- Advertisement -

«Нұрлы жолдың» игілігін халық көруде

145

- Advertisement -

Елбасы қолдауымен еліміз аумағында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен жалпы көлемі 4,29 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, бірнеше жүздеген отбасы қоныс тойларын тойлады. Соңғы жылдары Тараз қаласында 1760 пәтерлі 24 үй – «Астана», 1086 пәтерлі 31 үй «Бәйтерек» шағын аудандарынан бой көтерді.
Жыл сайын тұрғын үй кешені көптеп салынып, іске қосылып жатса да баспанаға деген сұраныс азайған емес. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мың адам, ал Тараз қаласы бойынша 13,8 мың адам баспана алуға кезекте тұр. Бұл азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейді.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы халыққа Жолдауында: «2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады» деп атап көрсетті. «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігін жамбылдықтар да көруде. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында «Арай» тұрғынжай алқабы бой көтеруде. Мұнда барлығы 19 көп қабатты тұрғын үй салынады. Бүгінгі күнге дейін оның бесеуі пайдалануға тапсырылды.
Биылғы бірінші жартыжылдықта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 80 пәтерлі, аумағы 69,6 мың шаршы метр болатын 10 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 6 үй 4,4 миллиард теңгеге құнды қағаздар шығару арқылы жүзеге асса, «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы жүйесі бойынша 4 тұрғын үй салынды. Жаңа тұрғынжай алқабы барлық қажетті инфрақұрылымдық-инженерлік жүйелермен қамтылған, қазіргі таңда абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде.
Осыған байланысты Елбасы өзінің Жолдауында: «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған» деп атап көрсеткені белгілі. Биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында облыста Ұлттық қор есебінен төрт тұрғын үйдің құрылысына 1,6 миллиард теңге бөлініп, Тараз қаласынан екі, Жамбыл ауданы Аса ауылынан бір тұрғын үй салынып, пайдалануға тапсырылды. Тағы бір үйдің құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталатын болады.
Жалпы, облыс көлемінде «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы уақытта Тараз қаласында 14-ші және 15-ші шағын аудандар бой көтереді. Осы мақсатқа 462 гектар жер телімі бөлінді.
Сүлейменов көшесінің соңынан салынатын 15-ші шағын ауданның құрылысы үшін 362 гектар жер телімі бөлініп, бұл аумақта егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес, 10300 пәтерлі 309 көп қабатты және 922 жеке тұрғын үй, екі балабақша, екі мектеп, 150 орындық емхана мен перинаталдық орталық ғимараттары бой көтермек.
Қазіргі таңда аталған шағын ауданда көп қабатты 35 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда, 10 жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарын осы жылы құнды қағаздар шығару арқылы іске асыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа шағын аудандарда жеке тұрғын үйлердің тұрғын үй құрылысы комбинаты арқылы бірыңғай сәулет стилінде салынуына айрықша мән берілетін болады. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек те көрсетеді.
Қазіргі таңда 15-шағын аудан магистралды және ішкі кварталдық инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілуде. «Автовокзал» аумағында бой көтеретін 14-шағын аудан үшін 100 гектар жер телімі бөлінген. Онда егжей-тегжейлі жоспар бойынша 5460 пәтерлі 49 көп қабатты тұрғын үй салынатын болады. Одан бөлек үш балабақша, екі мектеп, ауысымына 500 келушіге арналған емхана, 200 төсектік онкологиялық диспансер, басқа да әлеуметтік нысандар ел игілігіне беріледі.
Жалпы, Елбасымыздың қолдауымен іске асырыла бастаған тұрғын үй құрылысы бағдарламалары аясында облыс көлемінде тындырылған тірліктер көп-ақ. Бұл іс бұдан әрі қарай да өз ырғағымен жалғаса беретін болады.

Нұрлан СЕРІКБАЕВ,
облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support