Мадридтің «Реалы» «Барселонаның» рекордын бұзды

Мадридтің «Реалы»  «Барселонаның» рекордын бұзды
ашық дереккөз
Мадридтің «Реалы» «Барселонаның» рекордын бұзды

Өткен маусым бел ортасына таяған тұста Мадридтің «Реал» командасының тізгінін әйгілі футбол жұлдызы Зинедин Зидан қолына алды. Ол маусымды сәтсіз бастаған Рафаэль Бенитестің орнына келген болатын. Тұңғыш рет жұлдызды клубтың бас бапкері қызметіне кіріскен Зиданға сын көзбен қараушылар көп болды. Бірақ... Иә, Зинедин Зидан бас бапкерлік қызметке кірісе салысымен «Реалды» өрге сүйреді. Алғашқы маусымның қалған жарты бөлігін жоғары деңгейде өткізген «Реал» Зиданмен бірге УЕФА чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, супер кубокті де иеленді. Сондай-ақ, Мадридтің «Реалы» клубтар арасындағы әлем чемпионатында да топ жарды. Сонымен қатар, Зидан бапкерлік қызметке жайғасқан мерзім ішінде өзге топтар клубтарының жаттықтырушыларына қарағанда ең көп ұпай жинап үлгерген. Француз оғланы «Реалды» жаттықтырған қысқа мерзім бедерінде команданың басты жұлдызы Криштиану Роналду Еуропаның үздігі атанып, кейіннен төртінші мәрте Алтын допты қанжығасына байлады. Таяуда Роналду FIFA тағайындайтын жылдың үздік ойыншысы атағына ие болды. Қысқасы, Зидан «Реалдың» ойынына жаңаша екпін берді. Енді, міне, 39 ойын бойы жеңілмеген «Барселонаның» рекордына түзету енгізді. «Реал» Мадрид командасы барлық турнирлерді қоса есептегенде 40 ойын бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Король кубогінің соңғы екі ойынында ішкі біріншілікте екінші орында келе жатқан «Севильяны» алдымен 3:0 есебімен ұтқан «Реал» қарымта кездесуде 3:3 есебімен тең түсіп, «Барселонаны» артта қалдырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар