- Advertisement -

Шын мықтыға тұсау жоқ

132

- Advertisement -

облыс Тілшілері бильярд ойынынан Мұса Рахманбердиев атындағы додада шеберлік сынасты

БАҚ өкілдерінің төл мерекесі қарсаңында бильярдтан жазушы, журналист Мұса Рахманбердиев атындағы дәстүрлі дода өткізілді. Тараз қалалық әкімдігі мен облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасы бірлесіп ұйымдастырған жарысқа жиырмадан астам журналист қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Бильярдтың америкалық түрі бойынша өткен сында тілшілер жеребеге сәйкес жұпталып, олимпиадалық жүйе бойынша жеңіліске ұшыраған ойыншы жарыстан шығып отырды. Турнирде «77 ТV» телеарнасының қызметкері, тастаяқтан әлем чемпионатының қатысушысы Ғани Шабдарбаев жеңіске жетті. «Шын шеберге тұсау жоқ» демекші, Ғани бірінші кезеңде республикалық «Жас Алаш» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибекті оңай ұтса, екінші кезеңде «77 ТV» телеарнасындағы әріптесі Серік Тәжібайды жарыс жолынан шығарды. Үшінші кезеңде «Арай» жастар газетінің бөлім меңгерушісі Саятхан Сатылғанов та әйгілі қарсыласына қарсы еш қайран қыла алған жоқ. Жартылай финалда «Арай» газетінің атынан қатысқан Олжас Сәтбекті ұтқан Ғани Шабдарбаев ақтық сында облыстық «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Бекет Момынқұлды 2:1 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.
Сонымен жарыс қорытындысында «77 ТV» телеарнасының намысын қорғаған Ғани Шабдарбаевқа бас жүлде бұйырды.
Дәстүрлі доданың дәстүрі бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсете білген тілшілер марапаттан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында «Үздік ойыншы» атанған «Ақ жол» газетінің бөлім редакторы Баймаханбет Ахмет пен «арайлық» Саятхан Сатылғанов бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттаған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай төртінші билік өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support