- Advertisement -

О дүниенің қақпасы бар ма?

159

- Advertisement -

Ағамның қызын жаяу жүргіншілер жолағында көлік қағып кетіп, жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлерге жаутаңдап, аурухана есігін күні-түні күзетіп жүрдік. Араға апта салып, әрең дегенде ес жиған кездегі сіңлімнің ең бірінші сұрағы:
«Атам мен әжем қайда?» болды. Немеренің үлкені болған соң, атасы мен әжесінің қызы еді. Бірақ олардың о дүниелік болып кеткеніне де біраз жыл болған. Біз не дерімізді білмедік. Өйткені, бірдеңе деуге қыз тым әлсіз еді. Сіңліміздің жағдайы жақсарған соң, бұл туралы ұмытып та кеттік. Сөйтсек, тылсым дүниенің жұмбағы көп екен…
– Мен атам мен әжем болмағанда, бұл дүниеде болмас едім, – деді бір күні үйіне құдайы тамаққа барғанымызда.
– Неге? – дедік, құлағымыз елең етіп.
– Сол күні екі жағымда екі періште ме білмеймеймін, қалықтап ұшып отырып, жарқ-жұрқ еткен қақпаға бардық. Бірінші қақпа бірден ашылды да, екінші қақпаға барғанда ар жағынан атам мен әжемді көрдім. Оларға қарай ұмытыла бергенім сол еді, атам қолымен жасқап тоқтатты да: «Сен мұнда не істеп жүрсің? Бұл жаққа саған әлі ерте. Артыңа қайт!» деп қақпадан шығарып жіберді. Кейін есімді жисам ауруханада жатыр екенмін, – деді.
Сол кезде барып, оның есін жиған соң ата-әжесін бірінші сұрағанының мәнісін түсіндік. Біз білмейтін тылсым әлем құпияға толы. Әлі күнге дейін, сіңлім сол кезде шынымен де о дүниенің қақпасына барып келді ме екен деп ойлаймын.

Айсұлу Кеңесбай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support