- Advertisement -

Венеция — суда «жүзген» шаһар

260

- Advertisement -

Абай Отар – Тәуелсіздікпен түйедей құрдас. Ол тоғызыншы сыныптан соң Тараз қаласындағы Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжіне менеджмент мамандығына оқуға келді. 2013 жылы ТИГУ-ды бітіріп, экономика мамандығы бойынша бакалавр атанды. Ол – университет қабырғасында оқып жүргенде «Нұр Астана» республикалық жастар апталығының облыстағы меншікті тілшісі, шолушысы және веб-редакторы қызметін атқарған. Кейінірек «AynaLine.kz» сайтында журналист-редактор болып жұмыс істеді. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияға жол тартып, 2016 жылы халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистр атанды. Ағылшын, түрік тілін жетік біледі.
Біз бүгіннен бастап оқырмандарымызды жас журналист жолжазбаларымен таныстыра бастайтын боламыз.

Абай Отар.

«Болашақпен» оқитын студенттердің көбі семестраралық демалыс кезінде саяхаттағанды жөн көреді. Бұл дәстүрді біз де бұзғанымыз жоқ. Пасхаға орай берілген екінші семестрдің демалысында Еуропаны аралауға бір топ студент аттанып кеттік. Сапарымызды Италиядағы Венециядан бастауды жөн көрдік. Сонымен, Лондонның жанындағы Стэнстед әуежайынан Еуропадағы ең арзан әуе компаниясы RyanAir ұсынған қызметті пайдаланып, суда «жүзген» шаһарға тартып кеттік…
Венециядағы «Марко Поло» әуежайы қаладан бөлек жерде орналасқан. Ондағы ауа райы Англиядан өзгеше, жанға жайлы жылылық бар. Оған қоса, ғимараттары да бөлекше. Бір жағынан Қазақстан қалаларын еске түсіреді. Әуежайдан шыға сала бізге әсер еткені осы болды. Құдды бір елге оралғандай күй кештік.
Суда «жүзген» шаһарға автобус, пойыз, қайықпен де баруға болады. Біз автобусқа мінуді жөн көрдік. Екі ортаға жарты сағат уақыт кетті. Отырған көлігіміз бізді орталыққа апарады деп ойлағанбыз. Қайдағы, көлігіміз қаланың шетіне келіп аялдады. Сапарымызды әрі қарай жалғастыру үшін «waterbus» (су автобусына) мінуге тура келді. Мұндағы негізгі қоғамдық көлік өзен трамвайлары екен. Біз мінген тұс алғашқы аялдама болып шықты. Қайығымыз шаһардың басты артериясы Гранд каналының бойымен жылжып, жолда кездескен аялдамаларға тоқтап, жолаушыларды мінгізіп-түсірумен болды. Жолай каналдардың бойымен жүзген турист толы гондолаларға (бір ескекті қайық) кезіктік. Қаланың әдемілігіне көз тоймай, жан-жаққа тамсанумен отырғанда соңғы аялдамаға лезде жеттік.
Қашанда ылғалы жоғары, аздап мұнарланған, әлемнің барлық бұрышынан туристер тоқтайтын Венеция бізге сағымданып көрінді. Осынау ғажайып шаһарды кинодан, фотодан ғана тамашалап қою жеткіліксіз. Судың ортасынан «өсіп шыққан» ғимараттары, каналдары мен көпірлерімен қызықтыратын венеттердің мекенін көзбен көру тұрарлық. Қалаға қарай турист тасып ағылып жатқан қоғамдық көліктер өте көп. Соңғы деректер бойынша, Венетто аймағының орталығына күніне 50 мың турист келеді екен. Жалпы Венеция 117 аралдан және оларды жалғайтын 500-ден аса көпірден құралған. Біз Сан Марко аралының бір бөлігіне түстік. Шаһардағы көруге тұрарлық, туристері көп аймақтың бірі осы – Сан Марко. Өкшеміз тиген жерден орталық алаңға дейін шамамен 500 метр. Соған дейінгі жолдың бойында маска, түрлі ойыншықтар сатқан дүңгіршектер көп. Жолға көк туды алып шыққан едік. Қайықтан түсе сала жапа-тармағай суретке түсіп жатырмыз. Бір кезде қасымызға екі қыз келді. Сөйтсек, біз секілді Венецияға қыдырып келген қазақтар екен. Қазақтар аз дейміз, бірақ Еуропаның қай еліне барсаң да кемінде бір отандасымызды кездестіресің. Танысып, суретке түсіп жатқанда осыны ойладым. Сапарымыздың қалған бөлігінде бұл ойымның растығына көз жеткіздім.
Жолға шыққалы дұрыстап тамақ ішпегендіктен қарнымыз ашып, түстеніп алатын жер іздедік. Өкінішке қарай, Англияда қолданып жүрген телефонымызбен интернетке кіру мүмкін болмады. (Кейінірек белгілі болғаны – мен роумингті қосуды ұмытып кетіппін). Екі аттылы әрең сыятын көшелері бар, бір-біріне жақын, тығыз орналасқан, кейбір тұста көпірлермен жалғасқан ғимараттардың арасын аралап жүріп дәмханалар орналасқан тұсты әрең таптық.
Әр дәмхананың алдында бір-бірден қызметші тұр. Әрқайсы дәмді астың тек өздерінде екенін айтып, туристерді қызықтыруға тырысады. Әуелгіде арзандау дәмханаға кірген едік. Алайда, қарсы орналасқан дәмхананың даяшыларының сөзі сапарлас қыздардың «басын айналдырып» алды-ау, біз таңдаған дәмхананы жақтырмай, олар соған барайыққа басты. Қыз сыйлап өскен халықпыз ғой. Қаракөздеріміздің тілегінен аттап кете алмадық. Өкінішке қарай, біз түстенген дәмхана әрі қымбат, әрі тағамдары дәмсіз болып шықты. Бір қызығы, венециялықтар халал тамақ былай тұрсын, «халал» деген ұғымнан бейхабар екен.
Ішімізге ел қонған соң, сапарымызды одан әрі жалғастырдық. Көпірден көпір өтіп, тар көшелердің бойымен жүре орталық алаңға келіп жеттік. Айнала толы туристер. Бірі телефонына, бірі фотоаппаратына суретке түсіп жүр. Алаңға жеткенде қытайлық жұп пен олардың достары екі жастың шаңырақ көтеруін тойлап жатқанының үстінен шықтық. Айта кетерлігі, Пиасса Сан Марко деп аталатын осы алаңды Acqua alta деп аталатын теңіз деңгейінің көтерілуі кезінде су басып қалады. Жалпы соңғы кездері тұрғындар үшін Acqua alta бас ауыртарлық мәселе болып тұр. Оған қоса, жаһандық жылынудың да қала архитектурасына тигізген зияны орасан. 1897 жылдан бері венеттердің мекені 23 сантиметрге шөккен. Сондықтан шығар, суға тиіп тұрған ғимараттардың бойына сыз өте бастаған.
Антик дәуірінен бізге дейін жеткен Венецияның тарихы бір өзіне бөлек тақырып. Шаһар құрылысы сонау II ғасырдың басында басталған. Халықтың жерден қашып, судың ортасында өмір сүруіне, қала салуына немістер мен Аттила бастаған ғұндардың шапқыншылығы қатты әсер етіпті. Мұндағы ғимараттардың ерекшелігі – олардың бетонның немесе қойтастың үстіне салынбағандығы. Ғимараттардың асты бір-біріне тығыз орналасқан діңгек ағаштарға толы. Әлгі ағаштарға оттегі жетпегендіктен және батпаққа нығыз орналасқандықтан, шірудің орнына тас секілді қатая түседі екен. Қаланың ішінде төбесі жабық құдықтар көп. Олар жаңбырдың суын жинайтындай етіп жасалған. Бағзы заманда тұрғындар ауызсуды сол құдықтардан пайдаланған. Сонау заманда адамдар заманауи технологиясыз осындай керемет ғимараттар салғанына амалсыз таңдай қағасың.
Гранд каналдың бойында бірнеше үлкен көпір бар. Солардың ішіндегі ең көнесі – Риальто. Венецияға келген кез келген турист аталған көпірді көруі міндетті. Қаладағы шіркеулерге кіру ақылы болғандықтан әрі діни орындар бізді қызықтырмағандықтан, оларды сыртынан тамашалап, Риальто көпіріне келіп жеттік. Мұнда да құжынаған халық. Жүре-жүре аяғымыз талғандықтан, көпірдің үстінде біраз демалуды жөн көрдік. Кейбіріміз суретке түсіп, енді біреуі «шопинг» жасауға кетті. Аяғымның тамырлары ісіп кеткендіктен, бір дүкеннің алдына отыра кеттім. Сәлден кейін сатушы шығып италиянша сайрай жөнелді. Сөздерінен ұққаным мұнда отыруға болмайды, сувенирлер көрінбей қалады-мыс. Біздің елде де базарға бара қалсаң осындай жағдайға куә боласың ғой. Мен үшін дүкеншінің әрекеті таңсық болған жоқ. Дегенмен, Англияда дүкеннің алдына отыру былай тұрсын, төсек салып ұйықтап қалсаң да «шәй» деп бетіңе келмейді. Еуропалық екі елдің арасындағы өзгешеліктің бірі осы. Тағы бір қызығы – қара нәсілді адамдар жоқтың қасы. Тіпті, аталған нәсіл өкілдерінен ешкімді көргенім жоқ.
Алақандай қаланың көрікті жерлерін бір күнге жеткізбей аралап шықтық. Жоспар бойынша Римға баруымыз керек. Пойызымыз таңғы 6-да жүреді. Қас қарайғанда сілеміз қата шаршап, стансаға түнемекке бекіндік. Оның үстіне күн салқындай бастады. Стансаның есіктері айқара ашылған, перонның үсті ашық. Екі ортада жел уілдеп тұр. Біраз отырғаннан кейін жаурай бастадық. Суыққа шыдамай ақыры түнгі Венецияны аралап көруге бел будық. Айнала тып-тыныш. Бағанағы қаптаған туристің бірі жоқ. Анда-санда асыға басқан біреулер жанымыздан өтеді. Түнгі қаланың сұлулығына тәнті болып, стансаға түнгі екіде қайта айналып келген едік. Біз кеткенде ашық тұрған есіктер құлыпталған. Амал жоқ, таяу маңдағы аялдамаға барып ашылғанша күтуге тура келді. Автобус-қайықтардың күндіз-түні тоқтамайтынын сол жерде білдік. Сағат тілі таңғы 5-ті көрсеткенде есіктер ашылды-ау. Стансаның ішіне кіргенімізбен, онда да жылынып қарық болғанымыз шамалы. Өзімізбен алып шыққан киімдерді қабат-қабат киініп, пойыздың есігі ашылғанша дірдектей тұрудан басқа шара қалған жоқ. Жалға берілетін пәтер немесе қонақ үй іздеп көрген әрекетіміз босқа кетті. Ешқайсы бос емес. Станса қызметкерлерінің үсіп қалсаң да жаны ашымайтын түрі бар. Халыққа қызмет көрсету жағынан италиялықтардың ағылшындардың қасында жіп есе алмай қалатынына көзіміз жетті.
Ішекті создырып барып бір кезде пойызымыздың есігі ашылды-ау. Бәріміз жапа-тармағай вагонға жүгірдік. Жылы жерге кірген соң маужырап, кірпіктеріміз айқасты. Римге дейінге аралықтың қалай жылдам өткенін байқамай да қалыппыз.

(Жалғасы бар).

Тараз – Лондон – Венеция – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support