- Advertisement -

Сағынышым қалай, қайтіп басылар?

159

- Advertisement -

Әркімге ата-анасы ардақты болар. Мен де бүгін өзімнің өмірдегі ең асыл адамдарым – әке-шешеміз туралы толғанбақпын. Олар бір ғана әулетке ғана емес, ауылға ардақты кісілер еді. Құдайдың қалауымен екеуі де ұзақ жасады. Елдің алғысы, ақ тілеуі де көсегелерін көгерткен болар.
1986 жылы аудандық газетке әкеме арналған өлеңім жарық көрді. Өзі екі шумақ қана.
Әке, қатулы екен қабағың,
Қай қылығы ұнамады балаңның.
Ой торына шырмалдың-ау әсте сен,
Бір нүктеге қадалыпты жанарың.

Жетпіс жастың аттап алты асқарын,
Ала жібін аттамадың басқаның.
Әділетті серік етіп өзіңе,
Жақсылықты жастық етіп жастандың.

Әлгі өлеңнің ұзын-ырғасы осы. Өлеңді оқып шыққан әкемнің қуанышында шек болған жоқ сол сәтте. Мейірленіп маңдайымнан сүйіп, «Бағың жансын, балам!» деп берген батасын осы күні сағынышпен еске аламын. Жоғарыдағы менің өлеңім бәлкім көркемдік жағынан төмен шығар. Бірақ, әкеге деген перзентінің адал көңілі, риясыз ниеті, құрметі екені анық. «Ала жібін аттамадың басқаның» деуім де бекер емес. Әкем Оспан Еспенбетұлы кеңшарда (совхоз) қырық жыл есепші болған кісі. Сол кезде жан адамға қылдай қиянаты болмағанын ауылдастары таласып айтатын. Себебі, КСРО дәуірінің өзінде де әкеміз мұсылманшылығын ұмытпаған, Құранды ұлықтаған кісі еді. Уақыт тауып Құранды оқып, имандылықты ұстанып өткен адам еді. Ауылдың қазіргі бас имамы Қали Әбдірәсілұлы да әкемнің имандылық қасиеттерін жиі айтып, бағалап отырады. Әкеміз ұл-қыздарына жақсы тәлім берумен қатар, бүкіл ауылға ізгілігін тарата білген баршаның ұстазындай адам болатын.
Ал анамыз Әсия Бөпетайқызы он саусағынан өнері тамған тоқымашы еді. Ол кісінің қолынан шыққан бау-басқұр, желбау, шашақ сияқты киіз үйдің ою-өрнектері ауылымыздағы әр үйден табылады. Олар менің көзіме анамның көзіндей болып оттай басылады. Сағынышымды үдетеді. Қиналсам да, соның өзі жақсы ма деп ойлаймын. Анамнан қалған қолтаңба емес пе, олар! Ол ол ма, анамның ақындығы бір төбе еді ғой. Суырыпсалма ақын болатын. Ауылдағы үйлену, беташар, бесікке салу, сүндет, тілашар тойлар анамның жырыменен ашылатын. Анамның өмір мәніне бойлаған, тағылымды өлеңдері де есімде қалыпты.

Бірталай заман өтті мен туғалы,
Кәріппін кеткендердің жұртындағы.
Отырсам орнымнан тұра алмаймын,
Обамын әр төбенің жолындағы.
Өмірдің байқамадым өткенін де,
Аяңдап кәріліктің жеткенін де.
Сексеннің желкесінен қарғып өтіп,
Тоқсанның келіп тұрмын өткеліне.
Ажал-ай, ақылды естен тандырарсың,
Шіркін көз жан шыққанша жәудірерсің.
Өрмекте ойнақтаған он саусағым,
Бір күні бөз қалтада саудырарсың.

Сұм жалған қызығыңа тоя алам ба,
Ажалды ойлағанды қоя алам ба.
Бір күні мәңгілікке көзімді жұмсам,
Не жағдай жасалса да оянам ба? – деп толғанып кетуші еді анам.

«Жар жақсы, баладан да, бауырдан да,
Басыңды сол сүйейді ауырғанда.
Төрелеп төрге шығып кетсем-дағы,
Қазасы қиын болды бауырдан да», – деп жырлаған да біздің анамыз еді, осы шумақ көпшіліктің арасына нақыл шумақ боп тарап кетті.
Асыл әкеміз 1995 жылы 86 жасында, ардақты анамыз 2012 жылы 92 жасында бақилық болды. Бұл кісілердің 8 ұл-қызынан 38 немере, 29 шөбере тарап отыр. Жатқан жерлерің жайлы, барар жерлерің жұмақ болғай асылдарым, қадірлі қос бәйтерегім! Біз сіздерді бір сәт естен шығармай сағынумен келеміз. Сіздерді сағынып жүрмін!

Күнсұлу Оспанқызы,

Қызыләуіт ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support