- Advertisement -

Қанат пен Жанқош жеңіске жетті

109

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінде Қазақ лақап атымен танылған Қанат Ислам мен жамбылдық жампоз Жанқош Тұраров мұхиттың арғы бетінде кезекті жекпе-жектерін өткізіп, жеңіс тойын тойлады.
АҚШ-тың Флорида штатына қарасты Бока-Работеде жерінде өткен кәсіпқой бокс кешінде алдымен Жанқош Тұраров рингке көтерілді. Жартылай орта салмақ дәрежесінде бақ сынайтын жерлесіміз мексикалық Густаво Гарибаймен қолғап түйістірді. Кездесу бастала салысымен қарсыласын қыспаққа алған қазақстандық боксшы Гарибайды әбден састырды. Салған жерден комбинациялық шабуылдар ұйымдастырған Жанқоштың жойқын соққыларына Гарибайдың шыдас беруі екіталай еді. Солай болып шықты да.
Шайқастың үшінші раундында Тұраровтың сериялық соққыларына тойтарыс бере алмаған Гарибай жер бауырлап сұлқ түсті. Орнынан тұрған оны Жанқош тағы да ес жиғызбай соққының астына алды. Раунд соңына қарай тағы да нокдаун алған Густаво Гарибайдың жекпе-жекті жалғастыра алмайтынын бағамдаған төреші кездесуді тоқтатты. Жанқош осылайша жиырма бірінші жеңісіне қол жеткізсе, он үш шайқасын жеңіспен аяқтаған Густаво Гарибай тоғызыншы мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Жанқош Тұраров осы жеңісінен кейін boxrec.com сайтының рейтингінде 84-орынға көтерілді.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақтағы мақтанышымыз Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалеспен қолғап түйістірді. 12 раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін жалғасты. Ә дегеннен басымдықты қолға алған Қанат Ислам раунд өткен сайын жойқын соққыларымен Гонсалесті тұқыртты. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Кәсіпқой рингте жиырма төртінші жеңісіне қол жеткізген Қанат Ислам осы жекпе-жекте сарапқа салынған WBO NABA және WBA intercontinental белбеулерін ұтып алды. Қанат boxrec.com сайтының жаңартылған рейтингінде 26-орынға орнықты. Қазақ боксшысы алдағы уақытта америкалық Джеймс Кирклендпен қолғап түйістіруі мүмкін. Ол үшін екеуі де келесі кездесулерінде жеңіске жетулері тиіс. Естеріңізге сала кетейік, Джеймс Киркленд соңғы рет 2015 жылы Сауль Альвареспен қолғап түйістіріп, нокаутпен жеңілген болатын.

Жалғас Оразбек,
ҚазҰУ-дің студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support