Сүттен селді ағызған

Сүттен селді ағызған
ашық дереккөз
Сүттен селді ағызған

Дүйсехан Қошалиев, «Қақпатас-Қордай» ЖШС директоры.

Біздің «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өндірушілері үшін өткен жыл табысты болды. Былтыр барлығы 22 мың центнер сүт сауылып, ол үш жүзден аса сауын сиырдың әрбіріне шаққанда 4874 келіден айналды. Кеңестік кезеңде бұл рекордтық көрсеткіш саналатын. Мұндай табысқа біз сүт өндірісі кешенін толықтай жаңғырту есебінен қол жеткіздік.

Алдымен қаңырап бос қалған шошқа баздың төбесі мен қабырғасын ғана қалдырып, басқасының бәрін сүріп тастап, швейцариялық «Delebal» фирмасының осы замандық сауын қондырғыларын әкеліп орнаттық. Оның құны 270 миллион теңгеге түсті. Жаңа еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін жаңартылған баздағы малға азық тарату, астын тазарту, сиырды сауу сияқты жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Сиырлар алаңға байлаусыз жіберіледі, азық жейтін, су ішетін, жататын жерлері бөлек, асты құрғақ болады. Тіпті, сиыр сүйкенгенде өздігінен іске қосылатын қасыну аппараты да бар. Баздың ішіндегі температура, желдету режімді түрде реттеліп отырады. Сауын орнына айдап әкелінген мал арнайы өткелекте рентгенмен тексеріліп, дене қызуы көтеріліп сәл ауру белгілері байқалғаны дереу топтан бөлектеліп, мал дәрігерінің бақылауына жіберіледі. Сауын үдерісі толықтай роботталған. Екі-ақ адам сауынға кіргізілген сиырлардың желініне емізік аппаратын кигізіп, басқару пультімен жұмысты сырттан бақылап тұрады. Сүт құрамындағы өзгерістер де компьютердің қырағы «көзінен» сырт қалмайды. Майлылығы жоғары, салқындатылып арнайы ыдысқа құйылған сапалы сүтті өткеруде еш қиындық жоқ. «ФудМастер-Есік» ЖШС-ның қабылдаушылары күнара келіп үш жарым тонна сүтті өздері алып кетеді. Оның килосына алматылықтар 105 теңгеден төлейді. Сондай-ақ өз ауданымыздағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС-ға бір жарым тонна сүт жіберіледі.

Бұрынғыдан көш ілгері десек те, қазіргі жетістігімізбен шектелмек емеспіз. Өйткені, көпшілігі Алатау тұқымды сиырлардың әрқайсысынан тәулігіне сауылып отырған 15 литрдей сүт бізді еш қанағаттандырмайды. Оны 25 литрге дейін арттыру мақсатын көздеп отырмыз. Сол үшін заманға сай жаңғыртылған фермамызды енді сүттілігі жоғары асыл тұқымды сиырлармен толықтыруды қолға алдық. Осы мақсатта «Қазагроқаржы» АҚ арқылы қаражат алып, алдағы сәуір айында Алманиядан екі жүз бас сүтті сиыр сатып әкелмекпіз. Сөйтіп, өндірісті барынша ғылыми негізде жүргізу есебінен сүт өндіруді молайтуды көздеп отырмыз.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар