- Advertisement -

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

142

- Advertisement -

облыс әкімі басшылар жұдырықтай жұмылғанда ғана туризм саласы дамитынын қадап айтты

Бүгінгі таңда туризм саласы әлемдегі ең тиімді табыс көзі болып табылатыны, экономиканың басым бағыттарының біріне айналғаны мәлім. Кейбір деректерге қарағанда дүниежүзі бойынша туризмнен түсетін табыс мұнайдан түсетін табыстан кейін екінші орын алатыны жайлы да айтылып жүр. Көптеген елде туризм жалпы ұлттық өнімнің артуына, қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сыртқы сауда байланысының белсендірілуіне өте үлкен ықпал етеді.
Бұл бағытта туризмге тартымды өңірлердің бірі болып табылатын, тарихы тереңнен тамыр тартатын көне жәдігерлерге толы облысымызда да бірнеше жылдан бері бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда, оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Неліктен? Осы сауалдың себебі мен салдарына облыс әкімі аппаратының кезекті мәжілісінде жан-жақты жауаптар қарастырылды. Саладағы кемшіліктер ашып көрсетіліп, түйінді мәселелердің күрмеуі қай тұстан тарқатылу керектігін облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының өзі көрсетіп берді. Аппарат жиынында алдымен өңір басшысы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалған Гамлет Қайнарбековті құттықтап, жаңа қызметінде жемісті жұмыс атқаратынына сенім білдірді.

Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселеге кезек келді. Қолға алынып, жасалынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңірлік туризмнің жай-күйіне тоқталды.

– Өткен жылғы жағдай бойынша елімізде 2031 туристік ұйым, 138 062 жатын орын сыйымдылығымен 2754 орналастыру орны жұмыс істеуде. Ал облысымызда орналастыру орындарының саны – 146. Бір қонақ үйдің («Aray Plaza») 5 жұлдызды санаты және 3 қонақ үйдің («Inju», «Сhalet», «Ark Ms») 4 жұлдызды санаттары бар. Есепті мерзім ішінде өңірімізге келген туристердің саны 90 776 адамды құраса, оның ішінде 2 545-і шет елден келген, ал қалған 88 231- і қазақстандық саяхатшылар.
Қазақстандағы жатын бөлмелердің саны 60427 болса, облыста 1776 бөлмені құрайды. Бұл ретте Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан ілгері тұрмыз. Орналасу орындарымен көрсетілген қызмет көлемі республика бойынша 82 853 434 теңге болса, облыс бойынша 1004 788 теңге. Қазақстанға келетін туристердің басым көпшілігі Астана, Алматы қалаларына келетін болғандықтан, олардан түсетін қаржы да сол қалаларда қалады. Біздің облысымыз бұл көрсеткіш бойынша да Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарынан жоғары, дегенмен, өкінішке қарай соңғы қатарда тұр, – деді Қарлығаш Аралбекова.
Туризм саласына кіріс түсіретін шет елдік туристер екені айтпасақ та түсінікті. Баяндамашының сөзіне сенетін болсақ, былтырғы жылы Алматы мен Астана қаласына 7 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде, 40 пайызын шетел туристері құрайды. Ал біздің облысқа 90 776 турист келген, оның ішінде, резиденттер емес туристердің саны бар-жоғы көрсеткіштің 2,8 пайызын құрап отыр. Айта кету керек, облысымызға келушілердің басым көпшілігі, яғни 64 пайызын ОҚО, Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарынан келген қонақтар, ал резидент еместердің басым бөлігі Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Қытай елдерінен келген туристер.
Басқарма басшысы, туристерді өңірге тарту – туроператорлармен бірге атқарылатын жұмыс екенін айтып, туристердің өңірімізге тартылуы өңірлік туристік инфрақұрылымның жағдайына, сол сияқты туроператорлардың қызмет көрсету сапасына, материалдық жағдайына да байланыстылығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, туристік ұйымның көп болуы, шет ел туристерінің өңірімізге келу санын ұлғайтады. Алайда, баяндамашыны мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы ең алдымен келушілерге қолайлы жағдай жасауды өзіміз жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.
– Түптеп келгенде, өзімізге-өзіміз жанымыз ашымаса, ешкімнің басы соншалықты ауыра қоймайды. Бәрі бизнес жолында ақша табуды ойлайды. Рас, туризм саласынан табыс алу үшін, алдымен шығындалу қажет. Жамбыл жерінің жайсаң жұрты, таңғажайып табиғаты, терең тарихы кім-кімді болсын таңғалдырмай, тартпай қоймайды. Тек соны өзіміз жарнамалау, таныту керекпіз. Әсем табиғат аясындағы демалыс орындарымыз бен тарихи нысандарымыздың айналасына қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмес шаруа. Жол, су, жарық тарту солардың негізгісі. Қазір бірқатар нысандарға жол салу жұмыстары жүзеге асуда. Жол бойы сервистік кешендерін тұрғызуды да назардан тыс қалдырмау керек. Тарихымызды танытқанда, туризмді дамыта аламыз. Бұл ретте, басқарма аудан әкімдерімен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізу керек. Ол үшін тиянақты жоспарлы-жобаны әзірлеп алған абзал, – деген өңір басшысы басқармаға, аудан басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Қарлығаш Аралбекова өңірлік туризмді өрістету жолындағы басқарма тарапынан алдағы уақытта атқарылар жұмыс жоспарын және ЭКСПО көрмесінің барысы бойынша бекітілген шаруалар ойдағыдай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support