- Advertisement -

Ауылдан Альбионға дейін

86

- Advertisement -

Англия. Бұл елде магистр атанбақ түгілі, барудың өзі үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Тіпті, «Болашақ» стипендиясын жеңіп алғанда да сенгенім жоқ. «Тұманды Альбионның» беделді университетінде екі жыл білім алып, сол елдің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіне қанықтым.

Без-имени-2 Без-имени-3 Без-имени-4Ұлыбританияда қоғамдық көлік өте жақсы дамыған. Әсіресе метросы… Қаланың аумағы үлкендігіне қарамастан, шаһардың әр бұрышына жүйіткіген пойыздар зуылдап тұр. Бір қызығы, жер асты пойызына кіретін есіктер үлкен емес. Ағылшындар қолайлылыққа баса назар аударған. Тіпті, кей тұстарда тұрғын үйдің астында станса орналасқан. Англия астанасында метро қызметінің кей жолдары қызметін түнгі 12-де тоқтатады. Ал кейбірі тәулік бойы тоқтамай жүйткиді.
Мұнда автобус күндіз-түні жолаушы тасымалдайды. Метро секілді бұлар да қаланың кез келген бұрышына жеткізіп салады. Айта кетерлігі, автобустар кестемен, уақтылы жүреді. Интернет арқылы керек автобустың қай жерде келе жатқанын білуге жағдай жасалған. Аялдамаларда автобустың келуіне қанша қалғанын көрсететін электронды тақтайшалар ілінген. Тіпті, көлікке жолаушы мінбесе де автобус тоқтамай кесте бойынша жүреді. Ағылшындардың бәрін жүйелеп қойғанына қарап қызығасың.
Лондонның өзі де бірнеше бөлікке бөлінеді. Қаланың орталығы – өзіне тән бір бөлек әлем. Мұнда бәрі бар. Театр, кинотеатр, танымал дүкендер, бизнес орталықтары секілді дамыған қалаға тән инфрақұрылым. Шаһар бірнеше транспорттық аймаққа бөлінген. Бастапқыда бұл аймақтар қоғамдық көлікке төлем жасау үшін ойластырылса да, бүгінде шаһардың ажырамас бөлігіне айналып үлгеріпті. Үй құны, өмір сүру құны секілді әлеуметтік қажеттіліктер осы аймақтармен анықталады. Лондонның орталығы дамыған бөлігі болса, сыртына қарай шыққан сайын қаланың екінші келбеті көріне түседі.
Лондонда қас қарая көшеде топырлап жүретін нөпірдің аяғы басылады. Сағат тілі түнгі 12-ні көрсетер тұста ілуде біреу ғана кездеседі. Тіпті, ырду-дырдудың ортасы саналатын Сохо ауданында да беймезгіл көше кезгендерді байқамайсың. Өте кеш жабылатын пабтардың өзінде бірен-саран қонақ сырасын ұрттап қойып мүлгіп отырады. Мұның басты себебі – ағылшындарда ерте ұйықтау үрдісі қалыптасқан. Біздің елдегідей түнімен у-шу болып көңіл көтеру, сөйтіп ертесіне жұмысқа кешігу деген атымен жоқ.
Ағылшындардың ерте ұйықтайтынын Жаңа жыл кешінде аңғардым. Жалпы, ағылшындарда Қазақстандағыдай Жаңа жылды тойлау деген атымен жоқ. Бізде желтоқсан бастала сала жер-жерден жасыл шыршалар бой көтереді ғой. Британияның қалаларында ондай қарбалас байқалмайды. Алайда, 31 желтоқсанда Ұлыбритания патшайымы Элизавета II-нің қатысуымен Биг Бэннің тұсында, «Лондон көзінен» фейерверк атылады. Саутгемптоннан келген досым Жасұлан мен оның қасына ере келген қазақтармен бірге аталған шараны көруге Темзаға қарай тарттық. Ауадан ақша жасап үйренген ағылшындар фейерверкті көруді ақылы етіп қойыпты. Тегін тамашалау Биг Бэннен алыстау орналасқан Уатерлоу көпірінде ғана мүмкін.
Бір жолы колледжде бірге оқыған Дана деген қызды Қазақстанға шығарып салдым. Әдетте, қараңғы түсе үйден аса көп шыға қоймайтынмын. Дананы әуежайға апаратын пойыз түнгі үште үйдің қасындағы Кингс Кросстан жүреді. Кингс Кросс – Лондондағы үлкен стансаның бірі. Межелеген уақыт жақындағанда Дана екеуміз жол сөмкелерді жинап, Кингс Кроссқа бет алдық. Әшейінде құмырсқаның илеуіндей ығы-жығы болып жататын станса маңы жым-жырт. Қыбырлаған тіршілік иесі көрінбейді. Бір-екі «бомж» ықтау жерге көрпесін төсеп, пысылдап ұйықтап жатыр. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Күндіз стансаны көріп кеткен жолаушы түнде сол маңға қайта оралса, адасып кеткендей күй кешеді.
Қас қарая жұрттың жарғақ құлағы жастыққа тиеді деу әбестік болар. Бейсенбі-сенбі аралығында түнгі клубтар кеш жабылады. Оның өзінде, таңға дейін тарсылдатып билейтіндер санаулы ғана. Масаңсыған жастар түн ортасы ауа үйді-үйіне тарап кетеді. Әйтсе де, халықтың басым бөлігі уақтылы демалуға дағдыланған. Ерте жатқандықтан, ерте тұру да оларға қиыншылық туғыза қоймайды. Соның нәтижесі шығар, жұмыстары оңға басып, мемлекет даму үстінде. Жарты әлемді бағындырған империя осындай бірізділік болмаса, сол жетістігіне жетуі неғайбыл еді. Өткенінен қол үзбеген ұрпағы да ата жолын жалғап келеді. Бала кезімде анамыз «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп оятатын. Ағылшындардың әрекетіне қарап, аталған мақалды «Ерте жатқан халықтың ырысы артық» деп өзгертсек қателеспейміз.
Ұлыбританиядағы халықтың басты ерекшеліктерінің бірі – халықтың акценті. Оңтүстіктен солтүстікке дейін көптеген ағылшын акценттері бар. Оңтүстік тұрғындары біз секілді шетелдікке түсінікті ағылшын тілінде сөйлесе, солтүстік жақтың ағылшыны басқа шетел тілі секілді көрінеді алғашқыда. Тіпті, америкалықтар да Англия акцентін түсінбей қиналады. Тағы бір қызығы, адамның сөйлеген акценті арқылы оның қандай ортадан шыққанын, білімін анықтауға болады. Элиталық топ сөйлейтін акцент құлаққа жағымды, түсінікті. Алда-жалда сөйлесе қалған ағылшыныңыз түсінуі қиын акцентте сөйлеп жатса, оның білім деңгейі жоғары емес екеніне сенімді болыңыз.
Ағылшындар сыпайы халық. Бір-бірін құрметтеп, ізет көрсетуден еш жалықпайды. Содан шығар, Британия консульдығы жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 46 пайызы Англияны сыпайылықпен байланыстырыпты. Ағылшындардың ізеттілігінің шығу тарихы беймәлім. Дегенмен, бұл қасиет халықтың өне бойына сіңісіп кеткен. Сондай-ақ, Англияға келетін туристердің көбі халықтың қонақжайлығын айтады. Ағылшындар дәл қазақтар секілді үйіне келген қонаққа барын тоспаса да, көшеде қолынан келген көмегін аямайды. Жалпы, «Тұманды Альбионның» халқы үйіне қонақ ертіп келіп, барын аузына тосқанды жөн көрмейді. Керісінше сыртта жақсылық жасап, жеке өміріне араласқанды ұната бермейтіндей.
Британ аралдары тұрғындарының қаншалықты сыпайы екенін байқау үшін бір күн жеткілікті. Көшеде, дүкенде, кез келген орында «thank you» немесе «cheers» деген сөздерді көп қолданады. Екеуінің де мағынасы бір – «рахмет». Сәл қолұшын созған адамға алғысын айтудан жалықпайды. Одан қала берді, «please» (өтінемін) бен «sorry» (кешіріңіз) жиі қолданылатын сөздердің қатарында. Тіпті, бұйыра сөйлеген басшы сирек кездеседі. Мәселен, бастық пен жұмысшының арасындағы диалог былай өрбуі мүмкін:
– Мына тапсырманы бүгін аяқтауыңызды өтінемін.
– Окей, сэр!
– Рахмет!
– Рахмет!
Ағылшындар ешқашан ойын бетке тіке айтпайды. Тіпті, 100 пайыз келіспеген күннің өзінде пікірін жанамалап, жұқалап, ренжітіп алмайтындай жеткізеді. Мысалы, «келіспеймін» деп кесіп айтудың орнына «ойыңыз, айтқаныңыз маған таңсық көрінді» дегенді жөн көреді. «Аздап көңіліме келіп қалды» десе, әлгі адамды ренжітіп алғаныңызға бәстесе аламын. Ал «өте қызық екен» деген тіркес кейде «түкке тұрғысыз» деген мағынаны білдіруі де мүмкін. Мұның бәрі сұхбаттасушыны ренжітіп алмауды, ой-пікірін құрметтейтіні және дөрекі көрінбеуге тырысатынымен байланысты. Ешқашан «сенікі дұрыс емес» деп айтқан ағылшынды көрмейсің. Келіспейтін болса пікіріңді соңына дейін тыңдап, ойын өз кезегінде білдіреді.
Біріккен корольдіктің тұрғындарының тағы бір ерекшелігі – ешқашан «сен» деп айтпайды. Ағылшын тілінде «сен» сөзінің баламасы, әлбетте, бар (thou). Біз білетін you қазақшадағы «сізбен» пара-пар. Ромео мен Джульеттаның түпнұсқасында аталған жіктеу есімдігі жиі кездеседі. Thou сөзі Шекспир заманында кеңінен қолданылғанымен, бүгінде қолданыстан түсіп қалған. Бүгінде бұл сөзді Шотландияның кейбір бөлігі мен Йоркшир аймағында ғана ішінара қолданатындар кездеседі. Оның өзінде, жақсы танитын туысына, үй ішінде ғана айтылатын сөз. You-ді жиі пайдаланудың себебін ағылшындар өздерінің сыпайылығымен байланыстырады. Кейінгі кезде осы сөздің мағынасы айтарлықтай өзгергенімен, түп-төркіні «сіз» екенін британиялықтардың бәрі біледі.
Лондондағы UCL университетіндегі бір жылдық курсымыз аяқталып, соңғы суретке түсу рәсімі кезінде мұғалімнің бірі Майлстан неліктен ағылшындардың сыпайы екендігін сұрадым. Біздің ұстаз мұндай сұрақ күтпесе керек, тосылып қалды. Сәлден кейін ғана «Бұл – ағылшындардың болмысы ғой» деп жауап берді. Ағылшындарды сүттен ақ, судан таза етіп шығарудан аулақпыз. Қоғам, халық болғасын арасында дөрекілері, бұзақылары табылатыны жердің күнді айналатыны секілді анық. Әйтсе де, халықтың басым бөлігі сыпайы болуды адамгершілік ретінде санап, соған ұмтылады. Сыпайылық – Британияға келген қонақтардың әдепкіде байқайтын ерекшеліктердің бірі болуы да сондықтан.
Бұл елде білім алуды менің анам студент кезінде армандапты. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмей, ауылдың қызының тілегі өз уақытында орындалған жоқ. Арманы орындалудан үміт үзген анам білетін ағылшынын ауыл балаларына үйретуден жалықпапты. Қаладан алыс, құм ішінде орналасқан ауылдың баласы шетел асып, Англияда оқиды деп кім ойлаған?! Алайда тәуелсіз еліміздің арқасында анамның «Тұманды Альбионды» көрсем деген тілегі қартайғанда орындалды. Сонда оқып жүргенде ата-анамды Ұлыбританияға апарып, елдің көрікті жерлерін көрсетуге мүмкіндік туды. Әкеме ағылшындардың құрылыс саласы мен метросы қатты ұнаса, анам студент кезінде жаттап өскен елдің тарихын еске түсіріп, бір қуанып қалды. Осы орайда, менің «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуым, ата-анамды Англияға апаруым тәуелсіздіктің арқасы дер едім.

Абай отар,
«Ақ жол».

Тараз – Лондон – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support