- Advertisement -

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар 2016 жылы қандай белестерді бағындырды

81

- Advertisement -

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін 2016 жыл табыспен аяқталды деп айтуға толық құқығымыз бар. Бұл жылы қазақ кәсіпқой боксында жаңа чемпиондар мен жаңа есімдер пайда болды. 13 салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшылар саны 62-ге жетті. Соның ішінде Головкин өнер көрсететін орта салмақ дәрежесінде 14 боксшымыз бар. 2016 жылы барлық салмақ дәрежелерін қосқанда 29 қазақстандық жаңа боксшы қосылды. Атап айтар болсақ, елге есімдері белгілі Руслан Мырсатаев аса ауыр салмақта, ал Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақта, Астана арландарысапында болған Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақта өнер көрсетті. Бірінші орта салмақта Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0,1 КО) осы жылы дебюттік жекпе-жегінде қытайлық қарсыласын жеңіп, WBA Қытай чемпионы атанды. Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) 2016 жылы 2 кездесу өткізіп, чемпиондық белдіктерін қорғап қалды. Оның келесі қарсыласы орта салмақтағы WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Дэниэл Джейкобс болмақ. Головкин келесі жылы Сауль Альварес және кіші Хулио Сезар Чавеспен де қолғап түйістіруі мұмкін. Қанат Ислам (22-0, 18 КО) биыл екі кездесу өткізіп, Алматы қаласындағы бокс кешінде қарсыласын ұпай саны бойынша жеңді. Осы жекпе-жекте Қанат WBO Inter-Continental және UBC әлем чемпионы белдігін иеленіп, WBA Fedelatin титулын сақтап қалды. Бұл жетістік Қанатты өз салмақ дәрежесі бойынша WBA және WBO рейтингінің 5 орнына жайғасуына мұмкіндік берді. Ал оның алдағы кездесуі келесі жылы АҚШ-та болады деп күтілуде. Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО) 2016 жылы бір кездесу өткізді. Жартылай ауыр салмақтағы титулдарынан айырылғаннан кейін Бейбіт бірінші орта салмақты бағындыра бастады. 2015 жылы бірінші ауыр салмақтағы алғашқы кездесуінде WBA уақытша чемпионы атағын жеңіп алып, биылғы кездесуінде белдікті сәтті қорғап, WBA тұрақты әлем чемпионы дәрежесіне көтерілді. Бірінші ауыр салмақтағы IBO Inter-Continental титулының чемпионы Иса Ақбербаев 2016 жылғы ұшінші кездесуіне дайындық кезінде жарақат алып қалды. Желтоқсан айының жиырма төртінші жұлдызына жоспарланған жекпе-жекте ол хорват Кристиан Крстачичпен WBC International Silver титулдық жекпе-жекіне дайындалып жатқан еді. Ақбербаев соңғы кездесуінде GBC(Global Boxing Council cruiserweight title) чемпиондық титулын иеленген болатын. WBA уақытша чемпионы Жанат Жақиянов (26-1,18 КО) 2016 жылы жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ. Алайда Жақиянов алдағы 2017 жылдың 10 ақпанында бірден WBA (Super) және IBO титулы ұшін айқасатын болады. Астана арландарының бұрынғы мүшесі Мадияр Ашкеев (7-0, 3 КО) жалпы өткізген 7 кездесуінің 6 жекпе — жегін 2016 жылы өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Жартылай орта салмақта Бахтияр Эюбов (11-0,10 КО) осы жылы 2 кездесу өткізіп жалпы 11 жекпе-жекте жеңіліп көрмеген. Бахтиярдың 12 кездесуі келесі жылы 22 қаңтар АҚШ-та өтеді деп күтілуде. Қарсыласы әзірше белгісіз. Жанқош Тұраров (20-0,14 КО) биыл үш кездесу өткізіп, NBA нұсқасы бойынша жартылай орташа салмақта әлем чемпионы титулын жеңіп алды. Бірінші жартылай орта салмақтағы жерлесіміз Батыржан Жүкембаев (7-0, 6 КО) осы жылы канадада қатарынан 7 кездесу өткізіп барлығында жеңіске жетті. 8 жекпе-жегі 28 ақпан Канадада өтетіні белгілі. Бірінші жеңіл салмақта өнер көрсетіп жұрген жерлесіміз, WBA NABA титулының иегері Бекман Сойлыбаев (9-,4 КО) биыл бір кездесу өткізіп WBC EPBC чемпиондық белбеуін жеңіп алды. 2016 жылы жалпы қазақстандық боксшылар сәтті кездесулер өткізіп, қазақ боксын тың деңгейге көтерді. Әуесқой бокста да жетістіктеріміз бар, Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарына ұлттық құрамамыз толық құраммен аттанып, 1 алтын және екі күміс еншіледі. 2017 жылы  Қазақстан кәсіпқой боксшыларының тың биіктерден көрінуіне тілекшіміз.

ақпарат көзі: kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support