- Advertisement -

Бәске барын тіккендер

100

- Advertisement -

Кейінгі кезде түрлі букмекерлік кеңселер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қала көшелерінде қаптап келеді. Әсіресе, казинолар мен ойын автоматтарына тыйым салынғаннан кейін, букмекерлік кеңселердің дәуірі жүрді. Бұрын саусақпен санауға болатын құмар ойын отауы енді әр жерден кездеседі.
Тараз қалалық кірістер басқармасының деректері бойынша, шаһарда 4 букмекерлік кеңсенің бәс қабылдайтын 21 кассасы бар екен. Құмарпаздардың жағдайын білу үшін сондай кеңселердің бірнешеуіне бас сұқтық. Біраз уақыт бақылағаннан кейін мұндағы жағдай айқындала бастады. Ара-тұра кейіген, қуанған дауыстар естіліп қалады. Солардың бір-екеуін әңгімеге тартып көрдік. Олардың айтуынша, мұнда келетіндердің көбі тұрақты «қонақтар» екен. Арасында күндіз-түні шықпайтындар да табылатын көрінеді. Сондай-ақ, бұлардың көбі ұтқаннан гөрі ұтылатын сыңайлы. Өйткені, букмекерлік кеңседен күңкілдей, көңілсіз шығып жатқандар көп байқалды.
Біз барған бәс кеңсесінің тұрақты келушісі Алматтың айтуынша, мұндағылар «қадалып» қалған сәтін жиі айта бермейді. Әйтсе де, тіккен 100 бәсінің 1-еуінен ұтыс шықса, оны жыл бойы жырлауға бейіл. Тоқтамай әңгіме айтып отырған Алмат журналист екенімізді білген соң, бәрі осымен тәмам дегендей орнынан тұрып кетті. Өзін Әлішер (есімі өзгертілді) деп таныстырған жігіттің бастапқыда тіккен бәстері әрдайым ұтысты болып жүрген екен. Алғашында қызық үшін басталған ойын кейінірек құмарлыққа айналып кеткен. Алайда кейінірек көп мөлшерде ақша тігіп, соның бәрін ұтылып қалыпты. Содан бері осында жүр. Әлішер білдей бір мекеменің қызметкері. Жұмыстан шыға сала осы кеңсеге жүгіреді екен.
Бірнеше букмекерлік кеңсеге кірдік, бәріндегі жағдай бір-біріне ұқсас. Тіпті, сондағы құмарпаздардың да әрекетінде өзгешелік жоқ. Бәрі бастапқыда қызық үшін бастап, кейін құмарлық ойынға салынып кеткен. Әйтсе де, көбінің айтатыны біреу: «Әлі бәс тігіп көрмегендер болса, бұған жоламағаны дұрыс», – дейді.
Бәс тігіп бүкіл ақшасынан айырылғандардан бөлек, букмекерлік кеңселер ұтысын бермей қойған кездер де кездеседі. Мәселен, 2013 жылы қостанайлық Есбол Бекболатов деген азамат бәстен 3 миллион теңге ұтқан. Алайда, көп ұзамай кеңсе оның ұтысын төлемей қойды. Алматылық Нұрлан Жаменкеев те 1,2 миллион теңгесін букмекерлік кеңседен өндіре алмағандар қатарында. Тағы бір алматылық Асланбек Жамалов та 11 860 000 теңге ұтысына қолы жетпеді. Ал былтыр Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті букмекерлік кеңсемен соттасып, ақыры жеңіліп қалды. Тіпті, мемлекеттік мекеме аталған бәс тігетін кеңсеге шығындары үшін 18 миллион теңге төлеуге міндетті болып шықты.
«Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының» құрамына 27 букмекерлік кеңсе тіркелген екен. Ал Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметі бойынша, 55 рұқсатнама берілген. Алайда, 17 букмекерлік кеңсе ғана жұмыс жасап жатыр. Жалпы, букмекерлік кеңселерге лицензия «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес 10 жылға беріледі. Ресми мекемелер бұл бизнес саласының көлемі 30 миллиард теңгеге жуықтайтынын айтады. Әйтсе де, нақты соманы дөп басып айту қиын. Өйткені, табысын жасырып қалатыны бар, жалған кеңселер мен шетелдіктерді қосқанда букмекерлік нарық жоғарыда айтылған мөлшерден асып түседі.
Негізі букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыру керек. Лицензия алу құны ‒ 640 айлық есептік көрсеткіш тең (1452160 теңге). Сондай-ақ, букмекерлік кеңселерде 40 000 АЕК көлемінде, тотализаторларда 10 000 АЕК мөлшерінде міндетті қор болуы тиіс. Ал ай сайынғы салық мөлшері букмекерлік кеңселердің кассалары үшін ‒ 150 АЕК, солардың электронды кассасына ‒ 2000 АЕК-қа тең.
Екі жыл бұрын осы ойын бизнесіне байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген-ді. Сонда міндетті қор көлемі мен салық мөлшері ұлғайған-тұғын. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің орналасуына қатысты да пункт бар. Атап айтар болсақ, 11-баптың 3-тармағында былай делінген: «Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуға тиіс. Оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің стансалары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады».
Жалпы, бәс тігу әлем бойынша да кең көлемде жайылған. Sportradar деректер жинау орталығының директоры Даррен Смол BBC арнасына берген сұхбатында заңды және заңсыз кеңселерді қосқанда, букмекерлік нарықтың құны 700 миллиард доллардан 1 триллион долларға дейінгі аралықта болуы мүмкін екенін айтады. Ал Guardian басылымның мәліметіне сүйенсек, бәске ақша тігетіндердің 82 пайызы ұтылып қалатын көрінеді. Аталған газет букмекерлік кеңселердің әрдайым табыста болуының бірнеше себебін көрсетеді. Біріншіден, болашақты болжау қиын. Тіпті, кәсіби мамандар да өз саласының келешегін нақты айта алмайды. Екіншіден, бәс тігу жүйесі құмарпаз үшін қолайсыз жасалған. Яғни, бәс тігушінің ұтылу ықтималдығы өте жоғары.
Букмекерлік кеңселер жұмысы елде заңды жұмыс істеп тұрса да, онда шырмалып, басы бәлеге қалғандар жиі кездеседі. Мұны өз рахаты үшін ақы төлеу деп ақтап алуға болар. Әйтсе де, барын осыған тігіп, өзі ғана емес, айналасындағы туыстарына да зиянын тигізіп жүргендердің кездесетінін ескерсек, бәс тігу мәселесі ойлантпай қоймайтыны анық.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support