- Advertisement -

«Айналайындар, ажыраспаңдаршы!»

140

- Advertisement -

Әдеттегідей емес, бұл жолы Әнипа апаның өңі сынық. Жұмыстың түскі үзілісінде үйге соққан сайын көрші Әнипа апаны жиі кездестіремін. Қыс айы болса да сәл жылт еткен күннің көзін алданыш қылып, ауладағы орындыққа отырып алып, өткен-кеткеннің тілеуін тілеп отыратын осы бір кейуананы ерекше жақын тартушы едім. Бір үйде, бір қабатта пәтеріміз жапсарлас орналасқан көршім болғандықтан ғана емес, көрген сайын жылы жүзі, мейірім тұнған көздері кімді болса да өзіне баурап алатын әжеймен тек амандық-саулық сұрасып қана қоймай, аракідік әңгіменің де тізгінін ағытатынбыз. Бұл жолы да қанша асығыс жүрсем де әлденеге абыржулы, мұңды кейпін көре тұра сәлемдесіп қана өтіп кетуге ыңғайсызданып, таяп келіп, әжей отырған орындықтың бір шетіне жайғастым. Мән-жайды сұрағаным сол еді, әжей көз жасына ерік беріп, жан-сырын ақтара жөнелді.
– Балам, мен секілді кейуананың жайына алаңдаған сендей ұлдың тілеуін берсін. Несін айтайын, жолдасымнан қалған тұяқ деп, жүзіне жел тигізбей өсірген жалғыз ұлымның сүйген жары оңынан жолықпағаны жаныма батып жүр. Қит етсе шу шығарып, үш баласын төркініне ала қашудан шаршамады. Екі күн бұрын тағы да солай етіп, кештетіп кетіп қалды. Сондағысы болмашы нәрсені себеп етті. Ұлым да, перзенттерінің жай-күйіне алаңдап, екі ортада басы қатып жүр. Білмедім, бәлкім менің бірге тұрғанымды қаламай ма… – деп сөзінің аяғын жұтып, иегі кемсең қаққан кейуананы жұбатпақ болып: «Әже, уайымдамаңыз, ертең-ақ келініңіз келер. Бәрін түсінер» дей бергенім сол еді, әжей:
– Жоқ, ол енді келмейді. Біржола ажырасатынын айтып, сотқа шағымданып жатыр екен. Ұлым да соған көнгендей. Ал мен қазірдің өзінде немерелерімді уайымдап, сағынып отырмын. «Айналайындар, ажыраспаңдаршы!» деп қанша рет жалындым. Маған құлақ аспайды бәрібір. Олар ажырасуды оңай дей ме екен? – деп ауыр күрсінген әжейді алдарқатпақ болып әрнеден бір сыр тартқаныммен, өзім де қалың ойлардың құрсауына шырмалып қала бердім…

Үйленгендер азайып,
«үй бұзғандар» көбейген…

Қиын да емес, оңай да емес үй болу,
Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену.
Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның,
Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру.
Иә, осы бір ән сөздеріндей қарапайым түсініктерді бүгінгі отау құрған жастар жете түсінбей, кеше ғана уығы қадалған шаңырақтарын болмашы жайттарға бола шайқалтып жатқанын қазір жиі кездестіреміз. Ата-бабамыздың ойына кіріп шықпаған осы бір ажырасу ұғымын күн сайын естіп, көріп, біліп жатырмыз. Жоғарыдағы Әнипа әжейдің ұлы мен келіні арасында орын алған келеңсіздік ортамызда жиі көрініс тауып жатқаны белгілі. Ондай жан ауыртар жайттарға бүгінде ести-ести құлақ та, көре-көре көз де үйренген. Дегенмен, бұның арты жақсылыққа апарып соқпасы анық.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы еліміз бойынша барлығы 159 328 неке тіркелсе, 52 673 отбасы ажырасқан. Ал 2015 жылы 148 769 неке тіркелсе, 53 293 отбасы некесін бұзған. Әрбір 100 некеге 31 ажырасудан келіп отыр. 2014 жылғы көрсеткіштерге сүйенсек, ажырасу бойынша ең жоғары көрсеткіш Қостанай, Павлодар облыстарында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш Оңтүстік пен Батыс Қазақстан облыстарында. Ал сол ОҚО-мен іргелес жатсақ та, біздің облыстағы көрсеткіш те көңіл көншітпей отыр. Ол туралы бізге облыстық әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ләззат Әбішова айтып берді. Оның айтуынша, 2015 жылы облысымызда барлығы 8256 неке тіркелсе, 2403 отбасының ажырасуы орын алған. Сондай-ақ, өткен жылы 8231 неке тіркелсе, 2502 шаңырақ шайқалып, ортасына түскен. Яғни, отау құру көрсеткіші жыл сайын кемісе, керісінше, ажырасу деңгейі жыл санап артып бара жатыр.
Статистика жұптардың 27 пайызы 5-9 жыл, ал 15,1 пайызы 20 жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасатынын көрсетсе, ауыл тұрғындарының арасындағы ажырасу, қала тұрғындарымен салыстырғанда 2-3 есе төмен екендігі де белгілі болған.

Ажырасу
көрсеткіші бойынша…

Ұлыбританияның The Economist басылымы жариялаған «Әлем статистикасы» дерегі бойынша еліміз әлем бойынша ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерекке сенсек, мың адамға шаққанда Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші – 2,7-ге тең. Зерттеу нәтижесіне сай, бірінші орында 5,3 көрсеткішімен АҚШ иелігіндегі Гуам аралы тұр. Ал, көршіміз Ресей 4,7 көрсеткішімен екінші, 4,1 көрсеткішімен Беларусь мемлекеті үшінші орында. Алатаудың ар жағындағы құдайы көршіміз Қырғыз елі бұл тізімде 48-орыннан көрінген. Бұл елде мың адамға шаққандағы ажырасу – 1,7 болса, Қытайдыкі – 1,8 екен. Халқының саны жөнінен бізді он орап алатын елдің де алдына түсіп алғанымызға қарап, ажырасудан қаншалықты алға шығып кеткенімізді пайымдауға болатын секілді.
Некелері қиылғанымен, босағасы бекімей шаңырағы шайқалып, ажырасып жатқандар көбейіп барады. «Отбасының сақталуы үшін мемлекет тарапынан қолдау керек» дейді кей мамандар. Расында да, еліміздегі отбасы институтының құлдырағаны соншалық бүгінде ерлі-зайыптылар арасында жаға ұстатарлық оқиғалар көбейген. Ері әйелін өртей салу, өлтіруге тапсырыс беру, бірін-бірі пышақтап тастау түк болмай барады. Статистикалық мәліметтер бір жыл ішінде отау құрғандардың үштен бірі ажырасып кетеді деп отыр. Соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 300 мыңдайы ажырасып үлгерген. Яғни, қиылған некенің шамамен жартысы жойылған деуге болады.
Зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша маскүнемдікпен 41 пайыз, баспананың жоқтығынан 26 пайыз, бала көтере алмаудан 8 пайыз, ата-аналардың араласуынан 14 пайыз, бас бостандығынан айырылғандықтан 2 пайыз, ұзақ уақыт бөлек тұру себептерінен отбасылардың 6 пайызы некесін бұзып тынады. Және әрбір 15 секунд сайын әлемде бір отбасының шаңырағы шайқалады екен.

Келін мен ене тату болса…

Жастар санасының саяздығы дейміз бе, әлде «ажырасты» дегенге таңғалмайтын қазіргі қоғам тілінде «табиғат заңдылығы», не «тағдыр жазуы» дегенге саямыз ба, белгісіз. Әйтеуір бізге аяны, салт басты еркек пен басы бос әйелдің саны артты. Салт бастылардың көбеюі салтымызда жоқ еді ғой. Осы күрмеуі қиын мәселенің себептері төңірегінде төрт-бес келін түсіріп, олармен тату-тәтті шаңырақтың ұйытқысы болып отырған көп балалы аналар мен келіндер арасында сауалнама жүргізіп едік. Олардың негізгі жауаптары төмендегідей болды.
– Үлкендердің үкілі үмітін ақтап тұрмысқа шығып, басқа үйдің түтінін түтетуге бет алған соң, жолы нәзік қыздың алдағы мақсаты – барған жердің бағы, сол шаңырақтың жаны болуға тырысудан басталу қажет. Айтуға жеңіл, әрине, дегенмен салтымыздағы үрдіс осы. Келіннің орны босағада болады. Өзінің жөнін, өзінің орнын білетін келін уақыт өте бәрінің көңілінен шығады. Басқа босағаға келін болып түскеннен тектілігі мен ептілігін көрсетуге тырысу керек. Ал бүгінгі таңда көңілі күпті, күншілдік пен қанағатсыздық бойын билеген келіндер мен жатыпішер, жалқаулық пен намыссыздыққа бой алдырған күйеулер көбейді. Шөптің басын қимылдатып, ақша таппайтын жалқау ерлердің бірқатарын өз маңайымыздан көріп те жүрміз. Тап солай, беттен алып төске шабатын, енесімен ерегісіп, қайынжұртпен керілдесіп отыратын келіндер де жоқ емес. Ерінің тапқан аз-маз қаржысын қанағат тұтпай, аспандағы айды әпер дейтін нәзікжандылар да бар, – дейді Тараз қаласының тұрғыны зейнеткер Қадіркүл Мантенова.
– Әр мәселенің екі ұшы барын ескерсек, бұл ретте жаңадан шаңырақ құрып, араға тағы бір кіші мемлекет қосылған соң, сол мемлекеттің құламауына, ыдырап қирамауына үлкендер жағы, тәжірибелі жандар септесуі керек-ақ. Осы мәселеде келінге күн бермейтін енелердің де дені артып келе жатқанын айтып өткен маңызды. Біреудің аялы алақанында өсірген қызын үйіне келін етіп түсірген соң, оның осы шаңыраққа кірігіп, өзгелермен бірігіп кетуі үшін аянбай жағдай жасайтын ардақты енелер болса, шаңырақтың құламауы бек мүмкін ғой. Мен өзім сондай енеге жолықтым деп ойлаймын. Енем өмірден озғанша қолында тұрдым. Күйеуім ортаншы ұл болса да, қара шаңырақта қалуды жөн деп білдік. Қария деген қазына ғой. Ата-енем көзі тірісінде көп нәрсе үйретіп кетті. Көп ағайынды отбасыға келін болып түстім. Қазір өзім де көп балалы анамын, – дейді жуалылық бес ұл-қыздың анасы Дариға Өндірбаева.

Әкесіз балалар көбеймесін

Шариғатқа сүйенсек, Ислам діні де ажырасқанды құптамайды. Адамды ізгілікке бастайтын ізгі істер жасауға итермелейтін асыл дінімізде отбасы құндылығы алғашқы орынға шығатыны сөзсіз.
– Жалпы, ажырасудың негізгі себептерінің бірі – ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне селқос қарауында. Олардың бір-бірінің алдында міндеттері бар. Ердің жары мен бала-шағасы алдындағы міндеті – тамағын, киімін, жалпы, қажеттіліктерін халалдан қамтамасыз ету, балаларын тәрбиелеу. Ал әйелдің ері алдындағы міндеті – отбасы шаруаларымен айналысып, бала-шағасын тәрбиелеу, күйеуіне мойынсұну. Осы орайда, нәзік жандылардың барлығы күйеулеріне мойынсұнып жатыр, ерлер өз міндеттерін орындап жүр деп айта аламыз ба?! Ислам ерлі-зайыптылардың міндеттерін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай алмай келеміз.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жәннат аналардың аяғының астында», деген. Яғни, жұмаққа кіргіміз келсе, әркім өз анасын, әйелін сыйлап, құрметтеуі тиіс. Сондай-ақ, ер кісіге әйелі мен бала-шағасы Алланың берген аманаты. Аманатқа қиянат жасасақ, Жаратушымыз алдында ақырет күні қалай жауап бермекпіз? – дейді ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев.
Иә, екі жас шаңырақ көтергеннен кейін олардың әрқайсысына белгілі бір талаптар жүктеледі. Ер адам – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі. Әйел – үйдің берекесін сақтаушы, түтінін түтетіп, ұрпағын өрбітуші. Алайда, айрандай ұйыған отбасының шаңырағының шайқалуының залалы көп. Бұл туралы өңірімізге белгілі психолог Әлия Сарымбетоваға хабарласқанымызда, ол: «Ажырасудың салдарынан демографиялық өсім төмендейді, бала тәрбиесі нашарлайды, әкесіз балалар көбейеді. Ажырасудан кейін кейбіреулер психикалық ауруға душар болса, соңы суицидке апарып соқтырады. Бұл жағдайды болдырмау үшін қазақы тәрбиеге жат қылықтан бойымызды аулақ ұстау керек шығар. Отбасы тыныштығын сақтау ерге де, әйелге де жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де асқан жауапкершілік керек. Көбіне жастар өмірлік серіктерін таңдаған кезде ертеңгі күндерін онша бағамдай бермейді», – дей келе, неке бұзылу жағдайындағы күйзелісте көбіне әйелдер психологтардың көмегіне жүгінетінін жеткізді.

Р.S:

Қалай десек те, бұл мәселедегі статистика көрсеткіші жанымызға батары хақ. Оның сан түрлі себептері мен сылтауларын тізіп, ақыл айту әлбетте қиын емес. Алайда, ел болып елеңдейтін, жұрт болып жұмылатын бұл келеңсіздікпен нақты тиісті шаралар арқылы күресуді бүгіннен бастамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Өйткені, алимент әке бола алмайтынын, бақыт қайта айналып қона алмайтынын ұғынбайтын кейбір жастар ашу үстінде ақ некелерін аяқ асты етуден тайынар емес. Мемлекетіміздің іргесі берік, шаңырағы шайқалмасын десек, әркім өз отбасына ие болып, тату-тәтті өмір сүруі қажет. Өйткені, Отан – отбасынан басталады… Әңгімеміздің соңын жоғарыдағы кейіпкер Әнипа әжейдің «Айналайындар, ажыраспаңдаршы!» деген бір ауыз мейірімді сөзімен аяқтағымыз келеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support