- Advertisement -

«Фемида» клубының жұмысы ауқымды

108

- Advertisement -

Елбасы биылғы Жолдауында «IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деп атап көрсетті.
Ел Президенті республика білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде сөйлеген сөзінде білім беру ісін реформалаудағы стратегиялық міндеттердің бірі шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін жеке тұлғаны қалыптастыру мен тәрбиелеу екендігіне баса назар аударып, жалпы білім беретін орта мектепте білім берумен қатар адалдық, адамдық, Отанын сүйе білу сияқты гуманистік сезімдерге тәрбиелеу қажеттігі өзекті мәселе болып отырғандығын ерекше атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының білім, тәрбие жөнінде жауапты кісілерге берген тапсырмалары бізге де қатысты. Әр ұстаз айтылған үлкен мақсатқа өз үлестерін қосуы тиіс. Ұзақ жылдан жас ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүргендіктен, жастардың дұрыс бағытпен жүруіне ықпал ететіндей істерге көшбасшы болу ойымнан шыққан емес.
Осы мақсатпен Тараз мемлекеттік университетінің заң факультеті жанынан «Фемида» жастар клубын құрғанбыз. Бұл клуб 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оқытушылар мен студенттер арасында жеке тәрбие жұмыстарын жүргізу бағытында арнайы пікірталастар (диспуттар, кештер) өткізіп отырамыз.
Бұл іске университет басшылығы, заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов үнемі қолдау танытып жүр. Студенттермен бірге өзекті мәселелерді талқылап, болашақ маман саналатын жастардың кәсіби біліктілігін көтеруге күш салатын сәттеріміз аз емес. Ержігіт Құрманалиев жастығына қарамастан клубтың қалыптасуына үлес қосты.
Ел болашағы студенттерді қазіргі кезеңде не толғандырады, не қызықтырады, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың көбею себебі неде, жастарымыздың құқықтық санасы, құқықтық мәдениеті қандай деңгейде, олардың ұлттық сана, ұлттық рух пен ұлттық намыс туралы көзқарастары қандай? Міне, осы сұрақтардың жауабын аталған клуб жастармен бірге іздестіріп келеді.
Клуб жұмысы ұлттық тәрбиеге негізделген. Ұлттық тәрбиенің негізгі діңгегі – отбасы тәрбиесі. Отан – отбасынан басталады десек, сол отбасының берік болуы да аталған клуб отырысында талқыланып отырады. Әр жылдары Бақтыгүл Әліш, Гүлдариға Изтаева, Арнат Ұлтанбаев, Бауыржан Әлімбаев, Айбек Күшікбаев секілді студенттер өздерін осы клубтың жұмысын жандандыра жүріп шыңдады. Олар қазір облысымыздың әр аумағында жемісті еңбек етеді. Ажырасу себептерін талқылау, суицидтің алдын алу, жемқорлық пен қылмыстың, бұзақылықтың алдын алу – клубтың басты бағыты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевпен де, облыстық «Жастар ресурстары» орталығымен де, түрлі қоғамдық ұйымдармен де байланысымыз жүйелі. Суицид тақырыбын талқылағанда психолог мамандарды, әлеуметтік педагогтарды, имамдарды шақырып, жан-жақты ауқымды әңгіме өткіздік. Жиналған жүздеген студент, оқушылар үлкен әсермен тарқады.
Біздің клубтың шақыруымен белгілі журналист, заңгер, спортшылар ортамызға келіп, студенттермен әсерлі әңгімелер өткізді.
Елбасы Жолдауларын талқылау барысында да «Фемиданың» атқарып жүрген істері елеулі. Студент жастар арасында түрлі байқау, жарыстарды ұйымдастыру дәстүрге айналды.
Алда да жас оқытушылармен және студенттермен бірлесіп атқаратын жұмысымыз ауқымды бола бермек.

Асылхан Кенжебекова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дағы «Фемида» жастар клубының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support