзбен айтқанда, сол кісіге кәдімгідей тәуелдіміз. Бірде Табиғат әлеуметтік желіні ақтарып отырып бір видео тауып алды. Қысқа ғана видео. Әлгі видеода Тұңғыш Президентіміздің алдында бір топ зиялылар отыр.

Шерхан Мұртаза сөйлеп тұр. «Араны ашылған қасқыр не аңды алады, не аңшыны алады» деп батыл айтып жатыр. Сол жерде мен: «Ой, Шер- ағанікі не деген батылдық. Президентке қалай қалай сөйлейді, ә-ә. Нағыз батыр ғой, шіркін!» деп тамсанамын ғой. Сонда Табиғат: «Сіз ше? Сіз бетке айта алмайсыз ба?» дейді ғой. Сол сәтте: «Ой, бізде ондай батылдық қайдан болсын?! Президентке айтпақ түгілі, «Aq jol» газетінің «зам редакторы» Фариза Жорабекқызына қарсы ештеңе айта алмаймын ғой» деп күлдіргенім бар. Бұл сөз редакцияға тегіс жайылып кетіп, әріптестерім біраз күн күліп жүрді.

«Aq jol» газетінен кетемін»

2018 жылы ғой. «Aq jol» газетінің редакциясында біраз ауыс-түйістер болып қалды. Бас редактор болып Қуат Әуесбай келді. Бас редактордың бірінші орынбасары қызметіндегі Ақылжан Мамыт ағай меншікті тілшілікке төмендеді. Жауапты хатшы Әділбек Баққараев өз еркімен қызметінен кетті. Сол жағдайлар әсер етті ме, мен кезекті еңбек демалысымды алып, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан шығатын «Ғұмыр- Дария» газетіне жауапты хатшы болып кеттім. Бірақ «Aq jol» газетінен шыққан жоқпын.

Еңбек демалысындамын. Жаңа бастығым– Жаңабай Миллионов «Aq jol» газетіндегі жұмысыңнан шығып келсеңші» деп өтіне береді. Мен қызды-қыздымен аға газеттегі жұмысымнан шығып кете жаздадым. Сол күндерде ұялы телефоным шырылдайды. Көтерсем Оралхан Дәуіт: «Есет, сен олай жаңылыспа. «Aq jol» деген үлкен шаңырақ. Ол жерден кетпе. Айтарым осы», деді. Сосын ақылға салып көрсем, Орекеңдікі дұрыс екен. Сөйтіп, «Aq jol» газетінен кеткен жоқпын. Артынша 2-3 айда Көсемәлі Сәттібайұлы қайтадан бас редактор болып келді. Арада екі жыл өткенде 2020 жылы Оралхан Дәуіт бас редактор болып келді.

 «Марат аға, тұрасыз ба «воротаға»

«Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Марат Құлибаев екеуміздің хикаямыз өте ұзақтан басталады. Кезінде екеуміз де жастар газетінде жұмыс істедік. Қазір аға газетте біргеміз. Ол кісі Жуалыда жүргенде қоңырау шалып: «Марат аға, Марат аға тұрасыз ба «воротаға» деуші едім. Марат ағай екеуміз кейде жұмыстан бірге жаяу қайтатынымыз бар. Бірақ кейінгі кезде екеуміз де машиналы болып қалдық. Бұрынғыдай, бірге қайтпаймыз. Сонда Марат ағаның: «Еске, бұрын көлігіміз жоқ кезде жаяу бірге қайтушы едік. Енді қарашы, Құдайға шүкір, машинамыз бар. Бірақ бірге қайта алмаймыз. Қай кездің де қадірін біліп жүруіміз керек екен-ау» дегені бар. Жуалының Ақбастау ауылына күйеумін. Сондықтан Мақұлбек Рысдәулет ағай да «Күйеубала қалайсың?» деп қоюшы еді.

Осы газетте еңбек еткен жуалылық Жамбылбек Шоқыбас та «күйеубала» деп әбден ойнайтын. Қазір жуалылық Есен Өтеулиев «жезделеп» ойнағанда ағаларынан кем түспейді. Маржан Рақай «Өзі жезде, өзі кезбе» деп ойнаған кезде түбін түсіреді. Ал өзім Амангелді Әбіл ағамен әзілдесіп, бір жасап қаламын жұмыстан шаршаған кезімде. Менен бұрын Эльвира Жарылқасынова, Фариза Әбдікерімова, Марат Диханбай «Aq jol» газеті жайлы жылы естеліктер жазды. Қызыға оқып шықтым оларды. Енді менікі де оқырман көңілінен шығады деген сенімім мол.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support