- Advertisement -

Алып адамдар болған ба?

305

- Advertisement -

Археологиялық қазбалар мен сүйек қаңқалары алыптардың болғанын жоққа шығармайды. 1821 жылы АҚШ-тың Теннесси штатында кұлаған тас қабырғаның астынан археологтар екі адамның қаңқа сүйегін тапқан. Бойы – 2 метр 15 сантиметрлік адамдар осында жерленген болып шықты. Алайда «мұндай бойшаң жігіттер өмірде бар ғой» деп ол уақытта ешкім де таңырқай қоймаған. Алайда 1879 жылы Висконсинеде, 1883 жылы Ютада, 1885 жылы Пенсильванияда табылған адамның бас сүйектері мен бойының ұзындығы олардың шын мәнінде, таңғаларлық «тұлғалар» екенін байқатқан. Бір қызығы, бейітті қазғанда біреу емес, бірнешеуінің қатар жерленгені белгілі болған. Бойлары да 2-2,5 метр төңірегінде. Алайда олар кімдер, шын мәнінде, деректер аз. Бұл туралы zheruiyq.kz сайтында Берік Бейсенұлы жазады.
1930 жылдары Австралияның Басарст қаласының маңайында қазан шұңқырларды қазу барысында алып адамның аяғы табылған. Антропологтар бұл таңғаларлық қаңқаларды мегантропустар деп жорамалдаған. Олардың бойы да адам шошырлық. 210-нан 365 сантиметрге дейін барады. Қазба зерттеушілері мұның Қытайда табылған «дәулердің» сүйектерімен шамалас келетінін анықтаған. Археологтар Қытай гиганттарының бойы 3-3,5 метр, ал салмағының 400 килограмм тартқанын айтады. Ал Австралиядан табылған алып адамдардың жанында темір, пышақ пен балта және тағы басқа тұрмысқа қажетті заттар бірге көмілген. Ол заттардың салмағы тоғыз килограмнан, ұзындығы бір метрден асады. 1985 жылы Австралияның осы аумағын зерттеген антропологиялық экспедиция қазаншұңқырларды тағы да үш метрге дейін қазып, қызық олжаға кезіккен. Зерттей келгенде, мегантропустардың тісі 42-67 сантиметр аралығында екенін анықтаған. Зерттеушілер мұндай тісі бар алып адамның салмағы мен бойы қаншалықты болатынын да есептеп шығарған. Мұндай жағдайда алыптардың бойы 7,5 метр, салмағы 370 килограмм болған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, алып тұлғалы азаматтар осыдан 9 миллион жыл бұрын өмір сүрген.
1877 жылдары Невада штатының маңайындағы сарқырап аққан өзенде алтын шаятындар борсыған топырақтың астынан шошайып тұрған бір затты көреді. Оны қазып алғанда адамның аяқ сүйегі болып шыққан және оның жақсы сақталғаны белгілі болды. Табылған олжаны мамандар мен дәрігерлер жіті тексеріп оның адамның аяғы екендігі дәлелдеген. Ең таңғаларлығы, алып дәудің аяғының өлшем бірлігі 97 сантиметр екен. Демек, антропологтар есептеп шығарғандай, оның бойының ұзындығы 3 метр 60 сантиметр болып шыққан. Динозаврлар дәуірінде өмір сүрген бұл алыптың басқа сүйектерін іздеу мақсатында арнайы экспедиция жіберілсе де, олар дерекке сеп боларлық ештеңе таппаған. Жалпы, дәу адамдар туралы деректер әлемнің әр қиырынан қылаң беріп отырады. 1936 жылы неміс палеонтолог-антропологы Ларсон Коль Орталық Африканың Элайзи өзені жағалауынан «бауырластар зиратында» бірге көмілген 12 қаңқаны тапқан. Бойының ұзындығы 350-375 сантиметр аралығында және олардың астыңғы-үстіңгі жақ сүйектерінің кейбірінде екі қатардан тістер болған.
Алып адамдардың болғаны аңыз ба, ақиқат па? Ғылым бұл жөнінде әлі де нақты бір тұжырым жасай алмай отыр. Десек те, жер бетінде өмір сүрген «дәулер» туралы деректер дүниенің әр қиырынан табылған. Қазақ ертегілерінде кездесетін Таусоғар мен Көлтаусар образдары да бекер алынбаса керек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support