- Advertisement -

Қанағат қарын тойғызады, ысырап соңғы малды сойғызады

90

- Advertisement -

Ата-бабадан келе жатқан асыл
қасиет – қанағатты ардақтап, ысырапқорлықтан аулақ болайық!
Облыстың барлық ардагерлеріне, мешіттердің имамдарына, мұсылмандық әдет-ғұрыптарды
ұстанушы барлық азаматтарға!

Біздер, облыстың бір топ ардагер-ақсақалдары ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын өз ортамызда талқылап, пікір алысқаннан кейін қазіргі кезде өзімізді толғандырған, қынжылыс туғызар мәселелер туралы Сіздерге – облыс тұрғындарына ой салуды жөн санадық. Өйткені, рухани жаңғырудың бір ұшының дінге келіп тірелетіні белгілі. Өткен сәуір айында Елбасымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесуде Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын да атап өтті. Құдайға шүкір, қазірде Алланың жердегі үйі саналатын, жұртқа имандылық қағидалары туралы уағыз айтылатын мешіттер көбейді. Оларға келіп, намазға жығылушылар саны да артып келеді.
Біздер, осы мешіттердің, оларды басқарып жүрген имамдардың жұмысына баға беруден аулақпыз. Десек те, соңғы кездері мұсылмандық салттарды атқаруда, әсіресе, фәниден бақиға аттанғандардың қонақасын, қырқы мен жылдық асын өткізу барысында орын алатын келеңсіздіктер туралы үнсіз қалуды жөн санамадық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, ашығын айтып жұртқа дұрыс жол көрсетер қоғамдық пікір туғызуды көздедік.
Қасиетті Құранда Алла тағаланың ысырапшылдықты жақсы көрмейтіні туралы айтылған. Ал Пайғамбардың хадистерінің бірінде «Дарияның жағасында тұрсаңдар да ысырап етпеңдер» делінген.
Міне, бүгін біздер баршаңызды мақтаншылыққа салынып қаралы дастарханды бәсекеге айналдырудан, орынсыз ысырапшылдыққа барудан сақтануға шақырамыз.
Біздер, өмір көрген, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алатын, аталы сөз айта алатын ел ақсақалдары ретінде жаман әдеттерден тыйылатын, ырыс-берекенің қадірін білетін оразаға ниет еткен қасиетті айда жұртшылыққа, әсіресе, тез еліктегіш жастарға әкелік қамқорлығымызды, жанашырлығымызды танытатын төмендегідей ұсыныстарымызды ортаға салып отырмыз.
Бірінші: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаназа өткізу тәртібі туралы пәтуасы бар екендігінен хабардармыз. Бірақ оның талаптары қалай орындалып жүргенін білу еш мүмкін емес. Осы себептен де онымен жұртшылықты кеңінен хабардар ету қажет деп санаймыз. Бұл істі имамдар жер-жердегі ардагерлер кеңестерінің беделді ақсақалдарымен бірлесе отырып жүргізуі тиіс.
Екінші: Өңір халқының дәстүрлерін ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонақасы мен жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртібін қалыптастырып, ұсынатын кез жетті. Қазаға жайылған дастархан өте қарапайым болғаны жөн.
Үшінші: Бүгінде түрлі діни ағымдар көбейіп кеткені жасырын емес. Жастар арасында теріс діни ағымдарға еліктеу үрдісі байқалып отырғанын, ал мұндай салтымызға тән емес құбылыспен күресу қажет екендігін атап көрсеткен Елбасымыз жігіттердің ұзын сақал өсіріп, шолақ балақ шалбар киіп, қыздарымыздың қара орамал жамылып жүргендері ұшырасатынын өте орынды сынады. Шынында да, қара жамылу ата салтымызда жоқ. Жастарды мұндай жат әдетке барудан тыю үшін не істеу қажет? Әрине, дін өкілдері мен ардагер-ақсақалдар жастар ұйымдарымен бірлесе отырып насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізулері керек.
Төртінші: Бүгінде ақпарат заманы. Жас кезімізде біздің түсімізге де кірмеген неше түрлі қалтафон, смартфон дегендеріңізді еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұстайтын болды. Ал телеарналардан күндіз-түні берілетін неше түрлі бағдарламаларда, көркем фильмдерде қатыгездікке, моральдік азғындыққа, нәпсіқұмарлыққа баулитын көріністер жоқ емес. Кітап оқымайтын, газет-журнал бетін ашпайтын ұрпақ өсіп келеді. Жастардың санасы улануына төзіп отыра беруге болмайды. Кешеуілдеткенімізді ата-бабалар рухы кешірмейді. Демек, бұл бағытта да ардагерлер мен дін өкілдерінің жастар ұйымдарымен бірлескен жұмыстар атқаруы талап етіледі.
Біздің осы ұсыныстарымыз көпшілік тарапынан түсіністікпен қабылданады, облыстың барлық қала, аудан, ауылдарындағы мешіттерінде жұртшылықтың кеңінен қатысуымен талқыланады, сөйтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан мұсылмандық салттарды қатаң сақтауға шақыруымыз әр жүрекке жетіп, ысырапшылдық, мақтаншылық сияқты жаман сипаттардан арылуға көмектеседі деп үміттенеміз.

Облыстың ардагер-ақсақалдары және дін өкілдері атынан қол қоюшылар: қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар КӘРІБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр ЖҰМАБАЕВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек ТҮСІПОВ, облыстың Құрметті азаматтары Баттал ЖАҢАБАЕВ, Тілеуқабыл ТӨРЕБЕКОВ, Нәрейім СЕЙДУАЛИЕВ, Саттар ЖАНӘБІЛОВ, Жақсылықбай ТӘЖІБАЕВ, Щорс ШАРАФУТДИНОВ, Сембек СЕЙДАЗІМОВ, Тараз қаласының Құрметті азаматы Оңласын ЕСІРКЕПОВ, Шу ауданының Құрметті азаматы Жәнібек МАЙҚАНОВ, еңбек ардагері Амангелді ОМАРОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай МИЛЛИОНОВ, ардагер журналист Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support