Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы халыққа қолайлы ма?

Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы халыққа қолайлы ма?
ашық дереккөз
Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы халыққа қолайлы ма?

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментіне қарасты 19 фронт-офис бар. Оның ішінде 5 қалалық, 12 аудандық, 1 ауылдық, 1 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары, Мойынқұм ауданындағы Шығанақ ауылында және Қордай ауданындағы Отар ауылында 2 сектор жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, Сортөбе және Бурыл ауылдарындағы пошталы байланыс бөлімшесі арқылы тұрғындар мемлекеттік қызметтер алуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған акционерлік қоғамының облыстық филиалы ХҚКО департаментінің директоры Данияр Медетбеков мәлімдеді. Журналистермен өткен брифингте ол өзге де мәліметтермен бөлісіп, департаменттің өткен жылғы атқарған жұмыстары туралы баяндады. – Өткен жылдың 7 сәуірінде халыққа қызмет көрсету, зейнетақы төлеу, жылжымайтын мүлік және жер кадастры ғылыми-өндірістік орталықтары сияқты төрт бірдей ірі құрылымды біріктірген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. Өңіріміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары былтырғы жылы барлығы 2 118 433 қызмет көрсетті. Оның ішіндегі 1 584 137 қызмет – электрондық үлгіде. Қазіргі таңда барлық бөлімдерде «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторлары жұмыс істеуде. Бұл сектордың негізгі мақсаты – халықты «Электрондық үкімет» порталының мүмкіншіліктерімен таныстырып, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы ақпараттық анықтамалар мен электрондық қызметтер алуға мүмкіндік жасау. 176864 тұрғын электрондық цифрлық қолтаңба алып, олардың барлығына өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында «Электрондық үкімет» порталында мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі түсіндірілді. Өткен жылы «Connection Point» секторында 309 335 электрондық анықтамалар берілді. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың қызметтерді алуы мақсатында орталықтың барлық бөлімшелерінде орналасқан қоғамдық қол жеткізу орындары бар. Шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандарда 9 мобильдік ХҚКО жұмыс атқаруда. Мобильді топ есепті мерзім ішінде елді мекендерге 1028 рет шығып, 37 283 құжат қабылдады, – деді Данияр Медетбеков. Сонымен қатар, ол аталмыш орталықта мүмкіндігі шектеулі адамдардың да мемлекеттік қызметтерді алуы үшін қажетті жағдайлар жасалуына баса мән берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әрбір бөлімшеде құжаттар қабылдауға арналған бөлек жұмыс орындары бөлініп, пандустар мен шақыру түймелері орнатылыпты. Облыстық филиал, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайтын «Асар» заңды тұлғалар бірлестігі арасында мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру мақсатында меморандумдарға қол қойылған. Ол ғана емес, «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне 1327 сапар ұйымдастырылып, ол бойынша барлығы 2585 қызмет көрсетілсе, ыммен сөйлесуді қажет ететін азаматтар үшін арнайы 42 қызметкер оқыту курстарынан өтіпті. Осы және әкімшілік кедергілерді азайту, азаматтардың уақытын үнемдеу бағытында атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға тоқ­талған Данияр Медетбеков журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға да жан-жақты жауаптар берді.

Жанғазы АХМЕТ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар