- Advertisement -

«Қазір ой жарыстыратын заман»

374

- Advertisement -

– дейді Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаева

Бүгінде түбегейлі реформа жасауға дайындық жүргізіп жатқан сала – білім саласы. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу арқылы бес күндік оқытуға сатылы түрде ауысу, үш тілде білім беру, 12 жылдық білім беруге көшу – бұл отандық оқыту жүйесінің мүлдем жаңа бағытта дамуына жол ашатын өзгерістер. Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауында атап көрсеткеніндей, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиіс. Яғни, ендігі міндет – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің өзегіне айналдыру. Жалпы, «Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» негізгі мақсаты да осы. Бұл қалай жүзеге асырылады? Талас ауданының білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаевамен сұхбатымыз осы тақырыптың төңірегінде өрбіді.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында қазақ тілінің басымдығын сақтап, оның әрі қарай дамуына көңіл бөлумен қатар үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайтынын, сол үшін 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатынын айтты. Қалай ойлайсыз, ауыл мектептері бұған дайын ба?
– Оныңыз рас. ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқытуды енгізу көзделуде. Әлемде интернет ақпараттарының жартысынан астамын (55,7 пайыз) ағылшын тілінде оқып-білу арқылы түсінуге болады. Жүргізілген сауалнамалардың қорытындысына сүйенсек, елімізде ата-аналардың көпшілігі (81 пайызы) балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды екен. Алайда тек 34 пайызының ғана баласын қажетті тілдік курстарға жіберуіне мүмкіндігі жететін көрінеді. Сол себепті, олар бұл мәселеде тек мектепке үміт артуға мәжбүр.
Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Білім сапасы, жас жеткіншектердің ғылымға ден қойғаны ең бірінші ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан, үш тілде оқытуға көшу үшін кадрды дайындауымыз керек. Мектептердің ақпараттық, материалдық-техникалық жабдықталуы да маңызды, әрине. Бірақ, алдымен адам фактор.
– Оқыту туралы айтқанда сапаны айналып өте алмаймыз. Таластық оқушылардың білім сапасы қандай деңгейде. Дәл қазіргі уақытта көңіл тоғайтар көрсеткіш бар ма?
– Білім сапасына келсек, ол 2016 жылы 58,2 пайызды құрады. Әрине, мақтанарлықтай емес. Алайда, білім сапасын арттыруда аянып жатқанымыз жоқ. 2016-2017 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға және тасымалдауға 52 миллион 850 мың теңге бөлінді. Мектептерді ақпараттандыру көрсеткіші де жыл сайын арта түсуде. Бүгінгі таңда мектептерде 907 компьютер бар (тоғыз балаға бір компьютерден келеді), және 36 мектеп кең арналы интернет желісіне қосылған. Өзіңіз білесіз, Елбасының алдымызға қойған үлкен міндеттерінің бірі – электронды оқыту. Қазір елімізде 600 мектеп жаңа жүйеде оқытуға көшсе, 2012 жылы ауданымыздағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназия, Ақкөл орта мектебі, Д. Қонаев атындағы орта мектептердің оқу бағдарламалары қажетті электрондық оқыту порталына енгізілді.
Негізі 11 жылдық білім берудің көрсеткіші бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына қарай бағаланып отырғаны жасырын емес. Өткен оқу жылында аудандағы 27 орта мектептің 24-ін 333 оқушы бітіріп, соның 287-сі тест тапсыруға өтініш білдірді. ҰБТ-дағы орташа балымыз – 77. 2015 жылмен салыстырғанда, көрсеткішіміз 3,4 пайызға кеміді. Бұл тәрбие және білім беру жұмыстарының әлі де бір жүйесін таппағанымызды көрсетеді.
Аудан бойынша «Алтын белгіге» ұсынылған 16 оқушының 10-ы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Көпшілікте ауыл мектептерінде білім сапасы қала мектептеріне қарағанда төмендеу деген ұғым қалыптасқан. Мемлекет басшысының Жолдауда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуды міндеттеуі бекер емес. Тәжірибелі ұстаздар ауыл мектептерінде де бар. Білікті кадрды жинақтаған директорлардың жұмысы да жемісті. Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің былтырғы тестілеудегі орташа балы 98-ге жеткені – соған нақты дәлел. Қаладағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның орташа балы – 89-ды құраса, Ақкөл ауылындағы орта мектептің түлектері – 86,5 балл жинап, білім сапасының жоғарылағанын көрсетті.
– Бәрі білікті кадрға байланысты екені анық. Президент мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе, ауыл мен қалада әртүрлі және білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар екенін ашық айтты. Бұл бір жағынан білікті, тәжірибелі ұстаздар туралы көп айта бермейтіндігімізден болар. Ауылдағы сол аз маманға дұрыс жағдай жасап, тәжірибелерін тарату керек шығар?
– Рас, маман тапшылығы ауылда қатты сезіледі. «Ұстаз – мектептің жүрегі» деген сөз тегін айтылмаған. Дегенмен, ауданда оқытудың әдіс-тәсілін меңгеріп, сапалы білім беріп жүрген ұстаздар жоқ емес. Мысалы, ауданымыздағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мухтарима Синаева халықаралық «Ғылым мен білімді қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өткен байқауда жеңіске жеткен әрі «Құрмет» медалінің иегері, «Ұлағатты ұстаз» республикалық оқытушылар конкурсында ІІ орынды иеленген. Гаухар Жүнісәлиева атты бастауыш сыныптың мұғалімі де «Ұлағатты ұстаз» байқауында үздіктер қатарынан, «Қазақстан ұстазы» республикалық қашықтық олимпиадасында ІІ орыннан көрінді. Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін Сәуле Түменбаева «Білім берудің инновациялық әдістері мен технологиялары» республикалық оқытушылар жарысында жүлделі ІІІ орын, «Қазақстан ұстазы» республикалық қашықтық олимпиадасында ІІ орынды, бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Айдапкелова осы олимпиадада жеңімпаз атанса, «Умната» халықаралық оқытушылар олимпиадасында ІІ орынды олжалаған. Марина Рысқұлбекова есімді физигіміздің де жетістіктері көп. Нұрланұлы Нұрғиса мен Елдос «Қазақ даласының ұлы тұлғалары» республикалық мәнерлеп оқу байқауында топ жарса, Толқын Әбдібек пен Аяна Әбиірбек те табыссыз емес. А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Айдарбекова, жаңашыл мұғалім Дана Құлтаева, Мұхтар Бимұрат, Өмірзақ Дәуір, Ойық ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Игенбай Жандостың талапшылдығы мен қол жеткізген жетістіктерін атап айтуға тұрарлықтай.
– Ұстазы мықтының шәкірттері де осал болмауы тиіс. Аудан оқушылары арасында пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлде алғандары бар шығар?
– Бар. Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әйгерім Далғар қазақ тілі пәнінен республикалық пән олимпиадаға қатысып, марапатталған. Бөлтірік шешен ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Ү.Сарыүйсінбек Жарқын болашақ «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңінде «Сөз шеберлері» конкурсында жеңіске жеткен. Соңғы жылдары біліктілігімен көзге түсіп жүрген ұстаздар мен дарынды оқушылардың саны жылдан-жылға артып келеді.
– Мемлекет апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге баса көңіл бөліп отыр. Аудандағы ахуал қандай?
– Аудандағы мектептердің көбі осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Олардың талапқа сай емес екеніне тәуелсіздік жылдарында ғана мән беріле бастады. Еліміз тәуелсіздік алғалы 25 жылда республика бойынша елді мекендерде көптеген мектеп, балабақшалар бой көтерді. Соңғы 10 жыл ішінде Көшек батыр, Бөлтірік шешен, Тамабек, Есей би ауылдарында жаңа заманауи үлгідегі мектептер салынды. Биыл Қараой ауылында Бірлестік орта мектебі пайдалануға берілмек. Келер жылы Қасқабұлақ орта мектебінің іргесі қаланады. Әр ауылда жаңа балабақшалар ашылуда. Биыл облыстық және республикалық бюджеттен Алғабас орта мектебіне 24 856,0 мың теңге, М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектебіне 19 721,0 мың теңге, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияға 53 490,0 мың теңге, Ш.Смаханұлы атындағы орта мектебіне 22 098,0 мың теңге күрделі жөндеуге қаржы қарастырылып отыр.
Рас, ауданда тасымалмен оқыту мәселесі бар. 54 оқушы қаладағы М.Әуезов атындағы орта мектепке, 13 оқушы Ақтөбе елді мекенінен Қызыләуіт ауылындағы М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектепке тасымалданады. Көліктер жайлы. Техникалық жағдайын тексеріп отырамыз. Оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасалынған.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support