Өсекке ергеннің өкініші көп болады

41

Есте жоқ ескі заманда бір бақуатты адам өмір сүріпті. Оның зәулім үйлері, мыңғырған малдары есепсіз көп екен. Дегенмен, сараң болса керек. Бірде бай базарға барып, құл сатып алмақшы болады. Тізіліп тұрған құлдардың арасынан арзанын іздепті.

Содан құлдардың арасынан арзан бағадағы құл кездесіп қалады. Бай бұған таңғалып, сатушыдан: «Бұл қалай, бұл адам жұмысты жай істей ме, жалқау ма?» деп сұрайды. Сонда сатушы: «Жоқ, байеке, бұл адам жұмысты жапырып істейді, тірлігіңіздің бәрін тындырады. Бір ғана кемшілігі бар» дейді. «Ол қандай кемшілік?» деп бай ерекше ықыласпен сұрайды. Сатушы сонда: «Бұл құлдың кемшілігі – адамдар арасына сөз тасиды, өтірік айтады» деген екен. Арзан затты жақсы көретін әлгі бай: «Сөз тасығанда тұрған не бар. Жұмысын жақсы істесе, болды емес пе? Мен осы құлмен сөйлесіп отырамын ба?» деп ойлайды да, әлгі құлды сатып алады.

Шынында да құл жұмысқа өте пысық екен. Байдың көңілін тауып, бар жұмысын істейді. Жұмыстың көзін табады. Оған әуелі бай қуанып жүреді. Бай бар жұмысын тындырып отырған құлын тыңдап, сөзіне құлақ асатын болып қалады. Байдың сұлу, жас тоқалы бар екен. Бірде құл өз қожайынының әлгі сұлу тоқалымен жанжалдасып қалады. Содан құл қожайынға: «Байеке, сіздің тоқалыңыздың басқа біреумен көңілі жарасып жүр. Сізге адал емес. Мен көзіммен көрдім» деп өсек айтады. Бай бұл өсекке сеніп, ашуланып, жап-жас тоқалын ұрып өлтіреді. «Ашу – дұшпан» деген осы да.

Негізі, тоқалдың ондай жаман іс-әрекеті жоқ еді. Кейіннен бай сабасына түскенде тоқалдың төңірегінде жүргендер оның таза екенін, ондай жамандыққа бармағанын айтқанда қожайын өкінеді. Ашуменен өзінің ағат қадамға барғанын түсініп, әлгі өсек тасыған құлын шақырып алып, өлім жазасына кеседі.

Міне, осылайша бір ғана өсек – сөздің кесірінен есепсіз малы бар бай адамның өзі зардап шегеді. Басында сол байдың өзі: «Сөз тасығанда тұрған не бар. Жұмысын істесе болды» деп ойлады емес пе? Міне, сол ойынан өзі опық жеді. Қазақта «Басқа бәле тілден», «Тіл – тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бекер айтылмаған. Бұл тәмсілден шығатын қорытынды қандай? Кім айтса да, қандай ауыр сөз айтса да, оны сарапқа салып, ойланған дұрыс. Ойланып, таразылап, зерделеп барып шешім қабылдаған жөн. Әйтпесе, ашу үстінде жасалған іс-әрекет сөз жоқ орны толмас өкініштерге алып келетіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.