- Advertisement -

Еншімізде – екі алтын

112

- Advertisement -

Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында өтіп жатқан Ислам ойындарында ел боксшылары сәтті өнер көрсетіп, қоржынымызды алтын жүлделермен толықтырды. Алғашқы алтын медальді 52 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Азат Махметов иеленді. Жартылай финалдық шайқаста алжирлік Оусамо Морджаннан айласын асырған ол ақтық айқаста марокколық Дараа Абделалимен қолғап түйістіріп, жекпе-жек барысында өзінің басымдылығын байқата білді.
Азат Махметовтің жеңісті жорығын 75 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Тұрсынбай Құлахмет сәтімен жалғастырды. Ол жартылай финалдық бәсекеде камерундық былғары қолғап шебері Вильфред Диондонна Сея Нценгуден жеңісті жұлып алып, финалға шықты. Ақтық сында Рио Олимпиадасының ширек финалында Жәнібек Әлімханұлын ұтып, қола жүлдеге қол жеткізген әзірбайжандық боксшы Камран Шахсуварұлымен қолғап түйістірген сайыпқыранымыз қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, дода жеңімпазы атанды.
Айтулы аламанда ел боксшылары тағы да үш жүлдеге қол жеткізді. 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сұлтан Зәуірбек, 64 келі салмақтағы үмітіміз Қуан Қуатов, 69 келі салмақта жарыс жолына шыққан Илья Очкин дүбірлі доданың қола жүлдесін мойындарына ілді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support