- Advertisement -

Апат айтып келмейді

83

- Advertisement -

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабиров БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Талғат Нұрғалиұлы айтып өткендей, өткен жылы жалпы 163 төтенше жағдай орын алып, 2015 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 20 пайызға артқан. Оқыс жағдайлардан 190 адам жараланып, 92 адам қаза болыпты. 37 адам суға кетсе, 11 адам газға уланып, 18 адам өрт оқиғалары кезінде мерт болған екен. Әрине, бұл тиісті сала өкілдері шарасыз отыр дегенді білдірмейді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көлік және табиғат апаттарынан келетін залалды азайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Өткен жылы негізгі мақсаттар мен іс-шаралар толық орындалған. Президент әкімшілігі басшысының, облыс әкімдігі алқасының, жедел кеңестердің хаттамалық кеңесі шешімдерімен аталған департаментке 235 тапсырма берілсе, олар бойынша нақты жұмыстар жүргізілген. Өткен жылы департамент бойынша 877 адам арнайы оқу-үйрену курстарынан өткен.
Халықты қорғауға бағытталған ең маңызды шара – туындаған төтенше жағдайды дер кезінде хабарлау болып табылады. Бүгінгі таңда бұл сала бойынша байланыс және құлақтандыру құрылғыларының тозығы жеткен екен. Бұл мәселе бойынша төтенше жағдайлар департаменті 2016-2026 жылдар аралығында кезең-кезеңімен хабардар ету жүйесін жаңғырту жобасын облыс әкімдігінің қарауына да ұсыныпты.
Өрт оқиғалары бойынша аталған департаменттің өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Әкімбаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы 708 өрт оқиғасы орын алып, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 пайызға кеміген екен. Өрттің 63 пайызы тұрғын үйлерде, 21 пайызы автокөліктердің жануына байланысты орын алыпты. 6 орман өрті орын алған, алайда одан айтарлықтай шығын болмаған. Дегенмен, 5 дала өртінің салдарынан 400 мың теңге залал шегу дерегі бар. Өрттің орын алуына себепші болған 194 азамат түрлі жазаға тартылған.
Өрттің зардабын, өртті болдырмау шаралары бойынша облыс аумағында 10 мыңға жуық оқушы қамтылған, 39 ашық есік күні және 11 интерактивті сабақ өткізілген.
Аталған департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Омар Такеев шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілгенін, «Қауіпсіз жаз» жобасы бойынша 410 балаға жүзу машығы үйретілгенін айтып өтті. Облыс аумағындағы қатерлі жерлерге шомылуға тыйым салынған 150-ден астам ескерту белгілері орнатылып, полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер де ұйымдастырылып, балықшылармен де арнайы әңгімелесу, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жаз бойы қауіпті жерлерде орын алған оқиғаларға байланысты төтенше жағдай қызметкерлері жедел жетіп, елуге жуық адамды апаттан құтқарып қалған екен. Дегенмен, жоғарыда көрсетілгендей, су апатынан мерт болған 37 адамның ішінде 19-ы мектеп жасындағы балалар болуы алаңдатады. Бұл ата-аналардың балаларын ешқашан назардан тыс қалдырмауы қажеттігін көрсетеді.
Жиын соңында БАҚ өкілдері өртке себепші болғандардың жазасы қандай болатыны, оқиға орын алған жерге өрт сөндірушілердің неге кешігіп жететіні жөнінде сұрақтар қойды. Бұл сауалдарға Талғат Сабиров жауап беріп, тілсіз жауға қасақана себепкер болғандар 3-5 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылатындарын айтты. Сондай-ақ, ол Тараз қаласында және жақын аудан орталықтарында болған өрт оқиғасына сөндірушілер 10-15 минутта жететініне, алыс ауылдарға барғанша 1 сағаттан астам уақыт кететініне, алдағы уақытта алыс ауылдардан да өрт сөндіру бекеттерінің құрылуы кезек күттірмейтін мәселе екендігіне тоқталды.

Есет ДОСАЛЫ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support