- Advertisement -

Қыздар қырық үйден де тыйылмай тұр

99

- Advertisement -

Бүгінде «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген заман болды. Болашағын ойлап, бас ауыртпастан, шалыс басып, некесіз бала туып, өз перзенттерінен жерініп жатқан «көкек» аналар көбейіп бара жатыр. Мұндай жағдайға тікелей ата-ана кінәлі деп ойлаймын. Әсіресе, қызына дұрыс тәрбие бере алмаған аналардың «үлесі» көп. Туыла сала тағдырдан теперіш көріп, әжетхана мен қоқысқа тасталатындай нәрестенің не жазығы бар?!
Бойына біткен шарананы қыздарымыз жасанды түсік арқылы алдырып тастап жатқан жайын да бүгінде көптеп кездестіруге болады. Меніңше, бұл жағдайда түсік жасатқан қызды да, дәрігерді де жазаға тарту керек. Ең болмағанда сөйтіп алдын алу керек шығар.
Бұл келеңсіздіктер тексіздік жайлаған, намыс пен ар деген ұғымнан ада елдерге еліктеудің нәтижесі. Әйтпесе, қазақ қашаннан бойжеткендерін «қызға – қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деп тәрбиелеген ел емес пе еді?!
Қыз балалар мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, үлкен қалаларға қадам басқан соң, көптеген қылығы шыға бастайды. Бойларында ар мен намысы жоқтары арсыз іске барып, өздері секілді қу жігіттердің «тұзағына» түсіп қалып жатады. Бұл аралықта жігіттеріміздің де қазақтың қаракөз қыздарына деген қамқорлықтарының жоқ екенін байқауға болады.
Меніңше, қыздарымыз мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспас бұрын оларға ерте жүктілік пен некесіз қарым-қатынастың азапты салдарын жіті түсіндіру керек. Әсіресе, гинеколог мамандар осы жолда көп еңбектену керек секілді.
Сондай-ақ, қыздардың алаңсыз жасанды түсік тастауының тағы бір себебі – бүгінде жекелеген медициналық орталықтардың көптігі. Олардың көпшілігінде мұндай қызмет түрі бар. Ал олардың қаншалықты заңды-заңсыз екенін тексеріп жатқан адам бар ма екен?! Әй қайдам!
Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ұлтымыздың анасы. Сондықтан қыздардың қылығына қоғам болып назар аударып, көңіл бөлгеніміз жөн болар.

Ердахмет Достемесұлы,
Шығанақ ауылының тұрғыны.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support