- Advertisement -

Қарияларымыз «Құнанбай» фильмін тамашалады

113

- Advertisement -

Алдымен атақты «Біржан сал» фильмін түсіріп, қалың елдің құрметіне бөленген белгілі актер Досхан Жолжақсынов өзінің режиссерлік қырын әрі дамытып, қазақтың ірі тұлғасы, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының тағдыр-тәлейін тереңірек қамтыған «Құнанбай» фильмін түсіргені мәлім. Алаш жұрты ардақ тұтқан Құнанбайдың болмыс-бітімін толық ашып, әділ де тура, күрделі де қайшылықты тұлғаны кәнігі, кәсіби актер, кино картина режиссері Досхан Жолжақсынов сәтті сомдап шыққан еді. Ел аумағында кеңірек талқыланған бұл туынды – ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес. Тарихпен тамырлас фильмнің сценарийін Досхан Жолжақсынов марқұм Таласбек Әсемқұловпен бірлесе жазған-ды.
Киноның тағы бір жаңалығы – облыстық қазақ драма театрының бірінші дәрежелі актрисасы Нұрсифат Салықованың Зере образын шынайы сомдап, бүкіл қазақ кейуаналарына тән қасиетті саф күйінде жұртпен қайта қауыштырғаны болды.
Әйгілі кинокартинаны «Астана Синема» кинотеатрында елмен бірге тағы бір мәрте тамашалаудың сәті түсті. Ел басқармақ тұлғаның қалай болмағы кесек-кесек диалогтармен Зере рөліндегі Нұрсифат апамыздың аузымен айтылғанда, расында Алашқа аты мәшһүр ананы тірі көргендей күй кештік. Тіпті, «Құнекеңді айдап бара жатыр» деген хабар жеткенде жанарларынан жас парлаған әйел біткенді сесті сөзбен тыйып, үй маңындағы атқа қарғып мініп, басына қара бұлт үйірілген аға сұлтанның соңынан шауып жететін эпизодтарда елмен бірге көз жасымызды тағы бір сығып алдық. Құнанбайдың Құдайдың алдында ақтығына көз жеткізіп, әжімді жүзін мұң бүркеп, баласының соңынан қарап тұратын ана бейнесі жүректерді шым еткізбеуі мүмкін емес еді.
«Құнанбай» фильмін жастарға үлгі-өнеге ретінде айтып жүрсін деген мақсатта облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлердің басын қосқанына риза болдық. Жиналғандар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған, Зере әженің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова мен Сарыбайдың рөлін ойнаған Асқарбек Сейілханмен жүздесіп, пікірлесіп алғыстарын білдіріп, марапат та жасалды.
– «Құнанбай» фильмі өткен жылдан бері кинотеатрларда жүріп жатыр. Бүгін біз ардагерлерімізді жинап, басты кейіпкерлердің бірі – Нұрсифат Салықова және Асқарбек Сейілханмен жүзбе-жүз көрісіп отырмыз. Фильмнен қазақтың болмысын, мінезін, қайсарлығын, мәрттігін, жалпы барлық характерлер жиынтығын дерлік көрдік. Осындай тарихи киноларды, елге үлгі боларлық туындыларды ардагерлерімізге көрсетіп, жастарды патриоттық рухта, адамгершілікке тәрбиелеуде үлгі ретінде айтып жүрсе дейміз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, жақсы киноларды көрсетуді дәстүрге айналдырамыз. «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» секілді туындыларды сіздермен бірге тамашалау да алдағы жоспарымызда бар, – дейді Е.Солтыбаев ардагерлермен ой бөлісу барысында. Иә, игі бастама жалғасты болсын!

Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support